“Халық” қоры өкілдері: “Әулиекөлдегі балабақша үздік стандартқа сай салынады”

“Халық” қоры өкілдері: “Әулиекөлдегі балабақша үздік стандартқа сай салынады”

«Халық» қайырымдылық қоры мен Қостанай облысының әкімдігі бірлесіп, Әулиекөл ауылында салынып жатқан жаңа балабақшаның құрылыс барысымен танысты.

«Өткен жылы орын алған өрттің зардабын тұрғылықты халық әлі сезінуде. Бұл жағдай қостанайлықтар үшін ауыр кезең болды. Мұндағы халық өткір мәселемен жалғыз қалмауы керек деп санаймыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Осы мақсатта «Халық» қоры 1,3 млрд теңгені бөліп отыр. Бұл қаражат Әулиекөл ауылына 280 орындық балабақша салуға жұмсалды. Жоспарға сәйкес балабақшаның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады»,- деді «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Балабақшаның құрылысы 2022 жылдың желтоқсанында басталған болатын. Жоба бойынша 2 га жер телімінде ауданы 4 202,3 м2 үш қабатты ғимарат салу қарастырылған. Бүгінгі күні жаңа балабақшаның іргетасы қаланып, ғимараттың жертөле плиталары орнатылған. Ғимараттың бірінші қабатының құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалған.

«Балабақша ең үздік стандарттарға сай болуы үшін жоба мұқият пысықталды. Балалар жаңа әрі заманауи үлгідегі балабақшаға барса деген ниеттеміз», – деп атап өтті Нариман Әбілшайықов.

Бүгінде Әулиекөл ауылында 480 балаға шақталған 2 балабақша және мектеп жанында 4 шағын орталық бар. Оның ішінде 2 балабақшада 335 бала, 4 шағын орталыққа 145 балаға орын қарастырылған. Сондықтан жаңа балабақша қуаттылығы жағынан да, аумағы жағынан да аудандағы ең заманауи және ең үлкен балабақша болмақ.Онымен қоса, жаңадан салынып жатқан мектепке дейінгі мекеменбалабақшаға кезекті азайтып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

«Қазір Әулиекөлде екі балабақша мен төрт шағын орталық жұмыс істейді. Ал кезекте тағы 180 бала тұр. Негізінен, бізде 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмаған. Осы 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталғаннан кейін біз 14 топ ашуды жоспарлап отырмыз және олар негізінен бөбекжай болады. Содан кейін аудан орталығында мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі толығымен шешілетін болады», – деп түсіндірді Әулиекөл ауданының білім бөлімінің басшысы Досбол Құсайынов.

Оның айтуынша, балабақшаға мектеп жанындағы шағын орталықтарда жарты күн жұмыс істейтін тәрбиешілер де жұмысқа орналасады. Сонымен, жаңа балабақша ашылғаннан кейін кезекте тұрған балалар ғана емес, мектеп жанындағы дайындық орталықтарындағы балаларға да мектепке дейінгі білім беру орындарын қамтамасыз ету мүмкіндігі жасалмақ.

«Құрылысқа тек сапалы өнімдерді қолданып жатырмыз:  Көкшетауда, Қостанайда, Рудныйда  шығарылатын кірпіштің үш түрі қолданылуда. Құрылыс және ішкі әрлеу жұмыстарына  кәсіби әрі білікті жергілікті мамандар тартылған. Нысан құрылысын қарашада аятауға тырысып жатырмыз, ал алдағы шілде айында құрылыс алаңын босатып, барлық коммуникациялық желілерді тартуға және аумақты реттеуге дайындаймыз», – деді «Рудный Соколовстрой» ЖШС бас директоры Нұрлан Орымбетов.

Еске салсақ, 2022 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртеніп, тілсіз жау жалпы ауданы 43 мың гектарды құрайтын орманды алқап пен далалы аймақты қамтыған болатын. Екі елдімекендегі 90-нан астам тұрғын үй өрттен зардап шеккен. 2091 адамды құтқарушылар эвакуациялаған, олардың көпшілігі жарақат алып, күйік шалып, уланған. Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімдігінің өтінішіне сәйкес, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен ауыл тұрғындары үшін Әулиекөл ауылында жаңа «Бірлік» шағын ауданын салып, онда 91 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып, жаңа балабақша салу үшін жер учаскесі қарастырылған болатын.

Айта кету керек, Қостанай облысындағы төтенше оқиғаның салдарын жоюға ел болып  жұмылып, бизнесмендер де, қоғам қайраткерлер де көмек көрсетті.«Халық»қайырымдылық қорыигі істен тыс қалған жоқ, барынша қол ұшын беруге бірден атсалысқан қайырымдылық қордың қатарында. Осылайша, «Халық» қорыжаңа балабақшаның құрылысына 1,3 млрд тенге бөлген.

Жаңалықтармен бөлісу