Майлин ауданында қазақ тілін үйренуге ниетті тұрғындар көбейе түскен

Майлин ауданында қазақ тілін үйренуге ниетті тұрғындар көбейе түскен

Бейімбет Майлин ауданындағы Тілдерді оқыту орталығы – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірегей мекеме. Соңғы уақытта қазақша үйренуге құлшынысы оянып, орталыққа жүгінетін жас та, жасамыс та көбейген. Тұрақты жобалар да, жаңа жоспарлар да бар.

Бұл орталық 2012 жылдың наурыз айында құрылған. Содан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Ашылған күннен бастап, мұнда мыңдаған тұрғын қазақ, ағылшын тілдерін меңгеріп, тіл білу дағдыларын дамытты. Ал қазіргі таңда орталықта 440 адам білім алып жатыр. Оның 344-і – қазақ тілін, 96-сы – ағылшын тілін үйреніп жүр. Курстар ересектерге арналғандықтан, оқыту бағдарламасы да, оған қабылдау жүйесі де өзгеше. Сабақтар ҚР Мәдениет министрлігі бекіткен A1, A2, В1, В2, С деңгейлеріне негізделген арнайы оқулықтар бойынша өтеді.

Аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Жанат Нұғыманованың айтуынша, білім беру үдерісі кезең-кезеңмен жүргізіліп, әр модуль аяқталғаннан кейін тест алынады. Дәстүрлі сабақтармен қатар, ойын арқылы оқыту, сөйлесім дағдыларын дамытуға бағытталған шеберлік сағаттары жиі өткізіледі. Тілдерді оқыту орталығы заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл – оқыту сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар деген сөз.

            «Бізге мемлекеттік қызметкерлер де, ауыл тұрғындары да, яғни қарапайым өмірде тілді меңгергісі келетін азаматтар да келеді. Тіл үйренуге деген ниет бар, тек көпшіліктің басты мәселесі – уақыт тапшылығы. Сол үшін алдағы уақытта тиімді, қысқа форматтағы жаңа жобаларды іске қоспақпыз», – дейді бөлім басшысы.

Орталықта 11 білікті оқытушы жұмыс істейді. Соңғы жылдары тіл үйренушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында бірнеше клуб ашылған. Олар:

— «Сөйле Time» – аудан жастарын арналған клуб;

— «Замандастар» – ересектерге, зейнеткерлер мен декреттегі аналарға арналған клуб;

— «Жас қазақ» – WhatsApp арқылы жұмыс істейтін онлайн топ. Мұнда көбіне өзге этнос өкілдері қазақ тілін үйренеді. Тілді тез үйрену жолдарын жақсы меңгерген Владислав сынды жастар кеңес береді, үй тапсырмалары беріледі. Топқа жаңа адам тарту бойынша шағын мотивациялық сыйлықтар ұсынылады.blank

Соңғы жылдары жастар арасында қазақша сөйлеу трендке айналған. Шетелге шыққан күннің өзінде ана тілін қолдану сәнді әрі мәртебелі саналады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұл тілдің қоғамдағы орнын көтеруге үлкен серпін беріп отыр. Қазіргі таңда орталыққа келушілер саны алғашқы кездегіден анағұрлым көп. Бұл да тұрғындардың тіл үйренуге деген талпынысының оянғанына айқын дәлел.blank

             «Біздің мақсат – адам санын көбейту емес. Ең маңыздысы – келген әрбір адамның үйреніп, бір қадам алға жылжуы. Бір әріп, бір ереже, бір жаңа сөз болса да меңгеріп кетсе – біздің еңбегіміз ақталғаны», – дейді Жанат Қазыбекқызы.

blankТілдерді оқыту орталығы – тек білім беру мекемесі емес, ауданның рухани дамуына үлес қосып отырған орта. Мұнда жастар да, ересектер де, зейнеткерлер де өзіне лайық орта тауып, тіл үйренудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Тіл – ұлттың жаны. Оны жандандырып, жаңғыртып жүрген жандардың еңбегі қашанда бағалауға лайық.

 

Олжас Ғабдімәлік,

ҚӨУ студенті