Қостанайда Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Алдабергенұлының 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кездесу кеші өтті.
Жиналған қауым құрметті мерейтой иесін есіктен енгеннен, орнына отырғанша тік тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды.

Қасымхан Алдабергенұлы 1925 жылы қыркүйекте Қамысты ауданы Талдыкөл ауылында туған. Кейін оның отбасы Жітіқара ауданына, Милютин совхозына, Шілікті ауылына қоныс аударған. Соғысқа 1943 жылы Жітіқара аудандық әскери комитеті Кеңес Армиясының қатарына шақырылды.

Зеңбірекшілер училищесінің курсанты болды. Курсты аяқтауға үлгермеді, өйткені басқа курсанттардың қатарында ол 1943 жылдың маусымы мен 1945 жылдың қаңтары аралығында Владимир облысында, Краснознамень гвардиялық әуе-десанттық бригадасына жіберілді. Мұнда майдангер курсанттар тәуліктің кез келген уақытында және кез келген жағдайда парашютпен секіруге мәжбүр болды. Әскери атағы – гвардия старшинасы. ИЛ-12 ұшағынан бірнеше рет парашютпен секірген. Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Кеш барысында майдангердің кешіп өткен өмір жолы көпшілікке үлгі ретінде айтылды. Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, бірнеше аудан әкімінің орынбасары, ардагерлер кеңесінің төрағасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ, жастар қатысты. Облыс әкіміні Құмар Ақсақалов ақсақалға арнайы барып, құттықтап, сый-сыйапатын көрсеткен болатын. Кеште ресми құттықтауға кезек беріліп, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз алып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын табыс етті.
«Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы үйіңізге арнайы барып, өңір жұртшылығы атынан мерейтойыңызбен құттықтап, ілтипатын көрсетті. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді адам ғұмырының биік белесі, бір ғасырға алып келді. Сіз осы кемелділікке тың жігермен, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Сіздей ақсақалы бар Тобыл-Торғай өңірі бақытты. Соғыс жылдары қолға қару алсаңыз, бейбіт заманда қалам ұстап қазақтың рухын, тілін, ділін көтердіңіз. Бір әулеттің алтын тамыры болып отырсыз. Кейінгі бейбіт заманда аянбай еңбек еткен, қажырлы, жүректі, жеңімпаздар буынының жарқын өкілісіз. Сіздің жеңіс жолындағы ерлігіңіз бен ғибратты ғұмырыңыз рухтың беріктігі мен отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі. Бейбіт өмірде, ел руханиятына, әдебиетке, журналистикаға үлес қосып келесіз. Қадірлі Қасымхан аға, айтулы мерейтойыңыз күні күш-қуат тілеймін», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Сонау алпысыншы жылдары Нұрхан, Өтей, Құтжан ақындарға іні болды. Бұлда бір тұмарлы тағдыр. Алты рет респубилкалық айтысқа қатысып, Қостанайдың намысын қорғап, төртеуінде жүлделі оралды. Жыр алыбы жамбылша, былтыр республикалық айтыста бастап, бата бергені де ерекше тарих. Қарт жыршыны кезекті болып облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов құттықтады.
«Ғасыр тойыңыз құтты болсын. Осы тойдың басы қасында жүріп, сәтті өтуіне үлесін қосқан облыс әкімдігіне алғыс айтамын. Қостанай облысында сегіз майдангер бар. Жүзге келіп отырған биылғы екінші адам. Сіздің жасыңызды баршасына берсін. «Ардагерлер ұйымы» республикалық ҚБ төрағасы, Халық қаһарманы Бақытқожа Ізмұхамбетовтің атынан арнайы құттықтау хат пен «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыстаймын. Өзіңізге сеніп тапсырылған қай іске де асқан ұқыптылықпен, біліктілікпен атқара алдыңыз. Ірі ірі шаруалар тыңдырдыңыз. Бүгінде ел ағасы ретінде ардагерлер арасында тұшымды ойларыңызды ортаға салып жүрсіз. Бұл жетістіктің барлығы өзіңіздің баянды жұмысыңыздың лайықты нәтижесі», – деді Батырбек Ахметов.
Бұрыңғы «Коммунизм таңы» қазіргі «Қостанай таңы» газетінде бірге жұмыс істеген әріптес інісі журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Қайсар Әлім де Астанадан арнайы келіп, ақжарма лебізін білдірді.
«Бүгін неткен керемет бақытты, шаттықты күн. Себебі, ұлы әмірші уақыттың нұсқауымен кез-келген адам 100-ге келе бермейді. Ол өмір шындығы. Біздің ұстазымыз ғасыр жасап, алдымызда отыр. Қасымхан аға, қазақ журналистикасының, әдебиеті мен өнерінің үлкен алып тұлғасы. Осынша өмірде бұл кісінің көрмеген қиындығы, сезбеген бақыт сезімі болмаған шығар. Басына түскен қиындықты да, қуанышты да өткерді. Біздің алдымызда ғасыр жасаған уақыттың емені тұр. Емен иілмейді. Еменнің жапырақтары төрт маусымда да өзінің жасыл қасиетін жоғалтпайды. Сондықтан, бүгінгі күні менің ағамның 100 жылдығында сөйлеп тұрғанымның өзі құрмет. Бірге газетте еңбек еттік. Қасымхан аға, сіздің өнегелі ғұмырыңыз күллі қазақ еліне мақтанышпен айтуға тұрарлық», – деді Қайсар Әлім.
Кеш барысында облыс өнерпаздары жырдан шашу шашты. Жас күйші Марк Ли майдангердің «Нұрхан сазы» атты авторлық күйі орындады. Қамысты, Жітіқара, Науырзым ауданы әкімдерінің құттықтау хатын орынбасарлы кезекпен оқып беріп, иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Мерекелік бағдарлама аясында Қасымхан Алдабергенұлының өмір жолы мен майдандағы ерлігін баяндайтын көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер батырдың өмір кезеңдерінен сыр шертетін фотосуреттер мен құжаттармен танысты. Ақын, жазушы Абылай Маудановтың майдангердің өмір жолынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Салтанатты басқосуда мерейтой иесіне құрмет көрсетіліп, табысталған алғыс хаттар мен сый-сияпаттар аз болған жоқ. Келелі жиын соңы ардагер Қасымхан Алдабергенұлының ақ батасымен түйінделді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретке түсірген Бердіболат Көркембаев
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЙ
