Бата – тынысың, тағам – ырысың ????????????????????????????????????

Бата – тынысың, тағам – ырысың

Осындай атаумен Сарыкөл аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдары мен бата беру дәстүрін дәріптеп, өнегелі салтын насихаттауға арналған аудандық сайыс өтті.

 Оған ауданның әр ауылынан қатысқан үміткерлер өздері жасаған ұлттық тағамның технологиясы мен тарихын таныстырып, бата беру үлгісін көрсетті.

Жайылған ақ дастарханда қазақтың ұмыт бола бастаған тағам түрлері самсап тұрды. Оны үлкендер жақсы білсе де, жастар үшін таңсық еді.

Сайысқа атсалысқан қазақтың келіндері байқаудың шарты бойынша төңкерме, ұйқыашар, уыз, балқаймақ, үлпершек, жаужүрек және тағы басқа да ұмыт болған дәстүрлі дәмдерді пісіріп әкелді.

Қазақтың ежелгі астарының бірі үлпершек жылқы немесе сиыр малының жүрегінен жасалатын тағам. Оны көбіне қазақтар ұзатылып кеткен қызы төркіндеп келгенде әзірлеп беретін болған. Ал, жаужүрек – қойдың бауырынан жасалған тағам түрі. Оны ер адамға ұсынған.

Тағылымға толы сайыс қорытындысы бойынша «Ұлттық тағамдар» байқауынан 1 орынды Большие-Дубравы ауылы (40 мың теңге), 2 орынды Қара-Оба ауылы (30 мың теңге) және 3 орынды Соналы ауылы (20 мың теңге) иеленді. Ал, белсенді қатысқаны үшін Златоуст ауылы (10 мың теңге), Тәгіл ауылы (10 мың теңге) және Маяк ауылы (10 мың теңге) ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Сонымен қатар, «Бата беру» байқауы бойынша бірінші орынды (30 мың теңге) Златоуст ауылының ақсақалы Қорғанбек Ғабдуллов жеңіп алса, екінші орынды (20 мың теңге) Маяк ауылының ақсақалы Ысқақ Баймұратов еншілеп, ал үштіктен (10 мың теңге) Тәгіл ауылының ақсақалы Сейіт Нүркенов көрінді. Бұдан бөлек, қатысушылар арасында ерекше бата беру мәнерімен көзге түскен Большие-Дубравы, Соналы және Қара-Оба ауылдарынан келген ақсақалдарға 5 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Сайысқа арнайы қазылық еткен «Аққозы қажы» аудандық мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек, ардагер ұстаз Гүлмарат Айғұлақова және қоғам қайраткері Солдат Дүтпаевтар ұмытылып бара жатқан кейбір қазақи ұлттық тағамымызды қайта жаңғыртқан қазақ келіндері мен ақсақалдардың данагөйлігі мен тапқырлығына тәнті болып, оларға сайыстағы белсенділігі үшін алғыс білдірді.

 

– Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады. Қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған әрі қастерлей білген. Ел-жұрттың жадында жатталып қалған «Ас – адамның арқауы» деген қағида осының дәлелі десек те болады. Ал, енді батаға келетін болсақ, бұл – ұлттық тәлім-тәрбие бастауы. Батаны өмірде қолдана білуге, бата беріп үйренуге баулу – имандылыққа, салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу. Біздің данагөй бабаларымыз «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деп айтып кеткен ғой. Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Міне, бүгін ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, осындай байқау өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға дән ризамыз, – деді қазылар алқасының төрағасы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы.

 Иә, әрине, бата беру дәстүрін жаңғыртып, қазақи ұлттық тағамдарды жасап, насихаттап, жадымыздан шығармай, білгенімізді үйретіп, білмегенімізді үйреніп отырсақ, қазақтың ұлттық құндылықтары ұмыт бола қоймас.

Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу