Артында өшпес із қалдырған талай біртуар тарланбозды түлеткен Тобыл топырағы қашанда елге абыройлы азаматтарымен асқақ. Бүгінгі кейіпкеріміз – Сарыкөл ауданындағы Бесағаш ауылында туып, Меңдіқара өңірінде өсіп, бойындағы білім-қабілетін, қарым-қайратын халық игілігі үшін сарп еткен ғалым Елтай Хамзаұлы Хасенов. Тоқсанның биігіне аяқ басқан қарияның өнегелі өмірі – жастарға үлгі.
«Шешем дүниеден өткенде емшектегі бала екенмін. Қазір түрін де білмеймін. Суреті де жоқ. Әкем Хамза Хасенов 5-ақ сынып оқыған адам еді. Сол білімімен ауылдық кеңес төрағасы, аудандық комитет қызметкері болып жұмыс істеді. Одан кейін Құлшықай деген жерде басқарма болды. Ол кезде Қарақоға ауылдық кеңесінде Тобылдың бойында Қамыстыкөл, Ұялысай, Ұзынағаш, Күзекшоқ, Жаңажол, Құлшықай, Қарағай деп аталатын 8 колхоз болған. 1943 жылы Боровской мектебіне бірінші класқа бардым. Ол кезде оқу орысша оқыдым, себебі қазақ мектебі болмады. Одан кейін әкемнің қызмет бабымен Жаңажолға көшіп келдік. Бұл жерде орыс мектебі жоқ, оқуымды қазақша жалғастырдым. Соғыс жылдары масақ теріп, шаруашылыққа араластық. «Екі жыл масақ тердік, одан кейін ат тырмаға отырдым. Ат тырмаға мінгенде құдды бір «Мерседес» мінгендей болатынбыз. Өзі жылдам жүреді, шөп шауып, артымызға жал-жал ғып тастап кете береміз. Біздің соңымыздан шөмеле салғыштар жүреді. Сосын ол шөмелені біз маяның қасына алып барамыз. Ол жерде үлкен кісілер жұмыс істейтін. Бригадирлеріміз қатал болды. Басқарманың баласы болған соң ба, маған көп шүйліге қоймайтын, ал басқа балалар сәл босаңдық жасаса қамшының астына алып ұратын. Ол кезде солай болды», — дейді қария.
Кейін бала Елтай Ақсуат орта мектебінің оныншы сыныбына ауысады. Осы мектепте ағартушы-ұстаз Спандияр Көбеевке шәкірт болып, тәлімін алады. «Ұстазымыз өзі кішірек, жүдеу келген, салмақты адам еді. Бізге орыс тілінен сабақ берді. Қолында таяқшасы (указка) болатын. Оқушыларға үнемі жоғары талап қоятын», — дейді қария.
Бір тоқсаннан кейін Ақсуат мектебі жабылып қалып, талапты шәкірт енді Қостанайдағы қазіргі дарынды балаларға арналған Алтынсарин атындағы гимназияда (ол кезде Жамбыл мектебі болатын) білім алады. Мектеп бітіргеннен кейін Ақсу орта мектебінде зертханашы және бастауыш сыныптарда мұғалімдік міндеттерді атқарып жүрді. Ол кездегі өмір талабы осындай. Бұдан кейін Алматыға жол тартып, ауыр машина жасау зауытында теориялық және тәжірибелік сынақтан сүрінбей өтіп, біраз уақыт фрезировщик мамандығының қазанында қайнады.
Кейін Алматыға аттанып, халық ақыны Мәриям Хәкімжанованың ақыл-кеңесімен Қазақтың ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға қабылданып, осы бағытта ғылыми ізденістің жолына түсті.
«Мәриям апай мен менің әкемнің шешелері – апалы-сіңлілі, екеуі – туған бөле. Апай Қостанайға келген сайын біздің үйге соқпай кетпейді. Мен Алматыға бара салысымен сол кісінің үйінде, кейін ағасының баласының үйінде жаттым. Мен әу баста медицина мамандығын таңдаған едім. Бірде апай: «Әй, Елтайжан, ел жақта жер игеру науқаны күш алып, жан-жақтан ағылып жастар келіп жатыр. Ішінде қаракөз қазақ мамандары аз. Осы сен агроном мамандығын оқысаң қайтеді? Кейін туған жерге барып қызмет етесің, ауылға еңбегіңді сіңіресің» деді. Мен «апайдың айтқаны жөн-ау» деген ойға қалдым. Осылайша, Мәриям апай менің мамандық таңдауыма тікелей ықпал етті», – дейді ғалым.
Оқуын тәмамдаған жас маман еңбек жолдамасымен Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасына келіп кіші және аға ғылыми қызметкер, одан соң мал азығын дайындау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді.
Елтай ақсақалдың артта қалған өмір белестеріндегі ең маңыздысы – ол кісінің ғылымға бетбұрыс жасауы болатын. Бұған себепші болып, жолын ашуға қолма-қол көмегін көрсеткен сол кездегі Ауылшаруашылығы министрлігі ғылым басқармасының төрағасы Шавкет Чултуров болды. Ол жас жігіттің ғылымға деген құлшынысы мен ұмтылысын бірден байқап, ғылыми жұмыстармен қалай айналысу керектігі жөнінде ақыл-кеңесін айтып, оның жөн-жосығын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, оңды сілтеме жасайды.
Елтай ағаның Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, 1973 жылы «Жүгерінің, бұршақтың және олардың қоспаларының суару режимі» атты тақырыпта кандидаттық дисертациясын сәтті қорғап шығуы, оған талмас қанат сыйлағандай болады. Жас ғалымға артылған сенім де айырықша көзге түсіп тұрды. 1988 жылы оған «Селекция және тұқым шаруа- шылығы» мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер (доцент) деген ғылыми дәрежеге қол жеткізеді. Мұндай ауыз толтырып айтарлық дәреже оның атқарған адал еңбегінің нақтылы нәтижесі еді. Оның осы мерзім ішінде баспадан 120-дан астам зерттеулері мен 5 авторлық куәлігі және күздік пен жаздық бидайға берілген бір патенті қолында болады. Елекеңнің жетекшілігімен 2 аспирант кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғап шығады. Мұндай ересен еңбегі одан кейін де сәттіліктерден тұратын жақсылығымен жалғасын таба береді.
Елтай Хасеновтың атқарған жұмыстарының ауқымы тізбелей берсе, тіптен жетерлік. 1963-1980 жылдар аралығында аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы, аспирантура бөлімінің кіші көлемді техника зертханасының, Панфилов тірек пунктінің меңгерушісі болып істеген жылдарында да ғаламат ғалымдығымен қатарластары мен әріптестерінің көңілін баурап алғанын, кейінгі жастардың өзі орынды мақтаныш етеді. Елекеңнің 1980-2013 жылдарға дейін «Селекция және тұқым шаруашылығы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, кейін деп бөлім меңгерушісі болып қызмет еткенінің өзі оның өн бойындағы қабілет-қарымының қандай екенін көрсеткендей әсер қалдырады. Оның сол уақыттарда көтерген тың бастамалары мен идеялары өндіріс саласынан орын табуымен ойдағыдай бағаланды. Осы арқылы халықтың алдындағы қадірі де арта түседі.
Мінеки, 87 жасқа сергек қалпымен жеткен Елтай Хамзаұлының әлі де қызметтен қол үзбей келе жатқанының өзі ол кісінің қажуды білмейтін қария екенін дәлелдеп берсе керек. Бұған оның күнделікті спорттық жаттығуларды таңмен таласа жасап, тыным таппайтынының көп пайдасы тиіп жатқанын өзі де жасырмайды. Елтай ақсақалдың еліміздегі шаруа қожалықтарына көрсетіп келе жатқан көмегі ұшан-теңіз. Өйткені, ол тұқым өсірумен айналысатын шаруалармен жиі бас қосып, олармен семинар өткізіп, ақыл-кеңесін беріп тұрудан бойын аулақ ұстаған емес. Атап айтатын болсақ, Елекеңнің ат салысуымен бұрынғы Алматы облысының 10 ауданында егіншіліктің гектар шығымдылығын арттырып, молайтудың шаралары жасалып, өндіріске енгізілгенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Күте білсе жердің жомарттығынан таймайтынын ол дихандар қауымына ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, саналарына жеткізуден жалығып көрмеген ғалым.
Тәжірибесі мол, тәлімгер ғалым 2003 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен «Тұқым туралы» Заңды дайындауға қатысады. Сондай-ақ, бұрынғы Талдықорған облысы Сарқан ауданы басшыларының өтінішімен «Пограничник» совхозының егістік алқабында бұрын аудандастырылмаған күздік бидайдың «Богарная-56» деген жаңа сортын өндіріске енгізеді. Осының нәтижесінде аталған шаруашылық жоспардағыдан әлдеқайда мол қайтарыммен өнім алуға қол жеткізеді. Сол бір көтеріңкі көрсеткіштердің нәтижесі бойынша совхоз «элиталық тұқым шаруашылығы» деген дардай мәртебеге ие болып, молшылық негізін қалағанын Жетісу өңірінің халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан болар сарқандықтар Елекеңді ерекше құрмет тұтады.
Елтай Хасенов ақсақалдың іс жүзінде асырған жұмыстарын айта берсе, шетінен шыға береді. Ол әрине, адал еңбектің арқасы екені сөзсіз. Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты шығарған күздік бидайдың «Стекловидная-24», «Наз», «Казахстанская-10», жаздық арпаның «Сәуле» және «Жұлдыз» деген сорттарын «Красный Октябрь» совхозының егістік алқабында сынақтан өткізіп, өндіріске енгізілуіне білек сыбана етене атсалысуының өзі бір аңыз етіп айтуға тұрарлық. Мәселен, сол жылдары Кеген ауданының шаруашылықтарында қара сұлының қаптап кетуінен гектар шығымдылығы мүлдем төмендеп кеткені үлкен шу болғаны бар. Мұндай зиянкестікке тосқауыл қоюдың жолдарын жіті қарастырған да осы ғалым Елтай Хасенов болатын. Ол ізденісі де игілікті жемісін берді. Содан бастап кегендіктердің егістік алқаптарындағы өнім өлшемі екі есеге дейін артып, ғалымға деген сенімдері берік беки түсті.
Тәжірибелі ғалым Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында 55 жыл бойы табан аудармай қызмет етті. Мұның өзі нағыз еңбекқор азаматқа тән қажымас қайраттың жемісі болса керек.
Елтай Хамзаұлы үнемі қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылып жүреді. 10 жыл қатарынан аталған институттың партия ұйымының бюро мүшесі, Алматы облыстық ғылыми-техникалық (НТО) мүшесі, 1984-1990 жылдары ВАСХНИЛ-дің үйлестіру кеңесінің мүшесі болды. Аталған жұмыстарда оның жауапкершілікті жақсы сезінетіндігі, ар-ұятына шаң жуытпай атқаратындығы қашан болсын көпшіліктің көңілінен шығып жүрді. Оның қоғамдық жұмыста да міндетсінген жері жоқ.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Ғалымның көп-көрім жетістіктері мен ересен еңбегі оның азаматтық тұлғасын абыройдың асқарына биіктете түсті. Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі атағына ие болды. Қарияның қажырлы еңбегі де елеусіз қалған жоқ. «Құрмет» белгісі орденінен бастап, Сарқан, Қарасай, Кеген аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болды.
Бүгінде ел ақсақалына айналған Елтай Хамзаұлының бойына ойы сай келетін қарапайымдылығы, адамдық асыл қасиеттерді, жаратылысынан жадына жинақтаған мейірбандылығы, адам баласы үшін қылдай қиянат жасауға бармайтын адалдығы мен тазалығы кімге болса да үлгі боларлық. Оның жүздеп саналатын шәкірттерінің ұлағатты ұстазға деген ілтипат-құрметі де ерекше.
«Елаға туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол кісінің ауылшаруашылығы ғылымына сіңірген еңбегі ерекшелеп айтуға тұрарлық. Алдымен, ол кісінің адамгершілік қасиеттерін, жұмысына жүрдім-бардым қарамай өте тиянақты, тұқым шаруашылығы саласының білікті де беделді маманы екенін айтқым келеді. Қазақ тіліне өте жетіктігі, сөздің майын тамызып сөйлейтін шешендігі көрген адамды таң-тамаша қалдырады. Елағаң Қазақ ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетін 1960 жылы бітірген. Онымен бір курста мемлекет және қоғам қайраткерлері Серікболсын Әбділдин, Мехлис Сүлейменов, Рақым Оразалиев, Зайролла Дүйсенбеков, Сағидолла Байракимов, Алексей Бойко, Юрий Ажигоев, Гештофт, Бөгенбай Алмаханов, және танымал тағы басқа қоғам қайраткерлері мен ғалымдар оқыған. Елекең, әсіресе, Серікболсын Әбділдаұлымен жақсы сыйласып өтті. Ол бірге жүрген оларға да өте сыйлы болды», – дейді ғалымның шәкірттерінің бірі, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аюп Ысқақов.
Қостанайда туып-өсіп, Алатаудың баурайында, Жетісудің қойнауында ел азаматы болып қалыптасқан Елтай қария ғұмырлық мақсат-мүддесін халыққа қызмет етуге жұмылдырды. Ат жалын тартып мініп, азаматтық парызын шалғайда өтеп, ұлан ғайыр ұлы даланың бір пұшпағына кісілік дәнін еккен Тобыл перзентінің жүрегі қашан да туған жер деп соғады.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ
