7 июня, 2025
Жерлесіміз халықаралық білім олимпиадасында үздік атанды

Жерлесіміз халықаралық білім олимпиадасында үздік атанды

«Қостанай дарыны » Өңірлік оқу-әдістемелік орталығы және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 11-сынып оқушылары арасында «Әл-Фараби – 2025» халықаралық олимпиадасын ұйымдастырды.

Қостанай облысының дарынды оқушылары республикалық деңгейде білімдерін дәлелдеп, үлкен жетістіктерге жетуде.

Бұл білімге деген шынайы құштарлық пен тынымсыз еңбектің жемісі екені сөзсіз. Осы орайда, «Қостанай Дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Әл-Фараби – 2025» халықаралық олимпиадасы талантты жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге зор мүмкіндік сыйлады.

Бұл олимпиаданың басты мақсаты – озық ойлы, терең білімді оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету, сондай-ақ, білім мен шығармашылық қабілеттерін шыңдауға жол ашу. Сонымен қатар, оқушылардың мәдениетаралық қарым-қатынасын кеңейтіп, оларды халықаралық білім беру кеңістігіне шығару да олимпиаданың негізгі міндеттерінің бірі болды.

Зияткерлік жарыс үш кезеңнен тұрды және жаратылыстану мен гуманитарлық бағыттар бойынша өтті. Осындай ауқымды додаға Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Қожа ауылындағы «Науырзым жалпы білім беретін мектебінің» 11-сынып оқушысы Төлеутай Сымбат қатысып, тарих пәні бойынша өз білімін сынға салды Алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өткен Сымбат 27 наурыз күні Алматы қаласында өткен олимпиаданың шешуші кезеңінде ерекше білімімен көзге түсіп, үздіктер қатарынан табылды.

Жас талант жүлделі ІІІ орынға ие болып, өз еңбегінің өтеуін лайықты түрде алды. Ол сертификатпен және естелік сыйлықтармен марапатталып, туған өлкесіне зор абыроймен оралды.

Бұл жеңіс – тек бір оқушының жетістігі ғана емес, тұтас ауыл мектебінің, ұстаздарының және ата-анасының да ортақ жеңісі. Ұстаздың ұлы мақсаты – шәкірт тәрбиелеу десек, Сымбаттың осы жетістігіне, тарих пәнінің мұғалімі Түкенова Дана Полатбекқызының қосқан үлесі орасан зор. Білімге деген сүйіспеншілік пен қажырлы еңбекті ұштастыра білген ұстаз еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды!

– Олимпиадада Сымбат тек өз ауылының ғана емес, Қостанай облысының намысын қорғап, жеңіспен оралған жалғыз оқушы екенін атап өткен жөн. Бұл – ауыл мектебінің де, тұтас өңірдің де білім саласындағы зор жетістігі. Қиындыққа мойымай, мыңдаған шақырымды еңсеріп, Алматы төрінде өз білімін дәлелдеген шәкірттің қайсарлығы көпке үлгі. 11 жыл бойы мектеп қабырғасында жинаған білімін үлкен додада дәлелдеп, ауылдан алыстағы Алматыға барып, бағы мен бабын сынаған оқушымызды ерекше құрметпен қарсы алдық. Бұл – тек бастамасы деп білеміз, – дейді мектеп директоры Суинбекова Гулмайра Табановна

Осындай білімімен биікке самғаған шәкірттер көбейе берсін. Сымбатқа алдағы ҰБТ-да сәттілік тілейміз. Жеңісті күндерің көп болсын! Алда сені алар асулар мен бағындырар белестер күтіп тұр!

Әйгерім Мұратбек,

ҚӨУ студенті
Науырзым ауданы