Дәмер Қалқаев:  «Қостанайдың қазақылығы төмен» дейтін пікір келмеске кеткен»

Дәмер Қалқаев: «Қостанайдың қазақылығы төмен» дейтін пікір келмеске кеткен»

Өңірде ұлт өнерін дамытуға, насихаттауға зор үлес қосып жатқан мекеменің бірі – облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы. Ұжым ұйымдастырып жатқан іс-шаралар мен тұсауын кескен тың жобалардың саны көп. Орталық директоры Дәмер Қалқаев атқарылған жұмыстар, алға қойылған жоспарлар туралы сұқбат берді.

– Жалпы, өңірде ұлттық аспаптардың қолданылу деңгейі қалай? Ең әуелі осы бағыттағы іс-шараға тоқталыңызшы.

– Таяуда ғана дәстүрлі «Өнеріміз саған, Қазақстан» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы аяқталды. Басты мақсаты – жаңа есімдерді анықтау, оларға қолдау-демеу көрсету. Соңғы жылдары осы байқау алдында дайындық ретінде шеберлік сабақтарын өткізуді жақсы үрдіске айналдырып келеміз. Биыл ішекті аспаптардан белгілі музыкант Азамат Мұқатов сабақ өткізді. Мұндай іс-шаралар облыс орталығында ғана емес, өңір-өңірде ұйымдастырыла бастады. Облыстық филармонияның домбырашысы Мұрат Хамитов та күй өнері, ансамбль жұмысы бағытында Лисаков қаласында және Қостанайда шеберлік сағатын өткізді. Бұрынғыдай «Балбырауын» мен «Ерке сылқымды» ойнай бермей, күрделілендіру көзделіп отыр. Соңғы кезде флеш-мобтарда домбырашылар саны көбейгенімен, сапаға аса мән берілмейтін секілді. Кейбіреулер сауаты жоқ домбырашыларға күйді нотасыз үйретеді екен. Домбыра пәнінің мұғалімдері жеңілдің үстімен жүруді әдетке айналдырған. Балаға қалай ыңғайлы болса, үні естілсе болды деп, оңай жолмен «үйрете» салады. Әрине, олай болмауы керек. Баланы осы бастан дұрыс оқыту қажет. Жүз домбырашы шықса, солар бір қалыпты, сапалы ойнайтындай деңгейге жеткізу керек. Міне, шеберлік сабақтарында осындай нюанстар талданды. Ал, жалпы, күй тарту, домбыра үйрену жағынан белгілі бір дәрежеге көтерілдік десек болады. Қазір кез келген ауданда облыстық деңгейде ұялмай көрсете алатын мықты күйшілер қалыптасты. Мұның өзі соңғы жылдардағы жақсы көрсеткіш. Сосын, ұстаздардың өзі қайтадан сабақ алып жатыр, қанша дегенмен, бұрынғы талап, әдіс-тәсіл өзгерді. Оның үстіне, Күйшілер одағы да жүйелі жұмыс істеп жатыр.

– Өз өңіріміздің композиторлары шығарған, әйгілі тұлғалардан қалған күйлер де аз емес қой. Жастарымыз оларды қаншалықты біледі? Қалай насихатталып жатыр?

– Көптеген іс-шара өткізіп жатырмыз. «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты облыстық күйшілер байқауына жаңашылдықтар енгіздік. Күй атасы Құрманғазының мерейтойы арқау болатын биылғы байқауда әр қатысушыға он күй орындату міндет болады. Күйші өрендер жан-жақты болуы керек. Өйткені төрешілер үміткерлерден әзірлеп әкелген он күйдің ішінен, мәселен, төртіншісін орындауын сұрап қалса, тас-түйін дайын тұруы керек. Олардың ішінде өңір композиторларының күйлері де болуы тиіс. Демек, бұл – бала бір байқауға қатысу үшін әр бағытта бірнеше күйді меңгереді деген сөз. Ол, бір жағынан, талапкердің өзі үшін де жыл бойғы азығы болмақ, кез келген концертте орындай алады. Бұл талаптарды қай мұғалім де орындай алады. Тек сондай шарт қойылмағасын, елеп-ескере қоймайды. Түрлі байқауда жүлдегер атанып жүрген балалар соңғы уақытта додаларға қатысудан бас тартқан кездер болды. Неге десеңіз, қазіргі күйшілер сайысы күрделіленіп кетті, талап күшейді Мәселен, жастар өздері өскен өлкенің композиторларының күйлерін білмейді. Әлі күнге Айтбай Мұздахановтың, Қорғанбектің, Ахаңның және басқа тұлғаларымыздың күйлерінен бейхабар. Сондықтан, өзімізің жауһарларымызды насихаттауға екпін салып отырмыз.

– «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы биыл жалғасын таба ма? Бұл сында да жүлдені сырттан келген қатысушылар қанжығалап кетіп жатады. Осы жылғы дайындық қалай?

–  Жалпы, дәстүрлі ән орындаудан облыстық филармонияның белгілі әншісі Талғат Молдағалиев биыл жақсы жұмыс істеді. Бұрындары шеберлік сабақтарына облыстағы жыршы-термешілерді жаппай жинап алып, тәлім сағаты әр бағыт бойынша жалпылама өткізілетін. Енді Нұржанның байқауының алдында жас дәстүрлі әншілер ішінен әлеуетті деген екеуін іріктеп алу ұсынысын айтқан едім. Содан кейін  Байдос және Арғынбек есімді екі дарын таңдалып, жекелей дайындық жұмыстары жүргізілді. Ақырында бабы мен бағы қоса шапқан Арғынбек баламыз осы байқаудан бас жүлде жеңіп алды. Нәтиже шықты. Оның алдындағы екі байқаудың бірінде астаналық, екіншісінде қызылордалық әншілер жүлдені суырып әкеткен болатын. Осы жолғы сында да олжаға кенелеміз деген үмітіміз бар. Енді эстрадалық вокалға да нақ осындай талап қойылып отыр. Өзгелерден озық тұрған 5-6 баланы іріктеп алдық. Оларды республикалық сындарға дайындау қазірден басталды. Қызылордада өтетін Кеңес Дүйсекеев атындағы байқауға бір бала әзірленіп жатыр. Оралда өтетін Ескендір Хасанғалиев атындағы байқауға да бір мықтымыз даярлану үстінде.

– Қостанайдың мәдени брендіне айналған «Алтын микрофон» халықаралық фестиваліне ұйымдас-
тырушы ретінде, өз бағаңызды берсеңіз. Қостанайлықтардың ойсалысу белсенділігі қалай?

– Бұл байқауға жылдағыдай көп бала қатысып, үш жас деңгейі бойынша сынға түсті. Оған Украина, Болгария, Армения, Қырғызстан сынды елдерден үміткерлер келді. Былтыр Гран Приді Армения алып кеткен еді. Биыл бас жүлде Қазақстанда қалды. Жамбылдық әнші қыз Қымбат Жамбылбек жеңіске жетті. Үміттің үдесінен шығу үшін қазақстандық өрендер барынша жақсы дайындалған. Оған толық көзіміз жетті.

Жалпы, өңірде өтетін халықаралық байқаулар әр алуан. Айталық, өткен жолы түркітілдес елдер арасында, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жылдағы дәстүрмен «Наурыз достарын шақырады» атты халықаралық би фестивалі ұйымдастырылды. Оған Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің би ансамбльдері келіп, көрермендерімізге нағыз әсем де әсерлі өнер кешін сыйлады. Қатысушылар географиясы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Басқа да сыртта өтетін сындардан тыс қалып көрген емеспіз. Жалпы, біздің облыста 200-ден астам би ұжымы болса, олардың саны ғана емес, сапасы да жоғары деңгейде дей аламыз. Жерлестеріміз барған байқауларынан олжасыз оралған емес. Жетекшілеріміздің біліктілік арттырып, өзара тәжірибе алмасуы үшін сырттан кәсіби мамандар шақырып тұрамыз. Ауыз толтырып айтар нәтижелеріміз көп.

– Тобыл төрінде ел өнерпаздарын тоғыстыратын тағы бір жоба – Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрларының байқауы. Жасырары жоқ, жерлестерімізге жүлденің басын бермеу үшін әлі де үлкен дайындық керек секілді. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жүргізілді?

