Арқалықта ұзақ жылғы үзілістен кейін концерт залы қайта жанданды

Арқалықта ұзақ жылғы үзілістен кейін концерт залы қайта жанданды

Қазақтың аса көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінің концерт залы ұзақ жылдардан бергі үзілістен кейін қайта қолданысқа беріліп, ән-күйі қайта шалқыды.

Өнердің өнегелі сахнасымен қуана қауышқан көрермендер классикалық музыка кешінің куәсі болды.

blank blank blank blank

Кештің өтуіне мұрындық болған мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов ұзақ жыл үзіліс жасап, күрделі жөндеуден кейін іске қосылған концерт залының ашылуына өзінің белгілі өнер сүлейлерін бастап келіп тұрғанын жеткізіп, киелі сахнаның жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны биіктей беруіне тілектестігін білдірді.

blank

Еске сала кетсек, Дүйсен ағамыз өткен жылы демеушілердің көмегімен Арқалықтағы театрға заманауи шағын автобус көлігін және қала өнерпаздарына рояль сыйға тартқан болатын. Онда да өнер жұлдыздарын әкеліп, халықтың қошеметіне бөленген еді.

blank blank blank blank

Енді, міне, демеушілердің көмегімен тағы бір рояль құтты орнына қондырылып, күй сандықтан саз шалқыды, тыңдарманының құлақ құрышын қандырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Алтай Құсайынов пен Бекболат Байсағатов, Халықаралық байқаулардың лауреты, күміс көмей жас әнші Нұржайна Әбілхайыровалар саф өнердің сандығын ашып, баға жетпес асыл жауһарларынан шашу шашты.

Қадірлі қонақтардың құрметіне Бақытжан Байқадамов атындағы музыка мектебінің «Арқа сазы» қазақ ұлт-аспаптар ансамблі де (Жетекшісі Әділ Ақан) күй шалқытып, ән әуелетті.

Өнер мен өнер сүйер қауым қауышқан әсерлі кештің түйінінде қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ташимов мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, сый – құрмет көрсетті.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                                     Арқалық қаласы