Электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге қандай өзгерістер енгізілгенін біле жүрейік

Электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге қандай өзгерістер енгізілгенін біле жүрейік

Сұрақтарға Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Тимур Әуесханұлы жауап береді.

– Тимур Әуесханұлы, елімізде бизнесті дамыту үшін жағдай жасалуда. Электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге қандай өзгерістер енгізілді?

– Иә, электр энергетикасына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 25.02.2015 жылғы №143 бұйрығымен бекітілген электр энергиясын пайдалану қағидаларында электрмен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды, құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу қажеттілігі алынып тасталды. Енді жобалаушыға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталғаны туралы электрондық нысанда хабарлама жіберу жеткілікті.

Бұдан басқа, мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау жөніндегі органнан электр желілеріне қосылуға рұқсат алу қажеттілігі алынып тасталды. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шартын жасасудың бір апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды. Желіге қосар алдында энергетикалық сараптама жүргізу қажеттілігі алынып тасталды.

– Электр желілеріне қосылу процесі қалай жүргізіледі және Қостанай облысы өңіріне қатысты осы жұмыстың ерекшеліктері бар ма?

  1. Тұтынушы энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосылуға өтінім береді.
  2. Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан еркін нысандағы өтінішті алғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде жасалған және қол қойылған тұтынушыны электр желілеріне қосу схемасымен электр желілерінің теңгерімдік тиесілігін және тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісі және жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді.
  3. Тұтынушы жобалық құжаттаманы әзірлеуді және электр қондырғыларын орнатуды (тиісті лицензиясы бар ұйымдармен) қоса алғанда, берілген техникалық шарттар талаптарын орындайды.
  4. Монтаждау ұйымы энергия беруші ұйымға берілген техникалық шарттардың орындалуы және кернеуді беруге дайындығы туралы хабарлама жібереді. Сонымен қатар электрмен жабдықтау шартының акцепті туралы өтініш (шарт жасасуға арналған белгілі бір құжаттар тізбесін қоса бере отырып) жіберіледі.
  5. Энергия беруші ұйым хабарламаны алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде сыртқы қосылуды және орындалған жұмыстардың берілген техникалық шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
  6. Энергия беруші ұйым хабарлама алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде кернеу беруді жүргізеді, коммерциялық есепке алу жүйесін (электр есептегішті) пломбалайды және есепке алу жүйесін пломбалау актісін береді.
  7. Орындалған жұмыстарда кемшіліктер анықталған жағдайда энергия беруші ұйым 2 жұмыс күні ішінде анықталған кемшіліктер туралы акт береді.

Электр желілеріне қосылу процесі бойынша сұрақтар туындаған кезде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментіне, 8 (7142) 50-02-60 байланыс телефонына немесе «E – Otinish»  АЖ арқылы жүгінуге болады.

 

Жаңалықтармен бөлісу