Нәзира ЖӘРІМБЕТ. Сен бізді кешір, Би-аға!

Нәзира ЖӘРІМБЕТ. Сен бізді кешір, Би-аға!

Бейімбет Майлиннің  туғанына 100 жыл толуы Қостанай өңірінде тойланған 1994 жылы іздестіріп жүріп, Бейімбеттің туған інісі Биғондының әйелі Құлпы Досмағанбетқызы әжейді тауып алдық.

Сол жылы 85 жастағы қария Таран ауданының (қазіргі Майлин атындағы ауданның) «Красносельский»  совхозында Хадиша деген қызының қолында тұрады екен. Әжейдің қартайған, қажыңқыраған кезі. Бірақ қартайса да еңкіш тартпаған, иығын тік ұстайтын қарияның жас кезінде бойшаң болғаны байқалады. Қасында бір күн қонып, суыртпақтап отырып, біраз естеліктер айтқызған едік. Ағайынды Бейімбет пен Биғонды қоржын үйде бірге тұрыпты. Бейімбет  ауылдан көшкеннен кейін, сол үйде Биғонды қалады.  «Шырағым, пенденің басынан талай заман өтеді екен. Биғондыға жастай қосылып  едім.  Жақсы жігіт еді. Қайнағаға ұқсайтын. Одан бір ұл таптым, бесіктегі кезінде шетінеп кетті. Өзі де ауырды, бас-аяғы бір жарым жыл ғана отастық.  Қыстыгүні  көрші ауылдағы пелдшерге апарып,  қайтып келе жатқанда  атарбаның үстінде үзіліп кетті» деп бастаған әңгімесін Құлпы әже.

Бұл 1931 жылдың аяқ кезі болса керек.  «Биғонды Жалшыдағы кебіндеп қойылған соңғы адам болды ғой. Одан кейін алапат аштық басталды да, өлгендерді  көр қазып, кебіндеп қоюға жұрттың шамасы  болмады, ауыл сыртындағы жамға сүйретіп апарып тастай берді. Жазғытұры ауыл  сасып бара жатқан соң топырақпен бетін жасырды» деп, әже үнсіз отырып қалды.

Бейімбет інісі қайтқанда келе алмайды. Тек 1933 жылы  келіп, Жалшыда біраз күн аялдайды. Бұл кезде Жалшы ауылының тоз-тозы шығып,  тарауға айналған екен. Ауылдағы адамдардың біразы аштықтан өліпті. Айналадағы елді мекендерге тамақ іздеп, безіп кеткен  ауылдастарын қайта жинап,  барлығына мал алып береді. Жесір келінінің қорасына да бір қашар әкеліп байлайды.«Қайнағаның атағы дүрілдеп тұрған ол кезде. (Жарықтық Құлпы әже әңгіме барысында  Би-ағаның атын бір атаған жоқ, «қайнаға» деп отырды). Теңселіп зорға отырған Жалшы ауылын бір көтеріп тастады ғой. Сондай азамат, қадірлі адам  еді ғой» деп әжей тағы үнсіз, көзін бір нүктеден алмай отырды. «Қайнағаны көзі қиып қалай атты екен, ә! Әруағыңнан айналайын-ай десейші, адам баласына зияны жоқ кісі еді-ау! Бір құдай бар ғой!..» деп жан жарасының  сызы әлі  бітпегендей,  бір күрсініп, басын шайқап қойды. Құлпы әжейдің «уһілеп» күрсінуінен әділетсіз күштің алдында дәрменсіз күй кешкен уақыттың сызы білінгендей болды. Осы кезде  менің есіме бала кездегі өз әжемнің  аталарымыз  малын Қызылқұмның ішімен айдап, алып қашқанын айтып отыратыны есіме түсті. «Талайдың сүйегі құмның ішінде шашылып қалған» деген сөздерге ойын баласы қайдан мән бере қойсын?  Әжем де әруақ, құдайды көп айтатын. Қазір ойласам, «әлі келмеген ақыретшіл» дегендей, заманның ызғарынан жазықсыз көрген қуғын, одан шеккен азап олардың жүрегінде мұз болып қатқан екен.  Зеңгір көктегі ақшулан түбіттей бұлттар арасынан  «әруақ, құдайды» көріп қалатындай, бойымнан  жасқаншақ сезім жүгіріп өтіп, әжемнің айналасынан алысқа ұзамауға тырысатынмын.  Балалық шақтағы әсер, естіген сөз адам санасында жаңғырып тұра ма деймін. Қалжыраған қарияның үзік-үзік әңгімесін тыңдап отырып, маған Би-ағаның әруағы аспанда, ақша бұлттардың арасында жүргендей сезіндім.

Тұтас ұрпақ  кеңестік дәуірде ер жетті. Бәрі теңелген, ас та төк заман болған сияқты. Партия деп ұрандатты, соның тәрбиесімен өсті. Тарихын көзіңе көлегейлеп ұстасаң, күн көрінетін  жұқа кітаптан оқыған, «тамыры жоқ, тақыр жерден»шыққанына иланған ел коммунизмді бетке ұстап, тентіреп бара жатты.Ұлтының шынайы тарихын, басынан өткен заманның запыранын айтқан аға ұрпақ әңгімелерін құлағына ілуге кітаптар мен оқулықтардан Кеңес өкіметі туралы «сірің қисық» деген сөз оқымаған ұрпақтың зауқы да болған жоқ. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары аз ғана жыл тойынған халық шынайы  тарихына ашыққаннан, шындықтың тұншыққанынан тоқырауға ұрынған екен-ау. Тыңдаушысы болмаған өз әжем мен Би-ағаның келіні  Құлпы әженіңде ішінде талай әңгіме кеткенінде дау жоқ. Би-аға осыны сұңғылалықпен сезді ме, қазақ аулының  жылнамасын өзі жазып кетіпті. Сол сұңғыланың  шекпенінен шыққанның бірі әрі бірегейі, қазақ әдебиетіндегі бүгінгі классик Төлен Әбдік сексенге толған жылы оқырмандарымен туған жерде өткен  кездесуінде: «Өкінішке қарай, Кеңес заманындағы әлемдік деңгейге көтеріліп кеткен Мұхтар Әуезовтен басқа біздің керемет жазушыларымыз ұмытылып кетеді. Өйткені олар шығармаларына тек кеңестік құрылысты негіз етті. Ал Бейімбеттің жөні бөлек. Ол Кеңес өкіметін айтып отырған болып, оны келеке етті, оған күлді» деген еді. Дуалы ауыздан шыққан сөздің имандай шындығына уақыт өткен сайын бүгінгілер де, кейінгілер де куә болар.

Бейімбет Майлин шығармаларын оқыған сайын, ұлы әруақты өз қазағымен жалғап тұрған құдіретті тінді сезінгендей боламыз. Би-ағаның түрмеде тісін қаққан, өзін атқан алыпсоқ  ақымақ күш оның тілін кесе алмап еді. Қара күш ойранын салғанмен, сөнбеген рухтың қоламтасы маздай берсе, әділеттілік түбінде күннің көзін көреді екен. Әділдік жеңді. Бүкіл дүниенің божысын ұстаған құдіреті мықты уақытқа қарсы тегеурін көрсетер күш бола қоймас. Бүгін жер де, ел де өзгерген, Бейімбет Майлин деген біртуардың өзі дауылы мен жауынын көрген, құрбаны болған темір құрсаулы  заман да әлдеқашан келмеске кеткен. Қазақтың жерінде ақ түйенің  қарны жарылған. Тәуелсіз Қазақстан республикасын, жер көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орында тұратын қазақ елін  жұмыр жердің төрт шалғайы түгел біледі десе болады. Дүниедегі мойны озық елдермен саяси-экономикалық, мәдениет салаларындағы қарым-қатынаста тең әріптес, әлемдік  маңызы бар түрлі халықаралық  беделді ұйымдарға толық мүше. Қай мемлекет болса да  қазақ еліне баяғыдай бодан деп емес, Орта Азиядағы алдыңғы қатарлы дамыған  ел деп қарайды, санасады. Міне, аталар арманы, алаштықтар, солармен бірге Би-ағаның арманы да осы емес пе еді?! Бірақ ақ бұлттар арасындағы Би-ағаң миығынан күлімсіреп қарап отырғандай болғанда, саналыға маза жоқтай көрінеді. Ол бар жақсылықты да, кемшілікті де, ұлттың ішкі қуатын да өзі сияқты моп-момақан, қоңыртөбел тіршілігі бар ауылдан іздеген. Сол жердің құнарлы, қойдың қиындай қызулы топырағынан өзі түлеп ұшып, ұлтының көгіне бір жұлдыз боп қадалды.

