Рудныйда Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

Рудныйда Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

Отан үшін өз өмірлерін құрбан етіп, ерліктің үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлердің есімдері ұмытылған емес. Кеншілер қаласына көшпелі семинарға барған делегация орталық саябақта Ауған соғысында қолданылған танк көлігінің ескерткішінің ашылуына куә болды.

Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Елдар Мұқанов Ауған соғысында қаза болған жауынгерлерге жүрекжарды көңілін білдірді.

“Ауған соғысында құрбан болған жауынгерлерді еске алу үшін жиналып отырмыз. Ол кездер оңай болған жоқ. Біз үшін жасаған ерліктері ұрпақ үшін ұмытылмайды. Қазір осы кісілердің ерлігінің арқасында бейбіт қоғамда ғұмыр кешіп келеміз”, – деп атап өтті аппарат жетекшісі.

Иә, батырларымыздың ол майдан даласында қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, Отанына оралмағандары қаншама…

 

Рудный қаласынан барған Александр Мельников, Анатолий Собко, Сергей Болотников, Сергей Подоскин, Олег Горкуленколардың есімдерін шағын шаһармен қатар, облыс, республика мәңгі сақтауы керек.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов жаңартылған ескерткіштің алаңы өз өмірін қиған осы жерлестерімізге тағзым етуге арнайы ашылған екінші орын екенін айтты.

“Отан алдында интернационалдық борышын өтеген азаматтардың ерліктері біздің мәңгілік жүрегімізде сақталатынын жастар ұғу қажет”, – деді Сәлімгерей Бексейітов.

Ауған соғысы ардагерлері қалалық филиалының жетекшісі Петр Борцов:

“Біз үшін бұл маңызды сәт. Біздің қаладағы ұрпақтарымызға бағытталған естелік орын. Ескерткіштің реставрациясына үлес қосқан азаматтарға алғыс айтамын” деп ағынан жарылды.

Атап айтқанда, Олег Михайлов сынды азамат жаңа нобайдың кескенін дайындаған. Кейін демонтаж жұмыстары жүргізілді. Жан-жаңа жаңа плитамен көмкерілді. Сырты сырланды. Алдына соңғы үлгідегі мрамор салынды. Жөндеу жұмыстарын жүргізген рудныйлық Азамат Әбілтаев ескерткіштің жаңа кейпі он бес күнде дайын болғанын айтады.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Марат

Қалжанов

Рудный қаласы

Жаңалықтармен бөлісу