Қаламызды екі күн бойы ән думанға бөлеген республикалық «Көктем-қыздар» атты әншілер байқауы бүгін өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Бұл байқаудың біздің өңір үшін орны бөлек. Неге десеңіз, ән додасы ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің 70 жылдық мерейтойына арналған.
Қалибек ағамыздың әндері жүректен шығып, жүректерге жеткен, жанды баурап алатын сазымен ерекше. Өнер кеші біздің облысымызда ең алғаш 2018 жылы өткен болатын. Содан бері араға бес жыл салып, қайта қолға алынып, әншілердің басын қосып отыр. Ән байқауына Қостанай облысымен қатар, Жетісу, Жамбыл, Ақтау, Ақтөбе, Ақмола өңірлерінен 12 үміткер қатысты. Олар композитордың «Айлы түнде», «Көктем қыздар», «Ерке құсым», «Сағыныш сазы» және басқа да көптеген шығармаларын әуелетті.
Жиналған қауым да әнге қосылып, бір жасап қалды. Байқаудың мақсаты – қазақтың ән өнерін насихаттау. Ән әлеміндегі жаңа есімдерді халыққа таныстыру. Кешті ұйымдастырушы облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы.
Ән сүйер қауым, әсіресе Қалибек ағамыздың әндерімен сусап өскен аға буын түгелімен Жастар сарайын толтырды. Екі күнге созылған байқаудың өзіндік талабы бар. Бірінші кезеңінде қатысушылар қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен 2 ән орындап, оның бірі міндетті түрде Қалибек Деріпсалдиннің, екінші ән өз қалауы бойынша жергілікті композиторлардың шығармаларынан болды. Ал екінші кезеңде композитордың эстрада жанрындағы әні орындалды.
Кешке композитор ағамыз сырқаттанып жүргеніне қарамастан арнайы келіп, қазылар алқасының құрамында болып, бастан-аяқ қатысты. Көрермен, дос-жаранмен кездесіп, әндерін орындап жатқан кейінгі буын жастарды көріп, балаша қуанып қалды. Кеш иесін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақов, ҚР Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров құттықтап, иығына шапан жапты. Туған жерінен Аманкелді ауданы әкімінің Алғыс хаты табысталып, ардагерлер кеңесінің мүшелері сөз сөйледі. Байқауға Қалибек Деріпсалдинмен қоса, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермұрат Үсенов, ҚР Мәдениет қайраткері Серікжан Әбдінұров және осы доданың алғашқы жеңімпазы, мәдениет саласының үздігі Жанатбек Қадіров төрелік етті.
–Өсы өңірдің дарабозы, кешегі ұлылардың ізін басқан Қалибек досымның кеші өте жақсы өтті. Әннің әуезі мен сөзі өзара қабысса туындының тұғыры биік болары сөзсіз. Әсем әуенді тыңдарманның жүрегіне жеткізу кез келген композитордың қолынан келе бермейді. Мен екі байқауға да төрелік еттім. Кешеден бері жастарды сынға алдық. Оркестрмен немесе эстарадамен айта алмайтын жастардың барын да бақыладық. Бірақ олар осындайдан шыңдалады. Байқау жыл сайын өтіп тұрса да артық емес. Өнерпаздар еліміздің әр түкпірінен келіп жатыр. Болашақта осы жастардың арасынан жұлдыздар шығып, Қалибектің әндерін әр тарапқа тарата береді деп сенемін, – деді қазылар алқасының мүшесі Ермұрат Үсенов.
Сонымен Бас жүлде Ақтөбе қаласынан келген Әкімжан Шәкіровке, бірінші орын Федоров ауданының ағайынды әншілері Тасқын, Фариза Жоламановтарға бұйырды. Екінші орыннан Ақтаулық Ақниет Сейфуллақызы көрінсе, үшінші орынды талдықорғандық Тілекбай Нағымбаев пен қостанайлық Мәулен Қадыров бөліп алды. Өзге үміткерлердің барлығы байқауға қатысқаны үшін марапатталды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.