Қостанайда көрнекті ақын Серікбай Оспанұлының жаңа туындысының тұсауы кесілді. Өлең жинағы Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада таныстырылды.
Кітаптың тұсаукесеріне Қостанай өңірінің зиялы қауым өкілдері, ақынның оқырмандары жиналды. Әбутәліп Әмір, Абылай Мауданов, Жандос Жүсіпбек, Асылан Қанғожин сынды ақын-жазушылар, ізбасар іні-қарындастары қуанышын бөлісе келді. Осы кітапты басып шығарған «Қарлығаш» баспасының иесі, қаламгер Әбутәліп Әмір іс-шара тізгінін ұстады. Оқырман қауымға ақын шығармашылығынан, өнелегі өмірінен сыр шертіп, осынау еңбегінің мән-мазмұнына тоқталды.
Кітап кермежібін қию құрметін ақын, «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Асылан Қанғожинге ұсынылды.

«Әбутәліп ер екен, сөзінде тұрды. Биыл менің 80 жылдық мерейтойыма арналып осы кітапханада өткен іс-шарада: «Аға, бір кітабыңызды шығарып беру – менің мойнымда», – деген болатын. Міне, көп күттірмей уәдесін орындап, бүгін 50 кітапты тарту етіп отыр. Бұл Әбутәліптің алғашқы тартуы емес, бұған дейін де көптеген қаламгердің кітаптарының жарық көруіне көмектесті. Нағыз сөз өнерінің жанашыры», – деп алғысын білдірді.

Бұдан соң лебіз-тілек легін шәкірттері жалғастырып әкетті. Ақын, сатирик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов Серікбай ағамызға осыдан 20 жыл бұрын арнап жазған өлеңін оқып беріп, құттықтауын жеткізді.
Асылан Қанғожин де ақынға ақ тілегін жолдай келіп, жаңа кітаптан бір-екі өлеңді көрерменге көркемдеп оқып берді. Ақын, журналист Жандос Жүсіпбек те Серікбай Оспанұлы өлеңдерінің өзгеден ерекше өрнегі бар екенін, ағамыздың еңбекқор, ізденімпаз, сезімтал, аңғарғыш, поэзияға адалдығы жөнінде сөз айтты. 
Кітап авторы қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін оқыды. Оқырмандар да жылы лебіздерін айтып, соңында естелік суретке түсті.

Олжас Ғабдімәлік,
ҚӨУ студенті
