Баға тұрақты бақылауда

Баға тұрақты бақылауда

Қостанайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жіті қадағалауда. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі апта сайын сауда орындарында азық-түлік тауарларының 19 атауына баға мониторингін жүргізеді.

Десек те, өткен аптадағы дерекке сүйенсек жұмыртқа бағасы 0,2 пайызға қымбаттаған. Яғни, он данасы 468 теңгеден 469 теңгеге өскен. Ал сәбіз бен картоптың бағасы түскен. Сәбіз 202 теңгеден 195-ке, картоп 174 теңгеден 169 теңгеге төмендеген. Қала әкімі Марат Жүндібаев картоп пен сәбіздің бағасы неліктен әлі де қымбат екенін сұрады. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкеева бағасы арзандайтын маусымның әлі алда екенін жеткізді.

“Қала дүкендері мен супермаркеттері бойынша бағаларға жүргізілген мониторинг шеңберінде қалада “орташа” бағадан жоғары азық-түлік тауарларын сататын дүкендер анықталды. Мысалы, “Тамаша” супермаркеті айран, жұмырқа, макарон өнімін, ал “Азия” супермаркеті тауық, жұмырқа, айран, сүт және қанттың бағасын өсіріп сатқан”, – деді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкеева.

Ал “орта қалалық” деңгейдегі бағалар “Солнечный”, “Астықжан”, “Small” супермаркеттері мен “Дастархан” базарында тұрақты. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының ең көп түрінде осы аталған сауда орындарынан табуға болады. Баға бойынша жиналған барлық деректер жіті зерттеледі. Яғни, азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның отырысында одан әрі қарау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жіберілген.

“Бағаның өсуі, делдалдық фактілеріне жол бермеу үшін Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі сауда департаментімен, ауыл шаруашылығы басқармасымен және Мемлекеттік кірістер Басқармасымен бірлесіп тұрақты негізде жұмыс атқарылады. Ақпараттық-әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті сауда үстемесі бойынша дара кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сатушы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-нан аспауы қажет. Ол туралы ҚР “Сауда қызметтерін реттеу туралы” Заңының Ішкі сауда саласындағы баға белгілеудің 9-шы бабында анық көрсетілген. Әлеуметтік мағызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерінен асып кетсе кәсіпкерлер айыппұл арқалайды”, – дейді бөлім басшысы.

Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне он АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, орта кәсіпкерлікке жетпіс бес АЕК көлемінде, ал ірі кәсіпкерлерге үш жүз АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жыл басынан бері 90-нан астам кәсіпкер ескерту алып, төрт кәсіпкерге айыппұл салынған.

“Облыста бағаны ұстап тұру үшін азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қорға облыстық бюджеттен 4 млрд 594 млн теңге бөлінді. Тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 3,1 млрд теңгеге 14,7 мың тона қор сақтаулы. “Тобыл ӘКК” АҚ өнімнің он екі атауы бойынша тауарлық интервенция жүргізеді. Бөлшек сауда дүкендері тұрақтандыру қонының өнімдерін іріктеп алады. Онда сату бағасы белгіленген. Биыл 1337 тоннаға өнім таңдалды. Бұл ұқсаз кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Өткен жылы 935,9 тонна өнім алынған еді. Қорда бірінші сұрыпты ұнның 998,7 тоннасы, макарон өнімінің 24,6 тоннасы, күріштің 116,7 тоннасы, қарақұмықтың 3 тоннасы, қанттың 23,5 тоннасы, кароптың 68,1 тоннасы, пияздың 21,6 тоннасы, сәбіздің 26,6 тоннасы, қырыққабаттың 69,8 тоннасы, күнбағыс майының 1,5 мың литрі, жұмыртқаның 2 млн 636 мың данасы және тауық етінің 4,5 тоннасы бар”, – деді Мира Қазкеева.

Қаладағы “Раузет”, “Астықжан”, және “Солнечный” супермаркеттерінде тұрақтандыру қорының өнімдерін көптеп кездестіруге болады. Бөлім басшысы супермаркеттер мен дүкендердегі әлеуметтік сөрелердің санын арттыру үшін түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.

“Тұрақтандыру қорынан нан пісіруге арналған бірніші сұрыпты ұн шығарылады. Бүгінгі таңда ұнды қаланың 11 наубайханасы алады. Ұн операторы “Компания Агромелпром” ЖШС. Ұнның бір келісіне 100 теңге, ал әлеуметтік нанның бір бөлкесіне 90 теңгеден аспауы тиіс. Бүгінгі таңда наубайханалар 998,7 тонна ұн тұтынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Тәулігіне 8700 нан пісіріліп, қаланың 45 сауда нүктесінде сатылады. Орташа алғанда, бір дүкенге 240 дана әлеуметтік нан келеді”, – деді Мира Қазкеева.

Тұрақты негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қалыпты сақталуына да септігін тигізеді.  Жыл басынан бері он екі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткен. Онда 1366,5 млн теңгенің 1812 тонна өнімі сатылған. Өнімді жергілікті өндірушілер де, ЖШС, ЖК, ШҚ, сондай-ақ, нарықтық бағадан 15 пайыз төмен бағада қала мен аудандардан сатқан.

“Қазір 5-6 қазан күндері Астана қаласында өтетін жәрмеңкеге дайындық жүргізілуде. Ауыл шаруашлыық жәрмеңкесі Қостанай облысы кәсіпорындарының қатысуымен өтеді. Қостанай облысы 24 тонна сүт өнімін, 5 тонна шұжық өнімдерін, 15 тонна жарма, макарон өнімін, 30 тонна кондитерлік өнім, 5 тонна бал және 20 тонна сусындар апаруды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады”, – деді бөлім басшысы.

Айта кету керек, қалада барлығы 1523 сауда нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде, бір гипермаркет, 54 супермаркет, 55 шағын маркет және 1415 үй жанынна ашылған дүкендер бар. Биыл қалада “Корзинка КСТ” қосымша филиалы ашылды. Сондай-ақ, Юбилейный ауданынан жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын “Сити” супермаркеті ашылып, жұмыс істеп тұр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу