Жас отбасылар  ұлттық құндылықтарды дәріптеді

Жас отбасылар  ұлттық құндылықтарды дәріптеді

Ұлттық болмыс пен отбасылық жылылықты тоғыстырып, этно-марафон форматында жүзеге асырылған сайыста Алтынсарин ауданынан келген Алпыстар отбасы бірінші орынды иеленді. Жанкелдин ауданының тумасы Әбдрахман Алпыс Алтынсарин ауданында жұбайы Әйгеріммен бірге жеті бала тәрбиелеп отыр. Өнерге жақын әулет ұрпағымен қатар, жақын жуығына көненің жыраулық дәстүрін дәріптеумен келеді.

 

«Ұрпақ тәрбиелеу  – елмен бірге атқарылатын іс. Отбасы – үлкен дүние. Барша ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз»,  – дейді Әбдрахман Алпыс.

Осылайша партия атынан жуырда баспадан щыққан «Алтын көмбе» кітабы мен жүз мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Марафонға өңірдің әр түкпірінен өзге де өнегелі отбасылар қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Солардың бірі – Әулиекөл ауданынан келген Есмағамбетовтар отбасы. Бүгінде үш қызы мен ата-анасы ұлттық тәрбие мен қоғамдық белсенділікті үйлестіріп отыр. Отағасы Әсемхан білім саласында қызмет атқарса, жбұбайы аудандық аурахананың беткеұстар медбикесі.

Федоров ауданынан келген Айтбаевтар отбасы ұлттық спортпен белсенді айналысады. Отағасы Болат Айтбаев – асық атудан халықаралық деңгейдегі чемпион. Жұбайы Гүлмира Айтбаева – бес асықтан жүлдегер ұстаз. Ортаншы ұлы Санжар да ата-ана жолын қуып келеді.

Рудный қаласынан келген Бейімбет Майлин мектебінің оқушысы Алтынай Есқабылова өз отбасын былай таныстырады:

blank

«Отан – отбасынан басталады. Біздің шағын мемлекетіміздің тірегі – әкеміз Алмат Есқабылов, теміржолшы. Анамыз Ләйлә – бастауыш сынып мұғалімі. Ата-анамыз бауырларым Бекзат, Нұрзат үшеумізге  әрдайым бағыт-бағдар беріп, үлгі көрсетіп келеді»

Бұл осы сайысқа қатысқандардың бір парасы ғана.

Бұл жоба «AMANAT» партиясының жанындағы әйелдер қанатының бастамасымен, «Балаңа уақыт арна» партиялық жобасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Аталған марафон келешекте рухани сабақ, ұлттық мұра мен салт-дәстүрімізді ұлықтайтын, ұрпаққа үлгі болатын тағылымды қадам болып қала бермек. Жобаның жетекшісі – Қостанай облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі өкіл, әйелдер қанатының сарапшысы Несібелі Бәсенова.

Ашылу салтанатында «Аманат партиясы» облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов те бұл жобаның мәніне ерекше тоқталып өткен болатын.

«Ұлттық стильдегі отбасылық марафон – маңызды бастама. Бұл арқылы біз ұрпаққа отбасы құндылығын насихаттап, дәстүрімізді жаңғыртамыз. Партияның әйелдер қанаты «Балаңа уақыт арна» жобасын табысты жүзеге асырып келеді. Бұл сайысқа нағыз ұлттық құндылықтарды жүрегімен ұғынған отбасылар жиналып отыр деген сенімдеміз»,  – деп атап өтті Алмат Досмұхамедов.

Ал облыстық әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова бұл жобаның келешектегі тәрбелік бағытына тоқталды.

«Отбасы – елдің іргесі. Ата-ана мен бала – бір тағдыр. Махаббат пен сенімге негізделген отбасында тәрбиеленген ұрпақ осындай жобалардың арқасында болашаққа сеніммен қарай алады», – деді спикер.

«Ұлы дала ұрпақтары» бірлестігінің төрағасы Қалқаман Жақып бұль тұста әкенің қоғамдағы рөлін сөз етті.

«Ертеректе археологиялық жазбаларда әке мен баланың хаттары табылыпты. Онда әкенің:  «Балам, оқы, кәсіп қыл, алдымен кісі екеніңді ұмытпа, адам бол!» деген өсиеті  бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған қасиетті сөз. Біздің дәстүрімізде «атамекен», «атажұрт», «ата кәсібі» деген ұғымдар әкенің қоғамдағы орнын көрсетеді. Сондықтан ұлттық тәрбие – отбасынан бастау алады»,  – деді Қалқаман Жақып.

Этно-марафон аясында тоғызқұмалақ, арқан тарту, садақ ату, домбыра тарту, асық ату сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар дәстүрдің мәніне терең бойлады.

blank

Жобаның жетекшісі Несібелі Бәсенова марафон барысын былай сипаттайды:

«Бес жылдан бері отбасылық түрлі мәселелермен айналысып келеміз. Қаралған үш мың отбасының қырық пайызы бүгінде қайта татуласты. Бүгінгі іс-шара – осы отбасы ішіндегі байланыстарды нығайтуға арналған ерекше саяхат. Қатысушылар дәстүр арқылы бір-бірін жаңаша тани түседі», – деп түсіндірді Несібелді Бәсенова.

Этно-марафон ұлттық рух пен отбасылық бірліктің айғағы екенін алғашқы іс-шарадан-ақ дәлелдеп бергендей. Тобыл өңіріндегі осы бастама – ел болашағына сенімді қадам. Себебі берік отбасы – мықты мемлекет кепілі.

Айбек ЖҮЗБАЙ