Қостанай облысының Шолақсай ауылы тарихы терең мекен. Қазаққа келген қай нәубет болмасын бұл мекенді айналып өтпеді. Айталық, 19-20 ғасырдағы қиын-қыстау кезеңдер, жер аудару саясаты, 1914 жылғы соғыс, 1917 жылғы дүрбелең, «халық жауы» атанған зұлматты жылдар және қырқыншы жылдардағы қанды қырғын сияқты күрделі дәуірді бастан өткерген.
Осы ауыр да қилы тарихты ұмытпай, оны куәгерлердің аузынан хаттап, келер ұрпаққа жеткізуді азаматтық парыз деп білген ел жанашыры Өмірзақ Ихтиляпов осыдан бірер жыл бұрын туған жерінің тарихы турасында кітап жазып шыққан еді.
«Шолаксай: загадки и свидетельства истории» атты туындысы жақында белгілі қаламгер Олжас Сүлейменовтің қолына тиіпті. Әлем таныған тұлға жылы лебізін білдіріп, ел азаматының еңбегіне зор баға берген.

Қаламгер өз пікірін қағаз бетіне түсіріп, Алматы қалалық кітапханалар жүйесі директорының кеңесшісі, науырзымдық Бақытжамал Қайырбекқызына аманаттапты.
Ақын ел жанашыры туралы мынадай пікір білдіріпті:
«…Ол өзінің туған ауылының дамуы үшін қиын кездердің өзінде қолынан келгеннің бәрін істеді.Әсіресе оның өмірлік қағидатына айналған мына сөзі ерекше есімде: «Қолыңнан келіп тұрса – адамға көмектес!». Жас ұрпақ осындай тағылымды істен үлгі алып өсуі керек. Сонда осы жерді Отаным білген деп білген әр адамға Қазақстан құтты мекен болып қала бермек. Халықтың шынайы достығы мен жақындастығы өркендеуге бастайды. Солай болады деп үміттенемін!ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры Олжас Сүлейменов», – деп жазған.
Бақытжамал апамыз Қостанайға келіп, Өмірзақ Бекділдәұлына тұлғаның қағазға түсірген пікірі мен тағы бір марапат «Ел жанашыры» төсбелгісін арнайы тапсырды. Бұл төсбелгіні Қостанай облысы бойынша Өмірзақ Бекділдаұлы алғашқылардың бірі болып иеленіп отыр.

«Түрлі нәубеті, тағдырлы тарихты көзбен көрген, жүрекпен сезінген аға буын бар кезде, олардың естелігін қағазға түсіру азаматтық парызым деп білдім. Сол оймен ауылдың көнекөз қарияларымен сөйлесіп, соғыс көрген, қиындықты бастан өткерген жандардың өмірбаянын жинадым. Айтылған әңгімелерді жүйеледім. Тағдыр тауқыметін көрген әулеттің ішінде өзімнің де отбасым бар. Яғни, менің жеке тағдырыммен де сабақтас. Отбасымыздың көрген қиындығы, әкемнің тағдыры, нағашы жұртымның соғыс жылдарындағы қасіреті осы еңбекке енгізілді. Нәтижесінде Шолақсай ауылының 120 жылдығына орай кітап жарық көрді. Бұл бір ғана ауылдың емес, тұтас бір халықтың басынан өткен тарихтың көрінісі.Кітап уақыт өте түрлі елдерге тарады. Қорған облысының губернаторына, Германияға дейін жетті. Тағдырдың жазуымен бұл еңбек белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтің қолына тиген. Ол кісі кітапты аса қызығушылықпен қарап шығып, өз бағасын беріп, пікір жазған. Бүгін сол пікір, Олжекеңнің осы кітап туралы жазған жылы лебізі маған аманат ретінде табысталды. Әлемге танылған, қазақ қана емес, күллі адамзат мойындаған тұлғаның осы еңбегіме берген жоғары бағасы– мен үшін ең қымбат, ең бағалы дүние», – дейді кітап авторы, Қостанай облысының құрметті азаматы Өмірзақ Ихтиляпов.
Сондай-ақ Өмірзақ Бекділдаұлының елге, жерге сіңірген еңбегі еленіп,«Ел жанашыры» марапатына лайық деп танылды. Азаматқа бұл марапатты да Бақытжамал Қайырбекқызы арнайы жеткізіп, табыс етті.
Бақытжамал Қайырбекқызы өз сөзінде: «Қостанай облысынан мұндай марапатқа ұсынылған азаматтың болуы біз үшін зор мақтаныш. Бүгін Өмірзақ ағаға тек медаль ғана емес, Олжас Сүлейменовтің қолтаңбасы қойылған кітабы мен жылы лебізі де табыс етілді. Бұл – бір адамның еңбегіне берілген баға ғана емес, тұтас ауыл тарихынакөрсетілген құрмет», – деп атап өтті.
Бақытжамал Қайырбекқызы осы жыл мазмұны мен маңызы жағынан ерекше болғанын айтады. Өйткені ел тарихына, туған жер тағдырына бейжай қарамай, оны ұрпаққа аманаттаған азаматтардың еңбегі еленіп отыр.
«Күрделі тарихты ұмыт қалдырмай, көзкөрген қариялар бар кезде олардың естеліктерін жинап, әр отбасының, әр адамның өмір жолын қағазға түсіру – үлкен азаматтық жауапкершілік. Өмірзақ аға осы жауапкершілікті терең сезініп, ақпарат жинақтап құнды кітапты жарыққа шығарды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері, әлемге танымал тұлға Олжас Сүлейменовке кітапты мен өз қолыммен табыстаған едім. Олжас Омарұлы бұл еңбекті жоғары бағалап, жүрекжарды пікір жазды. Олжас Омарұлы арнайы аманаттап еді. Мен үшін ең қымбат дүние, дәл осы пікірді Өмірзақ ағаға табыстауым», – дейді қоғам қайраткері Бақытжамал Қайырбекқызы.
Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы болып жариялануы қоғам үшін аса маңызды әрі мәні терең шешім болып тұр. Бастама қоғамда еңбекке деген әділ көзқарасты қалыптастырып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған қадам ретінде бағаланды. Шын мәнінде, еңбек адамы экономиканың ғана емес, ел рухының тірегі. Сол еңбегі үшін де Өмірзақ Бекділдәұлы «Ел жанашыры» төсбелгісіне ие болып отыр. Ел жанашыры, Іскер әйелдер төрайымы Зәмзагүл Асанова бейнүндеу жолдап, марапат иесін құттықтады.
«Тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінге дейін Қазақстанның дамуына адал еңбегімен үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі – тарихтың ажырамас бөлігі.Президент үндеуін іске асыру жолында еңбекқорлықты, нағыз маман болу идеясын насихаттау – ортақ міндет. Осындай елеулі еңбегімен елге танылған азаматтардың бірі Қостанай облысының, Науырзым ауданының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығының ардагері, танымал меценат Ихтилапов Өмірзақ Бекділдәұлы өзіңізсіз. Миллиондаған халықтың арасынан сіздің еңбегіңіз ел назарынан тыс қалған жоқ. Сіздің ауыл шаруашылығын дамытуға, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға қосқан үлесіңіз жоғары бағаланып, «Ел жанашыры» медаліне лайық деп танылды.Аталған марапатты табыстау рәсімі қоғам қайраткері, мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның құрметті кітапханашысы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» және ТҮРКСОЙ ұйымының «Мерей» медальдарының иегері, еңбек ардагері Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызынааманат еткен едік. Жеткізіп бергеніне қуаныштымыз», – дейді Зәмзагүл Асанова.
Өмірзақ Бекділдаұлына көрсетілген құрмет бүкіл еңбек адамдарының абыройын асқақтатқан игі қадам деуге әбден болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
