Облыста биыл көктемгі егіс жұмыстары қолайлы мерзімде жүргізілді. Егіс көлемі 5,1 млн гектар. Бүгінде 1,7 млн гектар алқаптан 2,5 млн тонна астық жиналды.
Орташа өнімділігі 14,5 центнер гектарынан. Облыс диқандары қолжетімді қаржының маңыздылығын ерекше атап өтуде.
Биыл рекордтық 89 млрд теңгеге жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп, ал былтырғыдан 60% артық. Осының арқасында техника уақытысында дайындалып, минералды тыңайтқыштармен және дизель отынмен толықтай қамтамасыз етілді. Сақтау қоймалары толығымен дайын. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Президенттің қатысуымен өткен егін жинау науқанына арналған кеңесте бейнебайланыс режимінде шығып, астық жинау жұмыстары жөнінде баяндады.

Басынан бастап баяндайтын болсақ, Мемлекет басшысы Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты. Президент Ақмола облысына егін жинау науқанының барысымен танысу үшін арнайы келгенін айтты.
«Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің тапсырмасымен биыл ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінгенін ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басышсы еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын да жеткізді.

«Жыл сайын егін жинау науқанында сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табандылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев егістікті әртараптандыру ісін жалғастыру керек екенін де баса айтты. Мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы келесі жылғы егіс науқанында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын ерте бастан қолға алу маңызды деп санайды.
«Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек. Бұл егін шаруашылығындағы өнім көлемін ұлғайтып, мол табыс табуға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет. Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізуді тапсырды Сонымен қатар Президент мал шаруашылығының әлеуетін толық танытуға шақырды.
«Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды.
«Демек істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Бұқанов сөз сөйледі.

«Сіз өзіңіздің Жолдауыңызда атап өткендей: «Біздің стратегиялық бағытымыздың негізгі компоненті жасанды интеллектіні жаппай енгізу және толық цифрландыру болуы тиіс». Біз бұл бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Биылғы жылдың тамыз айында «Өңірлік даму барысында жасанды интеллект» тақырыбында форум өткізіліп, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің озық әлемдік тәжірибелері қарастырылды. Облыстық цифрлық штаб құрылды, оны өзім басқарамын. Кез келген кәсіпкер жасанды интеллект пен цифрлық технология элементтерін қолдану бойынша осы штабқа жүгіне алады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі өңірде қарапайым шикізат экспортын емес, қайта өңдеу, логистика және дайын өнім жеткізуге бағытталған заманауи толық циклді агроөнеркәсіп кешені қалыптасып жатқанын да атап өтті.
«Аймақта жылына 415,0 мың тонна бидайды терең өңдейтін жоғары технологиялы зауыттың құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл және басқа да қайта өңдеу жобалары біздің облысқа АӨК-тің қайта өңделген өнімдері мен азық-түлікті экспорттау бойынша республикада жетекші позицияны сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз дәлме-дәл егіншілік пен смарт мал шаруашылығы жобаларын қолға алдық. Біз жасанды интеллектіні жедел енгізу дәстүрлі ауыл шаруашылығынан интеллектуалды агроөнеркәсіп кешеніне көшуді қамтамасыз ететінін жақсы түсінеміз», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
«Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Бұқанов биыл орташа өнім гектарына 20 центнерден астам болады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Өткен және алдыңғы жылмен салыстырғанда, бұл жыл өте қолайлы болды және егін шығымы жақсы. Мемлекет басшысының айтуынша, аграршылар өз жұмыстарына, сондай-ақ жұмыс істейтін ауылға және топырақтың құнарлылығын сақтауға жауапты болуы керек. Ауылдағы осындай күрделі жағдайда жұмыс істеген кез келген кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі тиіс. Соңғы жылдары мемлекет аграршыларға үлкен қолдау көрсетіп, орасан зор қаржы бөлуде. Жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар берілуде. Сондықтан әлеуметтік өмірге араласу біздің тікелей міндетіміз. Біз тыңайтқыштар қолданамыз. Жоғары өнім алғысы келетін әрбір фермер мұны істеуі керек. Жер бізге аманат, келешек ұрпаққа не қалатынын ойлауымыз керек. Президент Жолдауында атап өткендей, «даладан сөреге дейінгі тізбекті қалыптастыру» өте дұрыс бағыт. Біз өсімдік шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Биыл сүт-тауарлы ферманы іске қостық. Сонымен қатар, етті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамытудамыз. Біз қайта құрылуға және әлемдік нарықтың қажеттіліктеріне жауап беруге дайынбыз. Сондықтан да, Мемлекет басшысының аграршылардың бірінші форумында саланы қаржыландыруды бір триллион теңгеге дейін ұлғайту туралы айтқан сөзін үлкен қуанышпен қабылдадық», – деді Еркін Бұқанов.
«Амандық болса, биыл Қостанай облысына міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім, Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кез келді. Торғай өңіріне көңіл аудару керек», – деді Президент.
Бейнебайланыс барысында Еркін Бұқанов Президенттің аграршыларға көрсеткен қолдауы үшін алғысын жеткізді. Мемлекеттік қолдауды сезіне отырып, өз жауапкершілігімізді түсінеміз деді ол. Сондай-ақ, облыс пен саланың игілігі үшін жұмысты жалғастыратындарын жеткізді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЙ
