Ол саябақта былтырдан бастап сенбілік, абаттандыру жұмыстары жүргізіле бастаған. Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында еңбек ұжымдары, жастар еңбек жасағы және шекара қызметі апта сайын ол жерді жандандырды.
Іс-шараның салтанатты ашылуында аудан әкімі Руслан Халықов тұрғындар мен қонақтарды құттықтап, шекарашылардың кәсіби мерекесіне орай алғыс хаттар табыстады.
“Осы жылдың қыркүйек айында Қарабалық ауданында XXXVII облыстық спартакиада өтеді. Дайындық барысында өлкеде абаттандыру жұмыстары, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық акциялар, сенбіліктер белсенді түрде өткізілуде. «Орталық» стадионның реконструкциясы мен денешынықтыру сауықтыру кешенінің, хоккей кортының салынуы аудан тұрғындарына жақсы жаңалық болды”, – деп атап өтті аудан әкімі Руслан Халықов.
Спартакиаданы жоғары деңгейде өткізу үшін барлық бағыттағы ұйымдастыру жұмыстары жалғасын табады. Саябақтың ашылуы бұқаралық спорттың дамуына тың серпін бермек.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департамент бастығы А. Жаржанов Қарабалық ауданының шекара қызметкерлеріне, аудан тұрғындарына жылы лебіз білдірді.
“Саябақтың абаттандыру жұмыстарына аудан әкімдігімен қоса жергілікті жеке кәсіпкерлер де сүбелі үлес қосты. Атап айтқанда Оганес Петоян асфальт төсесе, Владимир Кригер алаңдарға төсеніш орнатуды өз мойнына алды. Бұл бағыттағы жұмыс Қарабалық ауданында жүйелі түрде жасалуда. Көшелер абаттандырылып, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда”, – деді А. Жаржанов.
Спорт сүйер қауым қолайлы саябақта жаттығу жұмыстарын бастап кетті.
Саябақта 18 шақырым ұзақтыққа марафон ұйымдастырылып, 30 дан аса ниет білдірушілер қатысты.
Бұл нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары орналасқан. Іс-шара аясында футбол және волейболдан жарыс, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.