Сарыкөл ауданы жылды жемісті аяқтағалы отыр. Барлық салада көзделген жұмыстар жоспарға сай атқарылған. Жаңа ірі жобалар қолға алынып, алды нәтижесін көрсете бастапты. Аудан әкімі Марат Шымырбеков биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне және қол жеткізген жетістіктерге жан-жақты тоқталды.
Инвестжобалар – игілік көзі
Биыл аудан дамытудың негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын өңдеу өнеркәсібінде табыс толайым. 4,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жергілікті кәсіпорындар тартқан инвестиция ауқымы 11 млрд теңгеге жуықтаған. Аудан экономикасының басым үлесі ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы жылы 354,6 мың гектар алқапқа дән егілген. Шаруалар мемлекет қолдауы арқасында дала жұмыстарын жемісті жүргізді.
«Аудан диқандарына биыл «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ол «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ және «Тобыл» ӘКК арқылы берілді. Бұл қаражат аграрлық салада жоғары нәтижеге жетуде маңызды рөлге ие. Он айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімі 60,5 млрд теңгеге жетті», – деді аудан әкімі.
Инвестициялық жобаларды іске асыратын кәсіпорындар аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосу үстінде. Осы жылы ауданда 100 жұмыс орнын құра отырып, 10,320 млн теңгеге тоғыз инвестжобаны іске асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 420 млн теңгелік бес жоба сәтті аяқталды. Тағы 3 жоба іске асыру сатысында қалып отыр. Олар келер жылы тәмамдалмақ. Енді бір жоба осы жылдың желтоқсан айында іске қосылады. Аудан басшысы әр жобаға жекелей тоқтала өтті.
«Алтын Жан» ЖШС – экструзияланған құрама жем өндіретін зауыт. Құны – 2,5 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 15 мың тонна өнім. Кәсіпорын ашылса, елу адам жұмыспен қамтылады. Екіншісі – «DemAgro» ЖШС қолға алатын 600 басқа шақталған сүт-тауар фермасы. 4,4 млрд теңгелік жоба 18 жұмыс орнын құрмақ. Жылдық қуаты – 4 мың тонна сүт. Келер жылы іске қосылады. Үшіншіден, «Женимпаз-Н» ЖШС жемдік ұн өндіретін зауыт салады. Құны – 2,5 млрд теңге. Қуаты – жылына 15 мың тонна өнім. 25 адамға жұмыс бермек. 2026 жылы қарашада пайдалануға беріледі. «Утинов» ЖК де жемдік ұн өндіретін цех ашуды көздеп отыр. Жылына 60 мың тонна өнім шығаратын цехтің құрылысына 500 млн теңге жұмсалады. Биыл желтоқсанда пайдалануға берілмек», – дейді Марат Шымырбеков.
Инфрақұрылым оңала түсті
Әкімнің айтуынша, ауылдарды ауыз сумен қамту жұмыстары да толығымен аяқталған. 23 елді мекеннің 96,6% тұрғыны орталықтандырылған жүйеге қосылған, ал алты ауылда ауыз су тарату пункттері жұмыс істеп тұр. Ауданда су құбыры жүйелерін салуға арналған екі үш жылдық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Комсомольский ауылында жұмыстар жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды. Барвинов ауылында жаңа су жабдығын салу жалғасу үстінде. Екі жоба да 2024-2026 жылдарға жоспарланған.
«Биыл бірқатар маңызды жұмыс аяқталды. Маяк ауылында су тарату желісі қайта жаңартылып, 100% қамтылымға қол жеткіздік. Урожайный ауылында барлық 89 аула су жүйесіне қосылып, мәселе толық шешілді. Сараптамадан өткен жаңа жобалар іске асырылуға дайын. Весёлый Подол ауылында 23,9 км желі, Севастополь ауылында 26,1 км желі тартылмақ. Соналы ауылында су жүйесін салу жоспарланып отыр», – деп баяндады аудан басшысы.
Әлеуметтік инфрақұрылымға да ерекше ден қойылды. Әсіресе спорт және денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңарту жұмыстары жемісті аяқталды. Мәселен, биыл наурызда Сарыкөл кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Сұңқар» спорт кешені пайдалануға берілген-ді. Ал Крылов ауылында медициналық пункт құрылысы аяқталудың алдында тұр. Ол Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылмақ. Мұнымен қоса, Маяк ауылында ФАП құрылысы жалғасып жатыр. Құны – 222,2 млн теңге. Келер жылы аяқталады.
«Бұдан бөлек, аудан орталығында 125,8 млн теңгеге қуаты 0,8 МВт болатын жаңа блок-модульдік қазандық салынды. Бүгінде жылу беру жүесіне «Сұңқар» спорт кешені, Сарыкөл кенті әкімдігінің ғимараты және «Солнышко» балабақшасы қосылды. Тағы бір қазандықтың жобалық-құндық құжаты әзірленіп отыр. Ол болашақта көп қабатты жеті үйді, бір әлеуметтік нысанды жылытпақ. Құрылысына 2,4 млн жұмсалады», – дейді Марат Шымырбеков.
Биыл ауданда жол құрылысына 958,36 млн теңге бөлінген. Оған 15,85 км жол жөнделіп, 22 көше жаңартылды. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша үш ауылда ұзындығы он шақырымдай болатын 11 көшеге орташа жөндеу жасалды. Ал қалған көшелер облыстық трансферт есебінен қалып келтірілген. Нәтижесінде жақсы күйдегі аудандық маңызы бар жолдардың үлесі – 82,5%, қанағаттанарлық жағдайдағы 17,5% өсті. Алдағы жылы 4,9 млрд теңгеге Сарыкөл, Комсомол, Маяк, Островной елді мекендерінің көшелері, аудандық маңыздағы 60 шақырым жол жөнделмек.
«Сондай-ақ биыл жалпы алғанда 16,5 шақырым көше жарықтандырылды. 200 шамшырақ орнатылды. Сарыкөл, Тимирязев, Златоуст, Үлкен Дубрава және Урожайный ауылдарын қамтыдық. Оған 36 млн теңге жұмсалды. Нәтижесінде жарықтандыру үлесі 98% жетті. Ал байналыс сапасын жақсарту үшін Ананьев, Островной, Новый, Соналы ауылдарына антенна-мачта құрылғысын орнатуға жобалық-құндық құжат әзірленді. Бұл тұрғындарды 4G стандартындағы интернетпен қамтамасыз етуге жол ашады», – дейді аудан әкімі.
Әлеуметтік сала әлеуеті
Ауданда соңғы бес жылда бес мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. Оған 814 млн теңге жұмсалған. Ал биыл төрт мектепке – Веселоподоль, Севастополь, Крылов және Красный кордон ауылдарындағы білім ошақтарына қатардағы жөндеу жасалды. Мектептерді заманауи құрылғылармен жабдықтауға да 30,2 млн теңге шығындалған. Асханаларды жиһаздандыруға 12,4 млн, қауіпсіздік құрылғыларымен қамсыздандыруға 33,6 млн теңге бөлініпті. Балабақшалар мен қосымша білім беру мекемелері де назардан тыс қалмады. Оларға қажеттіліктерін өтеу үшін 8,4 млн теңге берілген.
«Аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу көп уақыт өзекті мәселе болып келген еді. Былтыр жөндеу басталып, биыл бітті. Жұмыспен айналысқан мердігер – «Гренада» ЖШС. 1,6 млрд теңге жұмсалды. Қазір техникалық және авторлық қадағалау актіне қол қою ғана қалып отыр», – деп медицина саласына ойысты әкім.
Осы жылы ауданға үш маман келген. Атап айтқанда, аудандық ауруханаға екі қызметкер және Тимирязев ауылына фельдшер жұмысқа тұрды. Барлығына көтерме ақы төленген. Дегенмен ауданға әлі де дәрігер-хирург, жалпы тәжірибедегі дәрігер және орта деңгейдегі үш маман жетіспейді… Ал аудандық Мансап орталығына 983 адам жұмыс сұрап жүгініпті. Нәтижесінде 884 азаматқа көмек көрсетілген. Олардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған 12 тұлға жұмыспен қамтылған.
«Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 1,572 млн теңге көлемінде бес грант бөлінгенін де айта кетейік. Жалпы қаржы – 7,9 млн теңге. Ол толықтай игерілді. Сарыкөлде арнаулы ауыз су автоматы оратылып, типография ашылды. Соналыда азық-түлік дүкені, Комсомольскийде жылыжай салынды», – дейді Марат Шымырбеков.
Оның айтуынша кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де жылма-жыл күш алып келеді. Меморандум аясында биыл 350 млн теңгеге көптеген жоба іске асқан. Айталық спорт корты, балалар алаңы, жұмысшыларға арналған баспаналар, су желілері салынған. Аудан әкімі қос тарапты келісім арқылы туған жерді түлету жұмыстары жалғаса беретінін айтып отыр.
Ж.Балғынбекұлы

