Қостанайдағы тың игерушілер мүсіні жөнделеді

Қостанайдағы тың игерушілер мүсіні жөнделеді

Монументке ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында мердігерді анықтауға арналған байқау өтуде.

Осы мақсатқа 31 537 112 теңге бөлінген. Жөндеу аясында 300 шаршы метрден астам ескі гранит плиткалары қайта жаңартылады. Оның орнына қалыңдығы 40 мм болатын жаңа плиткалар төселеді. Материалдарды мықтап бекіту үшін жаңа металл жақтау орнатылады. Плиталарды орнатпас бұрын ескерткіштің негізі тазартылып, тегістеледі және өңделеді. Монументті зақымдамау үшін сақтық шаралары да ескерілмек. Мамандар гранит плиткаларындағы жазу-сызуды өшіріп, мүсіннің маңайын тазартады деп жоспарлануда.

Тұрғындар арасында «Тың игерушілер» деп аталып кеткен ескерткіш 1984 жылы салтанатты түрде ашылған болатын. Содан бері қаланың маңызды көрікті нысанының біріне айналды. Монумент Тәуелсіздік көшесі мен Бородин көшесінің түйіскен тұсында орналасқан. Алып денелі үш қола мүсін анадайдан көрініп тұрады.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген – Жанель ҚҰТТЫБАЙ