Елді мекенде жыл сайын техникалар сатып алу, ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салу, абаттандыру қатарлы халыққа барлық қажеттілік жасалып келеді. Еңбек етемін деген жанға қай жағынан да қолдау бар. Серіктестікте 600 жұмысшы еңбек етеді.
Елдің басшысы Борис Павлович «Бізге тағы 600 адам әкеліңізші, барлығына жұмыс тауып беремін» деген сөзінен танған емес. Рас айтады! Ал, мұнда бір адамның еңбек өнімділігі 60 мың АҚШ долларына тең.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жайылма-Қамысты өңірінде болған сапарында жұртшылықтың осындай берекелі өміріне куә болып қайтты. Адаев ауылында халықпен жүздесті, Алтынсарыдағы ауыл шаруашылық және әлеуметтік нысандарды аралады.
Өткен жылы серіктестікте астық тазартып, тұқым сұрыптайтын «PETKUS» алып кешені салынды. Сағатына 20 тонна қуаттылығы бар. Бұл нысанның құрылысына шаруашылық өз қаражатынан 600 млн теңге жұмсаған. Аумағы ат шаптырым кешенде небары төрт адам жұмыс істейді. Барлығы автоматпен басқарылады. Алып конвейер іске қосылғаннан кейін бес минуттың ішінде жұмыс істеп кетеді. Машина тұқымның әр сортына бейімделіп орнатылған. Борис Князевтің сөзінше, кешеннің өнімділігі Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаны басып озады.
«Алтынсарин» ЖШС қолдауымен оқушылар үшін барлық ауылдағы үйірме тегін. Ауылдың мәдениет сарайында өнердің қай жағынан да дайындалуға есік ашық. Заманауи аппаратура, тіпті сахнаны түгел жауып тұрған лед-экран барлық жиынның сәнін келтіріп тұр. Ал, елді мекендегі робот техника кабинеті аудан бойынша әзірге жалғыз.
Екатерина Ена Челябі мемлекеттік университетін тәмамдап келіп, туған ауылында хореграфия арнайы пәнінен сабақ беріп жүр. 18 жыл ішінде мың бұралған биші қыздары талай жетістікке жетіп келеді.
Алтынсарыда жас боксшылар буыны өсіп келеді. Басқасын былай қойғанда, былғары қолғап шеберлері жыл басынан бері облыстық чемпионатта бір алтын, бір қола жеңіп алған. Спорт шеберіне үміткер Марат Салықбаев жаттықтыратын өрендер тек осы жылы аймақ әкімінің турнирінде екі мәрте жеңімпаз атанып, алты күміс, үш қола медаль иеленген. Күні кеше ғана Науырзым ауданы әкімінің жүлдесінде де байрағы көтеріліп келіп отыр. Енді жеке залы болу керек. Борис Князев аймақ басшысынан осы жағынан көмек көрсетуін сұрады.
– «Алтынсарин» серіктестігі көптеген көрсеткіштері жағынан көш бастап келе жатқанын мақтан етеміз. Ауданда ғана емес, облысымызда да өзін тек үлгілі шаруашылық ретінде танытты. Ән-биден бөлек, роботты техника кабинеті ашылған. Бокс, волейбол үйірмелерін көріп келдім, барлық жағынан жағдай жасалған. Алдағы уақытта спорттан облыстық лига ойындарында жоғарыдан көрінеді деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Қамысты ауданы