Қостанай облысында үздік 52 оқушы марапатталды

Қостанай облысында үздік 52 оқушы марапатталды

Қостанай облысы бойынша оқу жылы сәтті аяқталды. Өңірдің 52 оқушысы 10 алтын, 16 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, Президенттік, Республикалық олимпиада және жоба конкурстарының жүлдегерлері атанды.

Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалаларының, Қостанай, Меңдіқара аудандары мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушылары Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікованың қолынан марапат алды.

Биыл оқу жылында ауыл мектептерінің оқушылары республикалық олимпиадада ағылшын және қазақ тілдерінен алтын және күміс медальға қол жеткізіп, жақсы нәтиже көрсетті. Данагүл Сүйіндікова салтанатты рәсімге қатысушыларды оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтап сөз сөйледі:

«Республикалық олимпиада мен Республикалық жоба конкурсында қол жеткізілген әрбір медаль, – бір мақсатқа тоғысқан оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар құрамының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, сабағына ғана емес, сонымен қатар балаларды олимпиадаларға дайындауға да уақыт тауып жүрген және шәкірттерінің жобалары республикалық, халықаралық деңгейде жоғары бағаланған ұстаздарға да ерекше алғыс айтқым келеді», – деді ол.

Олимпиада және жобалар конкурсының жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі медальдарының, дипломдарының, сондай-ақ 100 000, 75 000 және 50 000 теңге сомасына сертификаттардың иегерлері атанды. Олимпиадалар мен жобалар конкурсының жүлдегерлерін дайындаған педагогтарға облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Жаңалықтармен бөлісу