Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс орталығында өткен «AI және лингвистика: цифрлық синергия дәуірі» атты форумда айтты.
Мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістікте дамуы мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне арналған жиындағы сөзінде өңірде тіл саясатын ілгерілету шараларына және жобалар мен жоспарларға тоқталды. Ана тілімізді жаңа технологиямен астастыра дамытудың мән-маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы: «ЖИ технологияларын дамыту және оларды жан-жақты енгізу — еліміздің басты стратегиялық басымдықтарының бірі», — деген болатын. Қазір ЖИ тек технологиялық жаңғыру емес, ол тіл саясатына, білім беру жүйесіне, мемлекеттік басқару сапасына тікелей әсер ететін құралға айналып отыр. Қазір әлемде тілді дамыту оқулықпен ғана емес, алгоритмдік деректермен, цифрлық шешімдермен өлшенеді. ЖИ қазақ тілінің функциялық әлеуетін кеңейіп, оны технологияның және цифрлық экономиканың тіліне айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл — мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты шарты», — дейді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы ең маңызды мүмкіндіктердің бірі — сапалы тілдік деректер қорын қалыптастыру. Өйткені ЖИ кеңістігі тілдің көлемімен емес, мазмұнының сапасы мен терминологиялық дәлдігімен және стильдік байлығымен өлшенеді. Бұл үшін тіл мамандары мен ІТ саласы өкілдерін ынымақтастыру зор мәнге ие.
«Қостанай облысында тілдерді оқыту орталықтарының контенттерін цифрландыру, қазақ тіліндегі оқу және кәсіби мәтіндерді бірыңғай базаға жинақтау, ЖИ негізіндегі тілдік сервистерді пилоттық режимде енгізу, мемлекеттік қызметшілерге арналған қазақ тіліндегі цифрлық көмекші құралдарды пайдалану жоспарланып отыр. Мақсатымыз — ЖИ-ді тілге бейімдеу ғана емес, қазақ тілін ЖИ тіліне айналдыру», — деді Бақытжан Нарымбетов.




Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев
