Ұлттық бұйымды дәріптеген ханым

Ұлттық бұйымды дәріптеген ханым

Кәсіпкер Раушан Сейтованың қиялынан шыққан әрбір ұлттық нақыштағы бұйымдар көргеннің көз жауын алады. Қазақы нақыштағы ұлттық киімдер, бұйымдар, әшекейлер тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет туындыларын облыс орталығында ашылған «Syilyk» сауда орнынан сатып алуға болады.

Мұнда негізі кішкентай бүлдіршіндер киімдерінен бастап, керемет қамзолдар, шапандар, бүрмелі көйлектер, қыз жасауы, көрпе-жастықтар, ерекше шоппер және басқа да бұйымдар сатылымға шығарылған. Бір ерекшелігі, «Syilyk» тек дүкен ғана емес, өндіріс орны. Яғни, ұлттық бұйымдардың басым бөлігі осы жердегі тігіншінің қолынан шығады да, осы орында саудаланады.

Раушан Сейітқазықызы ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында ұстаздық етті, педагогика ғылымдарының кандидаты. Ұлтымыздың тәрбиесі, құндылығы ол кісіні ою-өрнекке жақындата түсті. Біртіндеп осы салаға жақындай бердім дейді. Мәселен, шетелдіктер елімізге, соның ішінде Қостанай жеріне келгенде, олар алдымен біздің байырғы салт-дәстүрімізге қызығушылық танытып, ұлттық киімдерімізді іздейтіні анық.

– Ұмытылып бара жатқан құндылықтарымызды ел-жұрт, туристер көрсін, отандық өнімге қызығушылық танытып, игілігіне жаратсын деген ниетпен қаланың дәл ортасынан осы сауда орнын аштық. Осы уақыттың ішінде қазақи нақыштағы бұйымдар, ұлттық киімдер тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Қытай, Франция, Германия, Грузия және АҚШ сияқты алыс мемлекеттерде орын тауып үлгерді. Егер бізге «Syilyk-тың» басқа сауда орындарынан айырмашылығы неде деп сұрақ қойса, былай деп жауап берер едім: ең бастысы, біз үшін қазақи нақыштағы бұйымдар мен ұлттық киімнің сапасы басты орында. Екіншіден, бұл масс-маркет емес, шағын ғана топтамалар тігеміз. Тағы да біздің ерекшелігіміз тек сатумен айналыспаймыз, біз өндірген заттарды тапсырыспен орындаймыз. Егер қандай да бір сұрақпен келетін болса, әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы да кеңес беруге әзірміз. Және инстаграм  парақша (@syilyk.kostanay) арқылы ою, ұлттық салт-дәстүр туралы ақпарат жариялап тұрамыз. Оның сыртында ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер туралы сұрағымызға дұрыс жауап берген оқырманға арнайы сыйлық та ойнатылып тұрады. Әрине, бір адамның қолынан ештеңе келмесі анық. Сондықтан осы әсемдік бұйымдардың бәріне менің құрбым, сырласым, бірге өскен тігіншім Күлжан Ильясова көмектеседі. Ол он саусағынан өнер тамған  шебер. Сондықтан осындағы сұлулықтың бәрі оның қолынан шыққан. Жалғыз өзім осындай сауда орнын аша алмас едім, маған қолдау-демеу берген жолдасым Марат пен балаларыма мың алғыс, – дейді кәсіп иесі.

Раушан Сейтова бірнеше жыл бұрын ұлттық бұйымдар тігумен айналысатын шеберхана ашыпты. Қазіргі уақытта оның қасында көмекшісі бар, ол тапсырыстарды орындауға көмектеседі. Кәсіпкердің қазақ дәстүріне деген сүйіспеншілігі бала кезінен қалыптасқан. Анасы қолөнермен айналысса, әпкелері ұлттық бұйымдарды отбасылық тойларға арнап тіккен екен. Анасының жолын ұстанған Раушан да оқытушылықты тастап, төл өнерді дамытуға бет бұрды. Тіпті, «Syilyk» дүкенінде анасының ертеден келе жатқан сандығы да қойылған.

Алғашында тек отбасы мен туыстарына, таныстарына арнап тігіп жүріпті. Сауда орнын ашу қостанайлықтардың сұранысынан кейін туындапты.

– Адамдар мұны кім жасайды деп сұрап, қызығушылық таныта бастады. Сұраныс ұсынысты тудырды, – деп бөлісті Раушан Сейтова.

«Ою ойғанның – ойы ұшқыр». Шебер әр өрнекке дейін назар аударады. Бұйымдардың дизайнын өзі жасап, материалды таңдайды және тапсырыс берушілердің қалауын да ескереді. Қазір той-томалақ, мерейтойларды бір түсте өткізу сәнге айналды, ал осындай атрибут ұлттық колоритті толықтырады.

– Қазіргі сатып алушылар өте талғампаз. Сондықтан оларға әрдайым тың дүние ойлап тауып, ұсынып отыру қажет. Біздің жұмыстарымыз эксклюзивті, – деп атап өтті ол.

Бір ерекшелігі, әр оюдың элементтеріне дейін ерекше назар аударылады. Мысалы, бірдей оюды қалыңдықтың бас киіміне және көрпеге қолданбайды. Оюлардың тарихы алдын ала зерттеледі, сосын оның жұмысына кіреседі. Сонымен қатар, қалыңдықтың бас киіміндегі дәстүрлі қауырсындар тек эстетикалық әсемдік үшін ғана емес, белгілі бір мағынаны айғақтайды. Сол сбепті, ұлттық ою-өрнекке қатысты бірнеше кітап та сатып алған.

– Қазақ ырымдары бойынша қауырсындар жын-шайтаннан қорғап, тұмар ретінде саналады. Мұндай элемент сәбиді көз тиюден сақтай алады. Мысалы, балалар бұйымдарын тіккенде жылтыр моншақтар көп қолданылады, ырым бойынша баланы тіл-көзден сақтайды. Қазақ ұлттық киімді климаттық жағдайларға қарай киген. Мысалы, жылқы үстінде киетін киім, оның мезгілдік түрлері әрқалай. Ата-бабамыз киімді неден тікті? Ең алдымен, былғары, аң терісінен. Бірақ, жібек пен барқыт та көп қолданылған. Киімнің матасының өзі адамның әлеуметтік статусын, қай рудан екенін анықтауға мүмкіндік берген. Жас қыздар тұрмысқа шыққанға дейін моншақ, тиындармен әшекейленген тақия киген. Ал көйлектерінің түсі қызыл, сары ашық болған. Әйел жасы ұлғайған сайын киімі де қарапайым түстерге ауысқан – жасыл, көк, қоңыр, қара сияқты түстерге. Әшекейлері де аз болған. Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі емес пе, – деп ойын түйіндеді Раушан Сейтова.

 

Қазір ер азаматтардың, қыз-келіншектердің заманауи үлгідегі ұлттық киім мен тақияны мереке, той-думанда ғана емес, күнделікті өмірде киюі сәнге айналғанын қалаймыз ғой. Бұл дәстүрдің өміршең болуын Раушан Сейітқазықызы да құптайды. Киіммен қатар, ұлттық нақыштағы бұйымдар тағып жүрсек, нұр үстіне нұр емес пе!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК

Жаңалықтармен бөлісу