Құтқарушылар құрметке бөленді

Құтқарушылар құрметке бөленді

Арқалықта «Құтқарушылар күні» зор құрметпен аталып өтті.

Кәсіби мереке иелерін қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық «Төтенше жағдайлар» бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Асылхан Нұрғалиев, «Құтқару» жасағының басшысы Марат Ғалин, №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Естай Ашубаевтар құттықтады.

Құтқарушылар жігерлі де қайсар жандар. Өз ісін мінсіз атқарып, жұмыс барысында ерекше көзге түскен қызметкерлерге қала әкімінің грамотасы мен алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.

Қошеметке кенелген озаттардың көшін бастап «20 жыл мінсіз қызметі үшін» медалі аға өрт сөндіруші, құтқарушы, азаматтық қорғау аға сержанты Жандос Ысқақтың кеудесіне тағылды.

Жемісті еңбегі үшін және құтқарушылар күніне орай марапат алғандардың қатарында бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Жұмағали Мүсілім, өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері Нұрболат Таңатов, Айдос Жарасовтар, құтқарушылар Медет Сарин, Серікболсын Сүндетбаев, Саян Әділхан және басқа мамандар бар.

Ер азаматтармен бірге қайсарлықты талап ететін қызметте Динара Нұрғожина, Айдана Әмір, Айдана Елтай, Асыл Жұмаш сынды аруларымыз да аянбай тер төгуде. Мерейлі шақта ел өмірін төтенше жағдайлардан сақтауда құтқару қызметінің байланыс саласын қамтып отырған нәзік жандарға да лайықты сый-құрмет көрсетілді.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу