Қостанай автожол колледжінің студенттері үшін Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – болашақ мамандарға жол құрылысы мен оның сапасын қамтамасыз ету процестері туралы түсінік беру, сондай-ақ студенттердің кәсіби қызығушылығын арттыру.Экскурсия барысында студенттер орталықтың зертханасында болып, жол құрылысы материалдарының сапасын тексеруге арналған заманауи құрал-жабдықтарды көрді. Зертхана қызметкерлері тәжірибелік жұмыстарын көрсетіп, асфальт-бетон қоспаларының, топырақтың, қиыршық тастардың және басқа да материалдардың сынақтан қалай өтетінін түсіндірді.
Сондай-ақ студенттерге жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы, оның жол инфрақұрылымының ұзақ мерзімділігіне қалай әсер ететіні жайында әңгіме жүргізілді. Орталықтың мамандары материалдардан алынған сынамалардың нормативтік талаптарға сәйкестігі қалай тексерілетінін нақты мысалдар арқылы көрсетті.Іс-шара барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, орталықтың қызметкерлерімен еркін диалог құрды. Олар жол сапасын бақылау саласындағы жаңа технологиялар мен әдістер туралы көптеген пайдалы ақпарат алды.
«Біз мұндай экскурсиялар арқылы студенттерге өз мамандықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік бергіміз келеді. Жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі – мемлекет үшін өте маңызды міндет. Ал болашақта бұл салада қызмет ететін жастардың кәсіби дайындығы ерекше рөл атқарады», – дейді филиал директоры Абылайхан Алшынбаев.
Бұл шара болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруда және олардың жол саласына деген қызығушылығын арттыруда үлкен маңызға ие. Экскурсия соңында студенттер орталық қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, өз білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға ынталы екенін атап өтті.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жастарды қолдауға, кәсіби даму бағытында көмектесуге және елдің жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.