Мәдениет сарайының құрылысы аяқталуға жақын

Мәдениет сарайының құрылысы аяқталуға жақын

Арқалықта апатты жағдайда деп танылып, ұзақ жылдардан бері қаңтарылып тұрған «Арқалық қалалық мәдениет сарайы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу шегінде.

Құрылыс ошағын қайта қалпына келтіруге 2024 жылы облыстық бюджеттен 300 миллион теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. 2025 жылға нысанды аяқтауға облыстық бюджеттен тағы 774 миллион теңгеден астам қосымша қаржы бөлінді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірге жұмыс сапарында арнайы барып, көріп, танысқанындай бүгінде ғимараттың іші-сырты толығымен жөнделіп, құрылысшылар жұмысты аяқтап жатыр. Кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықталып, олардың бірқатары іске қосуға дайын.

Осылайша, ел көптен күткен нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Заманында бұл жер ән мен күй үзілмей, халықтың асыға келетін сүйікті орны болатын. Ғиамарттың 500 орынға лайықталған кең көрермен залы, сахнасы, сондай-ақ көптеген қосалқы бөліктері бар. Тігін цехы, студясы, түрлі үйірмелер кабинеті және спорт залы бар.

Қалалық мәдениет сарайының директоры Зәмзәгүл Мергенова олардың барлығымен облыс басшысын жіті таныстырып шықты.

«Бұл жерде қызметшілеріміз балалармен жұмыс істейді. Қажетті құрал-жабдықтар толығымен келді, қабылдап алдық. Үйірмелеріміздің барлығы тыңғылықты жұмыс атқарып, келешекте жеткіншектердің мамандық таңдауына үлкен мүмкіншілік береді. Балалардың шығармашылық таланттарын ашады», – дейді мәдениет сарайының басшысы.

Мұрат Жүнісұлы

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

                                                                                                                Арқалық қаласы