Мемлекеттік салауатты өмір салты бағдарламасын іске асыру қамымен қала жастарына арналған шағын футбол алаңы мен жаттығу жасауға арналған көше тренажерларының ашылуы жоғары сән – салтанатымен есте қаларлықтай өтті.
Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, бұқаралық спортты дамытуда қолға алынып жатқан игі қадамдарды тілге тиек етті. Аула балаларына футбол доптарын сыйға тартты.
Жаңа спорт алаңының лентасын қию құрметіне ҚР чемпиондарын дайындаған спорт ардагері Күнтуар Төлегенұлы мен республикалық және облыстық клубтар арасындағы чемпионаттың күміс жүлдегері, үздік ойыншы, Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 6 — шы сынып оқушысы Руслан Жалбыр ие болды.
Керме қиылып, шашу шашылғаннан кейін балалар ішке еніп, ойын өрнегін көрсетті.

«Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектепте оқимын. Қозыбаев көшесінде тұрамын. Үйміздің жанынан ойын алаңы ашылып, өте қуанышты болып жатырмыз. Енді, күнде осында келіп, достарыммен бірге ойнайтын боламын», – дейді Мейіржан Әбдірахман.
Қостанай қаласынан қыдырып келіп жатқан Жансұлтан Қайыров, Нұрислам Мәжитов сынды балалардың да қуаныштарында шек жоқ.
«Жазғы демалыстарымыз көңілді өтетін болды», – дейді қонақ балалар.
Дәметкен Қалжанова,
қала тұрғыны, зейнеткер:

«Еліміз, қаламыз жаңарып жатыр. Басшыларға алғысымызды айтамыз. Өсіп келе жатқан немере-шөберелерімізге бақытты балалық шақ сыйлап жатыр».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
