Қостанайда заманауи халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Қостанайда заманауи халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Қостанай тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеретін заманауи Халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Күрделі жөндеуден өткен орталықтың салтанатты ашылуына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Заманауи үлгіде жабдықталған жаңа орталық Тәуелсіздік көшесі, 114 мекенжайында орналасқан. Ғимарат бұған дейін де ХҚКО ретінде пайдаланылған, алайда соңғы жылдары негізгі орталық Тәуелсіздік, 46-да жұмыс істеп келді. Ескі ғимаратта орын санының шектеулігі, тар кеңістік пен қолайсыз баспалдақтар сынды кемшіліктер болды. Осыған байланысты бұрынғы нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, толықтай жаңғыртылды.

– Сіздерге жаңартылған Халыққа қызмет көрсету орталығын ұсынып отырмыз. Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында ғимарат заманауи талаптарға сай жөнделіп, тұрғындардың ыңғайлы қызмет алуына толық жағдай жасалды. Мұнда кең зал, жайлы автотұрақ және жаңа технологиялар бар, – деді орталық өкілдері.

Халыққа қызмет көрсету орталығыны басты тұжырымдамасы барлық мемлекеттік қызметті бір жерден ұсыну. Бірінші қабатта тікелей қызмет көрсету бөлімі орналасса, екінші қабатта жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері: жер қатынастары, тұрғын үй, архитектура және коммуналдық қызмет бөлімдері орналасқан.

– Орталық барлық негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді: жеке куәлік пен төлқұжат рәсімдеу, еңбек, көші-қон, тұрғын үй салалары бойынша қызметтер ұсынылады. Сонымен қатар, қазіргі таңда «60/40» үлгісі бойынша қызмет көрсетудің жаңа форматы енгізілуде: 60 пайыз қызмет электронды түрде, 40 пайызы қағаз нұсқасында ұсынылады. Тұрғындар үшін жылдам әрі ыңғайлы, – деді ХҚКО Қостанай қалалық бөлімінің басшысының орынбасары Тимур Жалелов.

Қостанайлықтар да орталықтағы өзгерістерге оң бағасын беруде.

– Өте ыңғайлы. Ғимарат кең, жарық, қызмет көрсету жылдам. Кезек те азайды. Бүгін құжаттарымды рәсімдеуге келдім. Мамандар бәрін түсіндіріп, көмектесті. Онлайн қызметтердің көп болуы да, үлкен артықшылық, – дейді қала тұрғыны Асанәлі Ғалымов.

Айта кетейік, бұрынғы ХҚКО орналасқан Тәуелсіздік, 46 мекенжайындағы ғимаратта болашақта көркемсурет галереясын ашу жоспарланып отыр.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