Қарғын судан қауіп көп

Қарғын судан қауіп көп

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қарасу ауданындағы  қарғын су  қауіп төндірген елді мекендерді аралады.

Өңір басшысы алдымен Жамбыл ауылына ат шалдырып,  жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауылдық округте  алдағы үш жылда  елеулі өзгерістер жоспарланған. Мәселен, Жамбыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері  жаңа өндіріс ашу арқылы өз кәсіптерін  кеңейтуге ниетті.  Бұл бизнеске ғана емес, ауылдың әл-ауқатын жақсартуға  едәуір серпін береді. Өйткені,  жаңа цехтардың іске қосылуымен қосымша жұмыс орындары пайда болады.  Шағын ауылдар үшін мұның  маңызы зор.  Жамбылда жергілікті кәсіпкерлер құрама жем өндіретін цех, механикаландырылған мұнара мен наубайхана салуға дайын. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп басшылары ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлері үшін тұрғын үйлер салуды  өз  жауапкершілігіне алып  отыр. Жақын-жуықта ауылда жаңадан он үй бой көтермек.  Тауар өндірушілер  әлеуметтік-мәдени салаға да ерекше көңіл бөліп келеді.  Олар ескі  бала бақшаны төрт пәтерлік тұрғын үйге, бос тұрған нысанды жөндеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне айнадыруды көздейді. Бір-біріне қоңсы орналасқан Жамбыл мен Павлов ауылдарын 100%  сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін конкурстық рәсім аяқталды.  Оған 20 млн теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ,  ауыл көшелері жарықтандырылып, көшелер мен білім беру нысандары жөнделетін болды.

Қарасу ауданының  әкімі Виктор Радченко өңірдегі  11 ауылдық округ пен 2 ауыл кіретін аудандағы маңызды салаларының әрқайсысына егжей-тегжейлі тоқталды. Айта кетейік, Қарасу ауданы – жер көлемі жағынан облыстағы ең үлкен аудан. Жергілікті шаруалар бітік егін өсіреді, мал шаруашылығы да жетекші орында. Ауданда  575 ЖШС, шаруа қожалығы тәрізді ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жұмыс істейді.  В.Радченко  алдағы екі жылдың бедерінде Қарасуда 4 млрд 67 млн теңгеге бағаланған  12 инвестициялық жоба іске қосылып,  88 жұмыс орны ашылатынын айтты. Жаңа инвестициялық картаға жаңа  сүт-тауарлы фермалары, цехтар енгізілген. Қысқасы, ауданды дамытудың кешенді жоспары түзілген. Бірақ…

– Жоба  әлі жеткіліксіз. Бұл миллион тонна астық өндіретін Қарасу өңірінің  әлеуетіне сай емес.  Соңғы жылдары ауданда мал саны  айтарлықтай төмендеген.  Демек, ет, сүт тапшылығы бар деген сөз. Алдымен, өмірлік маңызды сектордың жұмысын жолға қою керек. Өкінішке қарай, көп мәселе сөз жүзінде қалып қояды. Сондықтан, сөзден іске көшетін уақыт жетті,-деді облыс басшысы.

Кейінгі он жылда Қарасу ауданының халқы 26%-ке кеміген. Бүгінде өңірде 17,5 мың адам тұрады. Облыс әкімі  бейберекет  көшті  тоқтатып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауды, ауданның экономикалық дамуына жаңа серпін беру қажеттігін алғам тартты.

Биыл ауданның сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіруге 133,9 млн теңге, жол жөндеу жұмыстарына  – 407,5 млн теңге, білім – 65,8 млн теңге, денсаулық сақтау саласына 463,5 млн теңге бөлінді.  Кездесу барысында  Құмар Ақсақалов жергілікті тауар өндірушілерге ең алдымен ауылға көңіл бөлуді, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды алдыңғы орынға қоюды ұсынды.

“Мемлекет жол, жарық, су мәселесін шешуге жәрдемдесіп келеді. Жергілікті шаруа қожалықтары да шетте қалмауы керек. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері  елді мекендерді абаттандыруға, өз жұмыскерлерін  жақсы жалақымен, тұрғын үймен қамтамасыз етуге күш салуы тиіс. Шаруа қожалықтарының өсімі мен өнімділігіне жұмысшыларының жағдайына тікелей байланысты екенін естен шығармағаны жөн”,- деді Қ.Ақсақалов.

Бұдан соң облыс әкімі  Карамырза ауылына барды. Соның алдында ғана Тымтәуір өзені тасып,  мұндағы бірнеше тұрғын үй көлкіген  судың ортасында қалған еді. Октябрь кентінің жағдайы да осы тақылеттес.  Тасқынға тосқауыл қою үшін өңірде шұғыл шаралар қолға алынды. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында тұр.  Су тасқынынан  зардап шеккендерге мемлекет материалдық көмек көрсетеді. Ал үйлерін су басқан тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілмек. Оларға ауылшаруашылығы тауар өндірушілері баспана салып беретін болды. Мемлекет шығынның  50%-ін  субсидиялауға қатысады. Естеріңізде болса, соңғы алты жылдың ішінде Қарасудағы бірқатар елді мекен төрт рет қарғын судың құрсауында қалды.  Биыл су 2,5 метрге көтерілген. Әзірге,  инженерлік құрылыстарды қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруден басқа амал жоқ.

 

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу