Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында Қостанайда жедел жәрдем фельдшерінің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
“Халықтың денсаулығын сақтайтын медицина қызметкерлерінің қызмет барысында, өз денсаулығына қатер төндіретін оқиғалары көбейіп барады. Жақында ғана Қостанайдағы жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасалды. Шақыртуға келген жас қызметкер – Әнел Баймырзинаның ұрып-соғу салдарынан алған жарақаттарынан ауруханаға түсті. Әнелдің отбасына өз тарапымнан қолдау білдіре отырып, бұл жағдайдың назардан тыс қалмайтынын жеткіземін”, – деп жазған ол.
Министр мәліметінше, шұғыл медицина қызметкерлері адам өмірінің аса қауіпті кезеңінде көмекке келетін және өз өмірінің қатеріне де мән беруге мүмкіндігі бола бермейтін қызметкерлер санатына жатады.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2019-2023 жылдар аралығында елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде 158 медицина қызметкерлері зардап шеккен. Оның ішінде
- 2022 жылы – 46;
- 2023 жылы – 80;
- 2024 жылы – 9 шабуыл тіркелген.
“Медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында, оларға жасалған шабуыл, зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге байланысты депутаттардың қолдауына сүйендік. Мұндай әрекеттер еркіндікті шектеуге және қоғамның айыптауына дейінгі әділ жазасын алуға тиіс. Дәрігерлер мен мейіргерлер – сіздің денсаулығыңызға күнделікті қамқорлық жасайтын, уақытпен, жеке өмірімен және қиын жағдайлармен санаспай көмекке келетін жандар. Денсаулық сақтау министрлігі өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың өмірін сақтап қалатын медицина қызметкерлерінің қайсарлығы мен батылдығын атап өтетін болады. Әріптестерімнің өз мамандығына адалдығы қоғамға кеңінен танылып, бәрімізге үлгі болуға тиіс”, – деп қорытындылады ол.
Сурет Tengrinews.kz-тен алынды