Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындап берді.
Президент Жолдауында білім беру саласы – елдің болашағының негізі ретінде ерекше аталды. Бұл – ұстаздар мен білім беру мекемелеріне үлкен сенім мен зор жауапкершілік жүктейтін тарихи сәт.
Маңызды бағыт ретінде 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды.
Бұл шешім кәсіби-техникалық білімнің, оның ішінде аграрлық сала мамандарын даярлаудың өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Ауылдық мектептер мен колледждерге қолдау күшейеді.
Бұл – ауыл жастары үшін сапалы білім мен тұрақты болашақ кепілі. Жаңа білім беру стандарттары мен цифрландыру, заманауи технологиялар оқу үдерісіне кеңінен енгізіледі.
Мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысы артады – бұл сала қызметкерлерінің еңбегін ел бағалап отырғанын көрсетеді. Барлық балалар үшін тең білім беру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Ауыл шаруашылығы саласында білім беріп отырған оқу орны ретінде біз бұл Жолдауды үлкен жауапкершілікпен қабылдаймыз.
Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын, жер бетінде нақты еңбек ететін, заманауи агротехнологияларды меңгерген жас мамандарды даярлауға бағытталған.
Біз мемлекет жүктеген сенімді ақтауға, ауыл шаруашылығы саласына қажетті бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға дайынбыз.
Альмира Жансүгірова,
Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты,
Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі,
Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры
