Қайрат СҮЙІНДІКОВ: «Лудоман ешқашан ұтпайды»

Қайрат СҮЙІНДІКОВ: «Лудоман ешқашан ұтпайды»

Көпшілікке белгілі, осы жылы лудоманияға қарсы заңға қол қойылды. Енді мемлекеттік қызметшілердің казиноға баруына, бәс тігуіне түбегейлі тыйым салынады. Заң бұзса, қандай жаза қолданылатынын бұған дейін жазғанбыз. Қостанай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков бізбен сұхбатында осы заңның мән-маңызы, қоғамдағы басқа да мәселелер және оған мемлекеттік аппараттың көзқарасы, қам-қарекеті турасында ой бөлісті.

– Мемлекеттік қызметшілер казиноға барып, бәс тіксе жұмыстан қуылуы мүмкін. Жазалауды былай қойғанда, жалпы қоғам үшін мұның зиян екенін сіздер жақсы түсінесіздер деген ойдамын. Өйткені, Президент айтқандай, мемлекеттік қызметшілер қоғамға үлгі бола білуі керек…

– Лудомания қазақ қоғамына жат нәрсе. Оны созылмалы ауру деуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойынға тәуелділікке осындай диагноз берген. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Құмарлық деген бір ит бар» деген өлеңінде:

«Мақтағанға бу ала,
Селкілдедім дуана.
Баяны жоқ, пайдасыз
Бір сағымды қуала», – дейді. Расында, құмарлықтың баяны жоқ, ой-санаңды өсірмейді, нәпсінің жетегінде жүресің де қоясың. Ерте замандағы қазақтың құмарлығы ойын-сауық, думан-той еді. Иә, балуандардың күресіне бәс тігетіндер болған, бірақ кең тарамаған, өте сирек кездесетін…

Қазақ тұрмыс-тіршілігі – нағыз еңбек қоғамы. Адал еңбектің арқасында табыс табатын, балаларды соған тәрбиелейтін.

Ал бертінде, Кеңес одағы құлдыраған жылдары қатты дағдарыс болды да, ата-ана мен перзент арасындағы байланыс үзіліп кеткендей. Өндіріс орындары жабылып, әкелері жұмыссыз қалғандықтан, баланы еңбекке баулу, бірге егістікке, шабындыққа, құрылысқа алып жүру үрдісі жалғанбай қалды. Бұрын әке-шешесі өзі білетін кәсібін балаға үйрететін. Мысалы, комбайншының баласы қаршадайынан тракторға мініп, техника жөндесіп, үнемі қасында бірге жүретін. Атадан әкеге, әкеден балаға деген еңбек дәстүрі болды. Сол сабақтастықты қазір сирек көреміз.

Кейінгі немесе қазіргі ұрпақ дейік, әдемі өмір сүруге ұмтылып, тез табыс іздей бастады. Сол кезде бәс тігу, оңай ақша табу сияқты жарнамалар пайда бола кетті. Тіпті, бүкіл жерге қаптады. Әрине, оның бәрі шамалы адамды қызықтырмай қоймайтыны рас. Қызығушылық, құмарлық әр адамның бойында бар қасиет қой, жалт-жұрт еткен жарнамалар соны қыздырып, оятып жіберетіні бар.

Компьютерлік ойындар да жас ұрпақты құмарлыққа алып келеді. Ойындардың арасында әртүрлі жарнамасы тағы бар. Бір кездері компьтерлік клубтар көбейіп кеткен еді. Кейбір балалар күндіз ғана емес, сонда түнімен қамалып отырып ойнайтын. Осы мәселемен күресіп, әйтеуір азайды ма десек, үйінде ойнайтындар әлі бар. Солар лудоманияға тез берілгіш келеді.

Кешегі күнге дейін букмекерлік кеңселерге, лоторея ойнатушыларға қатты бақылау болған жоқ. Қарап отырсаңыз, өркениетті, өркендегісі келетін елдер өнеркәсіпті, технологияны дамытуға көңіл бөліп, алға жылжып барады. Президентіміз айтқандай, біз көштің соңында қалып қоймай, интеллектуал ұлт қалыптастыруымыз керек. Сол үшін бар күш-жігерімізді, білімімізді осы мақсатқа жұмылдыру маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты да осыған саяды. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болуды айта келіп, балаларды кітапқұмарлыққа баулу турасында айтты. Біз құмарлықтың осы түрін жақтаймыз, қолдаймыз.

– Лудоманды ұжымда, қоғамда қалай анықтай аласыздар?

– Медицинада мамандар арнайы тестілеуден өткізеді. Ал жұмыста, күнделікті өмірде оның үнемі ақша сұрап жүруінен білуге болады. Ол қаражатты бірінші отбасы бюджетінен, екінші таныстарынан, әріптестерінен, үшінші жолы – басқа жолмен табу, яғни кім көрінгенге жалбарынып сұрау немесе қылмыс жасау. Сыбайлас жемқорлыққа, тіпті ұрлыққа барудан тайынбайды. Басшы болса қол астындағылардан, әскери болса жауынгерлерден ақша жинап алуы мүмкін.

Лудоман ешқашан ұтпайды, өмір бойы ұтылады. Тіпті арасында бәсі шығып тұрса да, солай айтар едім. Себебі, оның мінез-құлқында, психикасында өзгеріс пайда болады. Бір ұтқанын ол бәрібір сол ойынға, ұтысқа қайта салып жібереді. Сондықтан, ең абзалы – бәс тікпеген, одан аулақ болған.

– Өзіңіз бәс тігіп көрдіңіз бе?

Жоқ. Мүлдем қызықпағанмын. Казиноға баратын ақшам да болған жоқ. Білесіз бе, казино ешқашан ұтылмайды. Ол ұтылатын болса ашылмас еді.

– Осы бағытта қабылданған кешенді жоспар бар ма?

– ҚР заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бар. Соның бірінші бағыты алдын алуды ұйымдастыру болса, екіншіден, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарындағы құмар ойындарға тәуелділікті анықтау. Келесі бір бағыты – осы ауруға шалдыққандарды емдеу, медициалық оңалту. Төртінші бағыты – ойын бизнесін мемлекеттік реттеу. Мұнда бәс тігу, лоторея жарнамаларын жариялау тәртібі, құмар ойындардан өзін-өзі шектеу, заңнаманы бұзушыларға қатысты жауаптылық жөнінде айтылады. Осының ішінде айта кететінім, біздің облыстың мемлекеттің қызметшілері жаппай «Егов мобайл» қосымшасы арқылы өзіне-өзі шектеу қоюға кірісіп кетті. Әзірге бір жылға дейін, болашақта 10 жылға дейін шектеу қоя алатын болады. Бұл да болса әріптестеріміздің лудоманияға қарсы күресі.

Қазір байқасаңыз, ойын автоматтары алынды, көшелерде жарнамалар да азая бастаған. Казино Қостанайда жоқ, сондықтан біздің мемлекеттік қызметшілер заң бұзбайды деп үміт артамын. Казиноның бәрі Қонаев қаласында. Бұрын ол қалада болғанмын, сондағы өндіріс ошақтары қазір сырты жалт-жұлт еткен құмархана. Адамды сыртының өзі алдап-арбап шақырып тұрады. Сол жылтыраққа арбалғандар өміріне балта шабады.

Лудоманияға қарсы күрес жүргізуде Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде сіздің тікелей атқаратын міндетіңіз жайында білгіміз келеді…

– Мемлекеттік қызметшілер арасында осы індеттің алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Қабылданған заңдарға қатысты, «Егов мобайл» қосымшасын пайдалану туралы айтамыз. Облыста жиырма шақты басқарма, жиырма өңіріміз бар. Сондағы қызметшілерге кездесулер, семинарлар өткіздік. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жазып жатырмыз. Мақсатымыз – құмар ойындардың зиянын немесе заңды түсіндіру, алдын алу ғана емес, Президент жүктеген міндеттерді де кеңінен ұғындыру.

– «Нашақорлық» деген де жеңілмей жүрген жауымыз бар, оның үстіне вейп деген бәле шықты. Оларға оқушылар әуес бола бастады. Президент Ұлттық құрылтайда осының да үлкен мәселе екенін айтты…

– Қоғамға қауіпті жаңа кеселдер бір басын кессең екінші басы шығатын айдаһар сияқты. Әсіресе, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы алаңдатып тұр. Тәртіп сақшылары күніге бірнеше қылмыстың жолын кеседі. Соған қарамастан, жаппай белең алып барады. Президент келтірген деректерде былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталған. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі тәркіленген.

Сол Ұлттық құрылтайда есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту жөнінде ұсыныс айтылды. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет.

Бұрын үлкен кісілерден ғана көруші едік, қазір жастар да насыбай ататын болыпты. Бүгінгі заманға тіпті жараспайтын әдет. Әуелі денсаулыққа зиян, сосын әдеп жағынан алып қарасаңыз да жағымсыз нәрсе. Насыбай онкологиялық ауруларға шалдықтырады, соны білгеніміз жөн. Саламатты ұлт қалыптастырғымыз келсе, бұл жаман нәрсенің жолын кесуіміз керек.

Вандализм да біздің қоғамға үлкен тәрбие үрдісін жүргізуді көрсететін сияқты. Жаңадан жасалған нысандарды былай қойғанда, табиғи, тарихи, мәдени құндылықтарымызға жататын орындарды бүлдіріп, сындырып, ластап кететіндер бар. Жақында Қостанай орталығынан көрдім, баскетбол бағанасы сынып жатыр. Оны басқа жақтан біреу келіп бүлдірген жоқ, өзіміз ғой. Былай қарап тұрсаңыз, осының бәрі ұсақ-түйек сияқты көрінер, дегенмен мұның өзі қоғамдық тәрбиеде әлі де жасалуы керек жұмыстар барын байқатады.

– Ысырапшылдықтың да үлкен мәселелердің себепкері болып отырғаны белгілі. Мәселен, кейбір азаматтардың қарызға белшеден батуы осы бір әдеттің кесірі. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Иә, Прездент осындай мәселелердің алдын алу үшін «Қарызсыз қоғам» жобасын жандандыру жөнінде айтты. Жұртшылықтың сауатын көтеріп, ысырапшылдықтың, дабыра қуудың соңы неге әкелетінін әсіресе жастарға оқыту керек болып тұр. Құрылтайда Қ.Тоқаев мемлекет қаржысын оңды-солды шаша бермеу керек дегені бар. Бюджет қаражатын үнемдеу де маңызды.

– Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді айтып қалдық. Осы әңгімеміздің негізгі өзегі сол еңбек құндылығына келіп тірелетіндей…

– Иә, сосын тәрбиеге де байланысты. Құрылтай отырысында ол да айтылған еді. Қазір әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өршіп кетті. Оны реттейтін, шектейтін арнайы заң қабылданды. Қазақтың бұрынғы таным-түсінігінде қыз-келіншектерге құрмет ерекше болған. Қонақ деп сыйлайтын. Қырық үйден тыйым деп, арын қорғаштаған, бірақ ер баладан алшақтатып өсірмеген. Бүркенген орамал емес, бөрік киген, шолпы таққан. Атқа қонып, ел қорғауға үлес қосқан апаларымыз бар. Ал қазіргі кейбір отбасылар үйінен бір аттам жер шығармай, бетін тұмшалап, қыз баланың құқығын шектеп жатырмыз-ау деп ойлана ма? Дінді дұрыс түсінбейтіндер жат дүниелерді ата дәстүрімізге, біздің қоғамға таңып, түсінбестік тудырады. Дәстүрлі дініміз салт-санамызға ешқашан қарама-қайшы келмеген. Наным-сенім деген елде ежелден қалыптасқан әдет-ғұрпымызға, тарихымызға, ұлттық құндылықтарымызға қарсы келмеуі керек. Міне, осы үшін алдымен әр отбасы үйдегі тәрбиесіне бекем болуды ойлаған абзал. Бұл – Мемлекет басшысы үнемі айтып жүрген мәселелер.

– Рахмет! Дұрыс қоғам қалыптастыруда жасаған еңбектеріңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан – Аслан ҚАНҒОЖИН
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу