Гашек жағалауында Қостанай облысының мәдени өмірінде екі бірдей маңызды іс-шара өтті. Жағалауға жиналған жұртшылық тамаша қойылымдар мен арулар байқауының куәгері болды.
Әуелі Қостанай, Федоров аудандары мен Рудный қаласының көркемөнерпаздар ұжымдары ұйымдастырған «Достық сазы» атты концерт өткізілді.
Бұл концертте өңіріміздің үздік өнерпаздары өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етіп, музыкалық аспаптарда ойнады. Көрермендер орындаушылардың өнерін үлкен қызығушылықпен тамашалап, әрбір нөмір сайын қолдау көрсетті.
Концерттің басты мақсаты – өңір мәдениетін көрсетіп, достық пен бірлікті нығайту болды.
“Бұл концерт Қостанайдың 145-жылдығына арналғанын білесіздер. Алдыңғы жылы біз би ұжымдарын әкелсек, бұл жолы цирк ұжымдарын және халықтың көңіл күйін көтеретін әдемі әндерімізді әкелдік. Алдағы уақытта бізде облыстық спартакиаданы жақсы өткізуге тырысып, жыл сайын өтетін көркемөнерпаздардың байқауына ерекше дайындық жүргізіліп жатыр”, – дейді Қостанай аудандық мәдениет үйінің басшысы Жалғас Бекзат.
федоров ауданы жастар мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі, дәстүрлі әнші Бейбітхан Арғынбек қала күніне ерекше өнерпаздарын әкелгенін айтып отыр.
“Өнер достықты насихаттайды. Біз осы халықтың көңіл күйін көтерейік деп келіп, тәжірибе алмасу арқылы болашақтағы достығымызды нығайтуға тырыстық. Алдағы уақытта қыркүйек айында болатын көркемөнерпаздар байқауы бар, мақсатымыз сол байқауда жүлде алу”, – дейді ұжым басшысы.
Рудныйдың MEREJELAIv тобы
концертке жеке авторлық әндерін ала келіпті. Оның бірі “Тоқта жаным” деген ән.
“Айтбай Тортаев ұстазымыздың “Қыздар-ай” әнін де айтамыз. Алдағы жоспарда тобымыздан бес ән шығару ойда бар”, – дейді топ әншісі Еркебұлан Рахатов.
Бұл концертке үлес қосуға мұрындық болған – кеншілер қаласының “Alye Parusa” халық шығармашылығы орталығы.
Аққу би ансамбль де өз өнерін паш етті.
«Достық сазы» концертінің арқасында облыстың түрлі аудандарынан келген өнерпаздар бірігіп, өзара тәжірибе алмасты, бір-бірімен достасуға мүмкіндік алды.
Концерттен кейін көп күткен «Қостанай аруы» байқауына кезек келді.
Бұл байқау өңіріміздің ең әдемі және дарынды қыздарын анықтау үшін ұйымдастырылғаны сөзсіз. Байқау барысында қатысушылар өздерінің сұлулығын, ақылдылығын, шығармашылық қабілеттерін және қоғамдық істерге белсенділігін көрсете білді.
Әрбір қатысушы қыз өзіне тән даралығымен ерекшеленіп, әділқазылар алқасының алдында өздерін барынша жақсы жағынан ұстауға тырысты. Байқау барысында қыздар ұлттық киім, сәнді кешкі көйлекпен қоса, спорттық үлгідегі киімдерімен сахнаға шығып, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.
“Бұл іс-шараның мақсаты – қазақтың салт-дәстүрін еске алу, халқымызға түсіндіру”, – дейді іс-шараны ұйымдастырған “Жаңа тыныс” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жалғасбек Мырзағалиұлы.
Қатысушы қыздарға ең басты қойылған талап – қазақ тілін білу, салт дәстүрлерді меңгеру білімі, бойы 165-тен кіші болмауы тиісті.
“Қатысушы мен жеңімпаздар өз қалталарынан ешқандай қаражат шығарған жоқ. Барлығын өзіміз қамтамасыз еттік. Дайындыққа бір ай уақыт кетті. Аспаздық кезеңде қатысушылар өздерінің қолдарынан ұлттық тағамдарын пісіріп, саудаға шығарды. Одан түскен ақша қайырымдылық қорына өтті”, – дейді Жалғасбек Мырзағалиұлы.
Бірінші орын үшін 1 млн теңге, екінші орын алған қатысушыға 700 мың теңге, үшінші орынға 500 мың теңге берілді.
Онымен қоса әр қатысушы демушілерден әртүрлі сыйлық алды. Кастинг кезінде 30-қатысушы болған. Соңғы кезеңде 7 қатысушы қалып, өнер көрсетті.
Алдағы жоспар бойынша күзде жастарды қолдайтын JastarFest фестивальі өткізілмек.
“Бүгін арулардың көрсеткендері үш сайыс ғана. Ол дефиле, этно-стиль, интеллектуалды ойын. Оған дейін де үш сайыс өтіп кетіпті. Оның ішінде өздерінің өнері, аспаздық өнері болған. Солардың ұпай сандарынан қоса келе, бүгінгі ұпайларды қосып нақты жеңімпаз анықталды. Біз әділқазылармен жеңімпаздарды тандау кезінде ешқандай қиындық туған жоқ. Ойларымыз бір жерден шықты”, – “Жайдарлы Жастар” қоғамдық қорының директоры. Әділ қазылар мүшесі Марғұлан Бәкір.
Ақбота Ықыласова байқаудың жеңімпазы атанды.
“Шыны керек бас жүлдені күтпедім, бірақ мен бұған барымды салып дайындалдым. Бұған дейінгі байқауда бірінші орын алдым, міне, бүгін бас жүлдені иелендім. Байқауда маған ешқандай қиындық соққан жоқ, өйткені кішкентай кезімнен өнерге құштармын. Мені қолдап келген жандарға алғысым шексіз!”, – дейді байқау жеңімпазы.
Бұл екі іс-шара да Қостанай облысының мәдени өмірін жандандырып, тұрғындарға жарқын естеліктер сыйлады. Көпшіліктің назарына іліккен жағымды оқиғалар облысымыздың мәдени дамуына қосылған үлкен үлес болып қала бермек.
Ділназ Сантайқызы
Суреттерді түсірген Ернұр ӘУЕЗХАН