Қостанайда алғаш рет Baitursynuly University ректорының кубогына арналған шахмат турнирі ұйымдастырылды. Зияткерлік сайыс балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шахмат залында өтті.
Екі күнге созылған бұл тартысты жарыста өңірдің әр жоғарғы оқу орындарынан келген студент шахматшылар бақ сынап, ой жүйріктіктерін дәлелдеді.

Турнирге облыстың бес жоғарғы оқу орнынан, атап айтқанда А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ, ЧелМУ, ҚИнЭУ, Рудныйдан РИУ оқу орынан және Арқалық педагогикалық университетінен қатысушылар келді. Бас-аяғы елуден астам шахматшы жарысқа түсті. Оның тең жартысы ҚӨУ студенттері.

«Былтыр Ахмет Байтұрсынұлы атынағы ҚӨУ базасында шахмат клубын ашқан едік. Осы күзде ректор атындағы кубокты облыстық деңгейде өткіземіз деп жоспарланған. Қолға алған ісіміз сәтті ұйымдастырылып отыр. Биыл алғаш өткізіліп отыр. Ендігі ойымыз дәстүрге айналдыру. Келер жылдан бастап 11-сынып оқушыларын қоссақ деген ниетіміз бар. Өздеріңіз білесіздер, біздің оқу орында дене шынықтыру және спорт мамандығы бар. Сол себепті, бір ойымыз осы салаға жақын болашақ түлектерді оқу орынға тарту. Бір жағынан жастарды интелектуалды сайыстарға баулу. Негізінен ректор Сейтбек Бекенұлы осы сынды дамытатын жобалары әркез қолдайды», – дейді ҚӨУ әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбеков.
Жеті турдың әрбір туры шахмат тақтасындағы нағыз стратегиялық шайқасқа ұласты. Екі күн ішінде жас шахматшылар өздерінің логикалық ойлау қабілеттерін, сабырлықтарын және жеңіске деген құштарлықтарын көрсетті.
«Турнир тартысты өтті. Жеті турдың ішінен бес турды жеңіспен аяқтадым. Сол себепті жеңістен үміт бар. Ал шахматтың өзіне келетін болсам, бала кезден ойнап келемін. Бұған дейін облыстық, қалалық жарыстарға қатысып келемін. Жүлделі орындардан көріп, түрлі жарыста орын алып жүрміз», – дейді Арқалықтан келген жарыс қатысушысы Әлихан Сыдық.
Ректор жарысты жоғары деңгейде өткізуге толық қолдау көрсетті. Турнирдің қорытынды күні шешуші үш тур өткеннен кейін, ең мықты шахматшылардың есімі анықталды.
«Арқалық қаласынан арнайы келдік. Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық университетінің студентімін. Ойын тартысты өтті. Жеті ойын ойнап, оның тек біреуін есе жіберіп алдым. Шахмат үйірмесіне бес жасымнан бастап қатысып келемін. Түркістан облысы бойынша облыс чемпионы болғанмын. Сондай-ақ, ҚР шахматтан өткен турнирде үшінші орынды иелендім. Ректор кубогында жүлделі бірінші орынға ие болып отырмын», – дейді алғашқы орын иегері Әйгерім Еділбай.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында үшінші орын Әділхан Тұрарға бұйырса (ҚӨУ), екінші орынды ҚӨУ студенті Ерсін Қанатбайұлы иеленді, ал жүлделі бірінші орынды арқалықтық Дәурен Бабық жеңіп алды.
Жігіттер арасында шебер ойынымен ерекшеленгендер:
Ал қыздар арасынан іріктеліп шыққан жеңімпаздар қатарында үшінші орынды Әлия Мерекеева жеңіп алды. Екінші орын Алёна Биллиеваға бұйырды. Ал бірінші орынды жеті ойында тек бір рет ұтылған Әйгерім Беделбай еншіледі. Жүлде қорына келер болсақ, үшінші орынға 20 мың теңге, екінші орынға 30 мың теңге, ал бірінші орынға 50 мың теңге берілді. Бұл ақшалай сыйлықтар ұлдар мен қыздар арасында жеке-жеке табыс етілді, сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша да марапаттар тапсырылды.

Арнайы аталымдар бойынша «Дебюттегі үздік қорғаныс» аталымы Рудныйдағы РИУ студенті Андрей Соколовқа берілсе, «Үздік партия» аталымы бойынша ЧелМУ студенті Владимир Крюков лайық деп танылды. Ал «Турнирдің ең жас қатысушысы» аталымын ҚИнЭУ-ден келген Дмитрий Шрайнер жеңіп алды.
Айта кетейік, ең жас қатысушылар – мектеп оқушылары. Олар ойын кезінде жасына қарамай, нағыз кәсіби деңгейдегі сабыр мен ой ұтқырлығын көрсетті. Ұйымдастырушылар Иман Набиев, Анна Жуйко және Арлан Медет сынды жас шахматшыларды ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев турнирдің ең жас құрметті қатысушысы – Иман Набиевпен жеке кездесті. Небәрі 10 жастағы Иман – Қазақстан құрамасының мүшесі, облыстық және халықаралық жарыстардың жүлдегері, Азия чемпионы және кадеттер арасындағы әлем вице-чемпионы. Сейтбек Бекенұлы жас шахматшыны марапаттап, оған үлкен жетістіктер тіледі.
Осылайша, Baitursynuly University ректорының Кубогы шахматқа деген қызығушылықты арттырып, Қостанай өңірінің студенттері арасындағы зияткерлік бәсекенің жоғары деңгейін көрсетіп, табысты аяқталды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Диана АЛМАСҚЫЗЫ
