Оқиға орнында жұмыстарды облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов пен Қостанай облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Назаралы Селімов үйлестірді.
Күні кеше Науырзым, Қамысты аудандары аумағында дала өрті өршігені туралы жазған едік. Уақытылы шаралар қабылданып, тілсіз жауға тойтарыс берілді.
«Қиын ауа райы жағдайына — екпінді желге қарамастан, өрт оқшауланып, толықтай сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖМ бөлімшелері, әкімдік, жергілікті атқарушы органдар, екінші құтқару батальоны, аумақтық қорғаныс әскери бөлімдері, ұлттық ұлан, полиция академиясы және орман шаруашылығының күштері мен техникасы жұмылдырылды. Жалпы саны 550-ден астам адам және шамамен 80 техника тынымсыз жұмыс істеді», – делінді облыстық Төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штаб хабарламасында.
Барлық құрылымның үйлесімді іс-қимылының арқасында өрттің елді мекендерге жақындауына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ.
