Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету олардың әл-ауқатын арттыруцға ықпал ететін фактор. Сондықтан, тұрғын үй құрылысы ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Биыл да астықты өңірде барлық қаржыландыру көзі есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй немесе бес мыңнан астам пәтер салу жоспарланған.
Өткен сегіз айдың қорытындысына көз жүгіртсек, облыс аумағында 319,8 мың шаршы метр үй ел игілігіне айналғанын байқауға болады.
– Тұрғын үйлердің басым бөлігі Қостанай, Рудный қалаларында және Қостанай ауданында бой көтеріп жатыр. Олардың үлесіне тұрғын үйдің барлық көлемінің 88,3% – і тиесілі. Дегенмен, Қамысты ауданы мен Қостанай қаласы әкімдіктерінің жеткіліксіз жұмысын атап өту қажет. Онда тұрғын үйді пайдалануға беру тапсырмасы толық орындалған жоқ. Сондай-ақ , Жітіқара ауданы әкімдігінің жұмысы да көңіл көншітьпейді. Ауданда сегіз айдың ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші төмен. Олар тоғыз айдың қорытындысына сәйкес 74,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қажет, – деді облыстық архитектура, құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Динара Ихласова..
Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысының көлемі уақыт алға озған сайын ұлғайып келеді. Жыл басынан бері 319 мың шаршы метрден артық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы көрсетикішпен салыстырғанда 2,4% -ке көп. Осылайша, үш мыңнан астам отбасы баспанаға қол жеткізді. Айта кету керек, кейінгі жылдары құрылыс саласында бюджет қаржысының үлесі азая түскен. Құрылыс фирмалары өз қаражаттарын пайдаланады. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын тұрғын үй құрылысындағы қазына қаражатының үлесі 34% болса, өткен жылдың қорытындысында 10%-ке азайған.
– Бұл жақсы тенденция. Біз жыл сайын тұрғын үй құрылысына мемлекеттің қатысуын азайта тбереміз. Елімізде көптеген тұрғын үй бағдарламасы қолға алынғанын білесіздер. Бұл біздің өңірдің тұрғындарының да баспана сатып алуға деген ынтасын арттыра түсері сөзсіз. Әсіресе, «Отбасы банк» арқылы үйлі болуға ниет білдірген жандардың саны еселеп өсіп келеді. Бүгінде банк салымшыларының саны 80 мыңға жуықтады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 31%- ке артық. Сонымен қатар, биыл екінші рет «Қостанай жастары» жеңілдетілген несиелдеу бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл оны қаржыландыру 2,1 млрд теңгеге жетті. Осылайша 140 жас отбасы баспаналы болмақ. Жыл ішінде тұрмысы төмен отбасылар үшін 933 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл да салыстырмалы түрде өткен жылғыдан алты есеге көп. Сондай-ақ, несиелік баспана жобасының аясында 148 көп қабатты үй және жеке тұрғын үйлер салынып жатыр. Ол үшін жиырма млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Айтуынша, тұрғын үй құрылыс саласында басқа да жаңа жобалар қолға алынған. Мәселен, «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарында тоғыз жаңа үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Бұл концепция тұтас қалашықтың негізін қаламақ. Мұнда мектеп, бала бақшалар, саябақтар, гүлзарлар тәрізді көптеген әлеуметтік инфрақұрымдық нысан бой көтереді. Жалпы, екі шағын ауданда 150 көп пәтерлік тұрғын үйлер салынып, онда алпыс мыңға тарта адам тұратын болады. Бұл дегеніңіз қала ішіндегі қала болмақ.
– Жүзеге асып жатқан барлық жоба тек экономикалық жағынан ғана емес, халықтың әл-вуқатын арттыруға да себесін болуы тиіс. Біз бұдан бөлек ескі үйлерді жаңартып, пайдалануға беру жұмыстарын жалғастырамыз. Өткен жылдың басында жаңа бағдарлама қабылданған. Бұл жұмыстар Рудный қаласында белсенді түрде жүріп жатыр. Биыл кеншілер қаласында он үйді қалпына келтіреміз. Мұндай тәжірибені облыстың барлық ауданы мен қаласында жалғастыру керек, – деді өңір басшысы.
Алайда, тұрғын үй құрылысының оң динамикасына қарамастан кей аудан әкімі тұрғын үй құрылысын пайдалануға беруде салғырттық танытып отыр. Мәселен, Қостанай қаласы, Жітіқара, Қамысты Қарасу, Б.Майлин және Федоров аудандары төмен нәтижеге жол берген. Облыс әкімінің айтқанындай, тұрғын үй құрылысы мен оны пайдалануға беру экономиканың өсуіне әсер ететінін көқрсеткіш. Сондықтан, нәтижеге қол жеткізу үшін облыстың барлық өңірі ай сайынғы өсімді қамтамасыз етулері қажет. Ол аудан әкімдеріне тоғыз айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі мен пайдалануға беру жоспарын 100% орындауды тапсырды.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