– Өңірде әзіл-сықақ бағытындағы 6-7 ұжым бар. Таяуда Рудныйда тағы бір шағын театр пайда болмақ. Оларға дайындық жағынан көмектесу үшін Қостанайдағы «Таған» театрымен келісімге келдік. Жерлестеріміз алдағы дәстүрлі байқауға жай қатыса салу үшін емес, жүлдегер атануға лайық болып шығуы қажет. Жылда бас жүлденің басқа облыстарға бұйырып жүргені рас. Биыл жыршы-термешілер байқауындағыдай, жеңісті өзімізде қалдыруға тырысуымыз қажет. Бәрі табанды еңбекпен, зор дайындықпен келетіні түсінікті… Таяуда орталығымыздың қызметкерлері – Бағдат Оспанов пен Мұрат Нағашыбай Ақтөбеге барып, «Екі езу» театрының жұмысымен танысып қайтты. Бұл ұжым – бізде өтетін байқаудың екі мәрте жеңімпазы. Әріптестеріміз «Екі езудің» дайындықтарына, концерттеріне қатысып келді. Сұқбаттасып, тәжірибе алмасып қайтты. Негізі, ондай талантты қыз-жігіттер бізде де бар. Тек оларды ширатып, қабілеттерін ұштау қажет. Осы мақсатпен биылғы байқауға Б.Майлин мен Рудный қаласын таңдап алдық, солармен жұмыс істейміз. Үлкен қойылымдар жағынан Аманкелді, Торғай өңірлерінің театрлары дайындалып жатыр. Олар ұлт батыры Аманкелді Имановтың 150 жылдығына орай ауқымды спектакльдерді сахнаға алып шықпақшы.

– Өзге облыстармен байланыстарыңыз қай деңгейде? Басқа өңірдегі әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?

– Әлбетте, қай облыспен де қарым-қатынас жақсы орнаған. Мысалы, жуырда Павлодар облысына мамандарымызды жібердік. Мұның өзіндік себебі бар. Былтыр «Рухани қазына» республикалық байқауында осы облыстың Көркемөнерпаздар орталығы 1-орын иеленген болатын. Үздік деп танылған ұжымға бөлім басшысы барып, жұмыстарымен танысып келді. Олардың бағыттары мүлдем басқаша екен. Біздікіндей медиа бөлім, жеке журналдары жоқ екен, олар ұйымдастыратын халық-
аралық байқаулар бізге қарағанда әлдеқайда аз көрінеді. Біз секілді жыл сайын бүкіл аудан-қаланы аралап, өнерпаздар іздеу дәстүрі де оларға тән дүние емес екен. Әрине, оларда бар кейбір жобалар бізде жоқ. Ал, енді, батыс жақта жыр-терме бағытына баса мән беріледі. Әрқайсысының жұмыс істеу тәсілі әрқалай. Жалпы, бүкіл облыспен байланыстамыз. Оның сыр-
тында, Айгүл Қосанова, Алмас Алматов, Жеңіс Сейдолла сынды әйгілі тұлғалармен хабарласып, Қостанайға қонаққа шақыр-ып тұрамыз. Келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп кеткен кездері болды.

Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта сырт көзден Қостанайдың деңгейі жоғары деген пікірді жиі еститін болдық. «Қостанайдың қазақылығы төмен» дейтұғын сыңаржақ сөз қазір мүлдем айтылмайтын болды. Оны жемісті жұмысымызбен жан-жақты дәлелдедік.

– Биыл өнерсүйер қауымды қандай жаңалықтарыңызбен қуантпақсыздар? Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Әлгінде айтылған облыстық «Өнеріміз саған, Қазақстан» көркемөнерпаздар байқауы қорытындысы бойынша жаз бойы облыс орталығында «Дала фест» фестивалін өткіземіз. Таяуда «Өнер керуені» деген жобаның тұсауы кесілді. Мұның аясында филармония, театр, кітапхана, музей, мәдениет үйлерінің қызметкерлері әр аудан-қаланы аралап, 2-3 ауылына өнер шашуымен барады. Сосын, Балалар күніне орай сазгерлер байқауы жарияланды. Одан қалды Арқалық, Лисаков, Қостанай қалаларының туған күніне де жоспар құрулы тұр. Жітіқарада маусым айында облыстық айтыс өтеді. Оның жеңімпаздары респуликалық айтысқа жолдама алады. Батпаққара өңірінде Аманкелдінің 150 жылдығына орай республикалық айтыс болады. Алтынсарин ауданында дәстүрлі отбасылық айтыс өтпек. Күзде «Тобыл сазы», «Кавер шоу» байқаулары жалғасын табады. Жыл қорытындысында «Тобыл-Торғай таланттары» атты іс-шарада облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда көзге түскен өнерпаздарды, ұжымдарды марапаттаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек.

Жаңалықтармен бөлісу