Торғайлық жас тоғызқұмалақшы Азия чемпионатының күміс жүлдегері 

Торғайлық жас тоғызқұмалақшы Азия чемпионатының күміс жүлдегері 

Алматы қаласында өткен тоғызқұмалақтан Азия чемпионатында Жангелдин аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Наргиз Бақыт 14 жас аралығында 7 ойын көрсетіп, ІІ- ші орын иеленді.

Жарысқа елімізбен қоса Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей, Үндістан, Қытай, Қырғызстан тәрізді 12 мемлекеттен 150-ден аса спортшы қатысты.

Еске сала кетсек, жеңімпаз спортшымыз биыл жазда Қостанай қаласында өткен тоғызқұмалақтан балалар және жасөспірімдер арасындағы XXIV-ші жекелей ҚР Чемпионатында жеңіске жетіп, осы жарысқа жолдама алған болатын.

blank

Наргиз Дәуренқызы 2013 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер.

Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Наргиз Дәуренқызы облыстың 7 дүркін, Қазақстан Республикасының 4 дүркін жеңімпазы.

blank

2024 жылдың желтоқсан айында Қырғызстанның Бишкек қаласында өткен тоғызқұмалақтан Халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанса, ағымдағы жылдың 17-27 шілде күндері аралығында Тоғызқұмалақтан Чехия мемлекетінде болған Халықаралық турнирде 3 (үш) бірдей медальді игеріп, жеңімпаз атанды.

«Наргиз оқушым 2021 жылдан бастап, тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. 2022 жылдан жоғары нәтиже көрсете бастады. Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы атанды. Халықаралық жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Біз жас спортшы Наргиздің болашағынан мол үміт күтеміз», – дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері, жеке жаттықтырушысы Қайрат Айтмағанбетов.

 

                                          Мұрат Жүнісұлы                                                                                                 Жангелдин ауданы