Құлпы әжеміздің айтуына қарағанда, Жалшы ауылына келгенде Би-ағаның  қасында  Елубай Өмірзақов болады. Екеуі Жітіқара, Денисов жағымен қайтады да, жолай Жітіқараға соғып, сондағы алтын өндірісіне барады. Сол сапарынан «Социалды Қазақстан» газетіне «Жетіғара» атты мақаласын жариялайды. Онда Би-аға қазақ тілі мәселесін қозғайды. «Мекемелерді аралап жүрмін. Кеңсе орыс тілінде. Қазақ қызметкерлері едәуір секілді, қай бөлмеден болса да көзге шалынады. Бірақ солардың өздері де орысшаға тым бейім екен. Қазақ қызметкерлері бір-біріне хат жазса да орысша сүйкейтін тәрізді. … « Қайтейік, біз өндіріс орнымыз ғой?» дейді. Жұмысшыларының 70-80 проценті жергілікті халықтан болып отырғанда, өндіріс орны жергілікті тілге көшпесін деп партия қашан айтып еді?» деп ашына жазады. Әруағыңнан айналайын Би-аға, осы сөзді 1933 жылғы қыркүйекте емес, 2024 жылғы қыркүйекте жазып отырған сияқты. Бүгінгі Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі қадамының Бейімбет Майлин жазған көріністен аса өзгеріп кеткен ештеңесі жоқ… Автор ұлттың жағдайын ойлауды партияға асып қоймауды, өзінің қамын  ұлттың өзі ғана ойлайтынын меңзеп, тіпті ашық айтып тұрған жоқ па?Бүгін мемлекет тарапынан  мемлекеттік тілге көңіл бөлінбейді десек, ақиқатқа қиянат боп кетер. Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыттан бері қазақ тілінде білім беретін мектептер саны еселеп көбейді, оқулықтар, бұқаралық ақпарат құралдарының хабар таратуы, баспа ісі– бәрі де тамаша сияқты. Сонда да мемлекет тілді қолдану аясын кеңейтудегі кібіртік, мимырт жүріс ойлантады.  Қазақ тілі мәселесінің  ХХІ ғасырдың ширегінде тіпті өткірлене  түскенін мойындамауға лаж жоқ. 1933 жылы көктемде Қарағандыға барған сапарында Би-аға сол өңірдегі қолына қалам ұстаған талапты жастармен кездесіп, өсиет айтады. «…М.Горькийдің: «Жақсы жазу үшін өзіңнің ана тіліңді жақсы білуің керек» деген қағидасын мен әсте ұмытпаймын» дейді өз тәжірибесінен сөз қозғағанда. Бүгінде қойыртпақ көжедей әлеуметтік желіні былай қойғанда, басылымдар мен тележурналистикада жүрген журналистердің сөз саптауындағы орыс тілінен тікелей аударылатын калькалар көз сүріндіріп, құлағыңды тіліп өтеді.

Бейімбет Майлиннің осыдан тура бір ғасыр бұрын жазған «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген өлеңіндегі осынау бір ауыз сөз бүгінгі күннің  де ұраны болуға әбден лайық, тіпті аса өткір мәселе. Бір ғасыр бұрын ауылды көтеруге, гүлдендіруге шақырған сөздің салмағы бүгін де дәл солай ғой! Би-аға «Ауыл» деген өлеңінде «Көңілді ауыл, көрінді ауыл жұмақтай, Ішсең тоймас, қымызы кәусар бұлақтай. Малы, жаны, қаз бен қуы, сұлуы, тартар мені магнитімен шыдатпай» деп жазған ауылдан қазір бәрі қашады. Облыс картасынан  жыл сайын кемінде 5-6  ауыл сызылып тасталады. Осыдан біраз жылдар бұрын елге құтты қоныс болған, шаруасы дөңгеленген жерде үйдің жұрты, малдың көңі ғана қалып жатыр. Қазақстанның өзге шалғайларын былай қойғанда, Қостанай облысында жыл сайын  ауыл мектептерінің аясы тарылып, бала саны азаймаса көбеймейді. Одан қалды жабылып,  өзге мектептермен біріктіріліп тынады, уақыт өте келе ол да жабылады. Етіміз өліп бара жатқан, үйреншікті көрініс. «Ауыл енді ұлттың ұясы бола ала ма?» деген  сұрақтың өзі арқаңа аяздай батады. Тек қазір емес, қашаннан ауыл ел экономикасының негізгі секторы –ауыл шаруашылығымен егіз ұғым болып  саналады. Мұның бүгінгі экономикалық саясаттағы маңызы да ерекше. Ауыл болмаса, ет қайдан, сүт қайдан болсын? Ет пен сүтті өзіміз өндірмесек, өзінің өнімін тықпалайтын өзге жұрт жетіп артылады. Ауыл шаруашылығына жыл сайын миллиардтаған теңге қаржы бөлінеді. Солай бола тұра, өндіруші емес, тұтынушыға айналған елдің қадірі, айбыны қандай болмақ?.. Ауыл шаруашылығына ғылым мен өркениеттің жаңалықтары да енгізіліп жатыр, шет жерден әкелген озық техникада есеп жоқ, озық тәжірибе де жетеді. Бірақ алтын дән, мыңғырған  мал өсірілетін жерде ауыл неге әлі кедейдің қосындай?Жалаң аяқ, шыбықты ат қып мініп, сайран салып өскен туған жерге деген сағыныш сезімі аға ұрпақты өгей шешенің бауырындай жылытпайды. Тілі тұтылып өсіп келе жатқан жас ұрпақ жүйрік мініп, желмен жарысудың не екенін, аталары аунаған көк шалғынның иісін сезіне қоймас, сірә.  Ақ бұлттар арасынан толқын шашы маңдайына түскен Би-аға ойлы көзбен қарайтындай, шамалы кекесіні аралас жұмбақ жымиысы бар ма-ау… Ұлы әруақ «бәрін айтып едім ғой» деген ишара беретіндей.

Бейімбет Майлин 1933 жылы Қарағандыға барған сапарындағы жастармен кездесуінде: «Әңгімені қандай дәуірде жазып отырғанымды ойлап, негізгі өзекті тауып алам. Біздің дәуір – шытырман оқиғалы әңгіменің дәуірі емес, жоғары идеялы адамның ішкі сарайын ақтарып көрсететін ойлы шығарма жасаудың дәуірі. Өміріміздің елеусіз деген көріністерінің өзінен тәрбиелік мәні зор әңгіме туады. …Мен ондай очеркімнің  логикалық өрісін кеңейткенде, шындықты құр жылтыратып, біржақты дәріптеуден аулақ болып,  өмірдің көлеңке жағын қалтарыста қалдырмай,  ұнамсыз кейіпкердің қылығын  көбіне оқығаныңда  езу тартарлықтай зілсіз күлкімен, нәрлі юмормен, ирониямен беруге тырысамын. Публицистикалық пайымдауларым  очеркітің  композициясын көріктендіріп тұрады», – дейді. Осы бір ауыз сөзімен өзінің бүкіл шығармашылық лабораториясына шолу жасап, түйіндеп бергеніндей, ол қай шығармасында да қазақ қоғамын өсірмейтін кеселді тап басып, оған  оқырманын күлдіре отырып, күйіндіреді. Сол кеселдерден бүгін тәуелсіз ел де, озған елдердің  қатарына ұмтылған қазақ қоғамы  да арылған жоқ. Би-аға күлкі нысанасына алған дінді аздырған дүмшелер,  парақорлар, жемқорлар, азғындар, құлқынның қамын ойлаған қулар, білімді-білімсіз надандар  дүниенің төрт бұрышы танитын, тәуелсіз және жаңа Қазақстанда да өріп жүр. Би-ағаның «Түйебай» деген алақандай әңгімесіндегі білім алайын десе берері жоқ, қуыс кеуде білімсіз молданың таяғынан қашатын, өзін «еті сіздікі, сүйегі біздікі» деп молдаға әкеп берген әке-шешенің мейірімін, тәрбие-тағлымын көрмеген, қойдың соңында амалсыз жалшылықта жүрген мінезді бала, құқы тапталған  Түйебайлар бүгін де арамызда жоқ емес. Білім беру саласындағы сырттан тиімділігін зерттемей көшіре салатын нәтижесіз, бітпейтін реформалар, жемқорлық, бала тәрбиесіндегі кемшіліктер  жас ұрпақты болжаусыз бағытқа бастайды. Адамзат қоғамындағы өмірдің қай саласында болсын,  басталған іс адамгершілікке суарылмаса, ол жерде даму болмайды, ал дамыса  адам оның пайдасын емес, зиянын тартуы ықтимал. Бұл адамзат жүріп өткен барлық дәуірдегі сияқты бүгінгі қазақ елінің қоғамына да тән.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Бейімбет Майлиннің қаламына іліккен мәселелердің сыртқы формасы басқа болса да, ішкі мазмұны ХХІ ғасырда өзгермеді. Ол шығармаларында «өмірдің елеусіз көріністерінің» барлығын өзінің аулынан, өзінің  қазағынан тапты. Тектінің тегеурінді қаламынан туған асыл сөзі  жазушының  ұлтты сүю үлгісі еді. Жазушы сырттан, озық жұрттан да ешнәрсе іздеген жоқ, қазағының жақсысын да өзіне айтты, жаманын да өзіне айтты. Байды айтса да, кедейді айтса да өз ұлтының мұңын мұңдады. Ауылын, сол ауылдың сұлтаны мен ұлтанын айтып отырып,  ұлттың ішкі қуатына сенді, соның шоғын үрледі. Халқының бодандықтан көрген қорлығына, соны жасаған кеңестік қызыл саясатқа қарсылығын кекесінмен жеткізді.

Ғасырына да, заманына да қарамай, Би-аға қашан да қазағымен бірге, айырмамыз – ол көкте, біз жердеміз. Біз одан алыстап, оны ұмытып кете алмаймыз. Қазақтың  бетіне жел тимесін десек,  Би-ағаны іздейміз. Тіліміз мүдірмесін десек, Би-ағаны іздейміз. Қасиетті дініміз азбасын десек, Би-ағаны іздейміз. Қоңыртөбел ауылдағы қараша үйдің жыртығындай әлі оңала алмаған тұсымыз үшін  Сен бізді кешір, Би-аға! Өркениеттің жалына жармасып, көптің ішінде жаһанды айналып бара жатқан қазағыңның ері аумасын деп жебей жүр!

Қостанай қаласы 

Жаңалықтармен бөлісу