Абай заманынан бері қазақ ғаламдық өзгерістерді басынан өткерді. Дей тұрғанмен, Абай шығармаларына өзек болған тақырыптар мәңгілік. Осы тұста Абай шығармашылығы несімен өзекті, несімен өміршең деген сауал барша қауымды толғандырары сөзсіз. Бұл жайлы облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина ұлы дана бабамызға арналған ашық дәрісінде кеңінен тоқталды.
Қырмызы Сапарқызы қоғамның жақсылы-жаманды жақтарын Абайдың он жетінші қара сөзімен салыстыра талдап берді.
«Жан мен тәннен жаратылған адамзат баласының рухани өмірінде ажырамайтын діңгекті мәселелер Абай шығармаларына арқау болған. Данышпан бабамыз тақырыпқа өзек етіп алған ойларының құдіреті әрбір жеке адамның адамгершілік келбетін таразылайды. Абайды әр оқыған сайын көкірек көзің оянады. Әр сөзіндегі адамдық ұғымдардың жаңа қырлары нағыз өмірден алынған», – деді Қырмызы Сапарқызы.
Ұлы ойшыл он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүректің қасиеттерін дәл сипаттаған. Зер салып қарасақ, жеке үшеуінде де кемшілік бар. Осының басын бір жерге қосып, жүрекке билік бер деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаңдар, жүректі жақтаймын» депті данышпан.
«Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде Абай:
– Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым – сол үшеуінің жөнін білмек, – дейді.
Абайдың қара сөзі мен осы өлеңінің мазмұны бір. Әрине, сөз болуында емес, ақынның оған қалай қарауында.
«Абайдың бұл қара сөзін өз идеясының беріктігін, қандай проблеманы көтерсе де жүйелі түрде қойып, оқырмандарының ой-саналарына жеткізуді ойлантынын, алған нысанасынан таймайтынын көреміз. Әрі ірі гуманист ақын деп танимыз. Ол ақыл парасатының игілігін адам баласының бақыты үшін жұмсауға тырысты», – деп атап өтті Қырмызы Сапарқызы.
«Әкесінің – баласы адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» демекші, Ұлы Абай адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қойды. Әр қара сөзінің жастар үшін де, аға буын өкілдері үшін де тәрбиелік мәні зор. Осы арқылы «Біз қалай өмір сүріп жатырмыз, қоғамға қандай пайда әкеліп жатырмыз, балаларымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз, Абай айтқандай адал өмір сүріп жатырмыз ба?» деген сұрақтарды қоя отырып, өз өмірімізге баға бере аламыз.
«Қоғамда мінезді түзетуге болатынын ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойды, – дейді спикер енді бір сөзінде. – Осы жайында терең түсініп, прогресті идеяға үндеген ол Абай бабамыз. «Егер қолында законы бар кісі болсам, адамның мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім» дегені терең ой салады. Тәрбие жұмысының үлкен мәні барлығын қолдаушы адам ретінде таныта алады».
Расымен, бүгінгі қоғамда үлкеннен ұят, кішіден рақым кетіп, жүректі тазалай алмай ақырында қор болып, ақылы мен қайратын жақсылық пен жамандықққа қатар жұмсап жүрген азаматтар арамызда бар екені жасырын емес. Ақыл, қайрат, жүректі біріктірсе, ғылымды игеруге жол ашылмақ. Абайша айтқанда, «табанының топырағы көзге сүртерлік қасиеті бар толық адам» сол болары шындық. Қорыта келе, Абайдың он жетінші қара сөзі адамды адамгершілікке, адалдыққа, ізгілікке ғылым мен билікті игеруге шақырады. Ақыл арқылы ғылымды ұғып, қайраттың көмегімен адасқанды түзуге жолға саламыз. Жүрек арқылы өзіндік қалпымызды сақтай алсақ, егемендігіміз мәңгілік болатыны сөзсіз.
«Абайдың қарасөздері мен өлеңдері әрбір шенеунік пен қазақстандықтың үстелінде жатуы тиіс деп ойлаймын. Мүмкін сонда белең алған жемқорлық пен Қоғамдағы басқа да кемшіліктеріміз азаяр ма еді?! Бірақ Абайдың кітабы жәй жатпауы керек, ол адам Абайды жүрегіне сіңіре алуы керек. Ойлы көзбен оқи алса, онда ол адам өзін өзі тазалайды. Тазаланған адам жаман іске бара алмайды. Себебі, жүректе, кеудеде тұрған Абайдың ілімі оны оған жібермейді», – деді Қырмызы Сапарқызы.
Қырмызы Сапарқызы кезекті челледждің марафонын облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әлфия Мұсабаеваға табыстады.
Жарыссөзде өңірімізге танымал қолөнер шебері Мұхамедқали Рахалиев мәселенің бәрі ұлттық идеологияға тірелетінін сөз етті. Ол үшін ана тілімізді жоғары қоюымыз қажет.
Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев ұлыларымыздың осы сөздерін дәріс етіп, студенттердің санасына сіңіру керек деп есептейді.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали бұл челлендж әлі де жалғасатынын жеткізді. Осы дәрісті жүргізген Қырмызы Сапарқызына алғысын білдірді.
Абай атамыз айтқан: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» парасат-пайымы толық адамды қалыптастырып, адами қасиетімізді күшейтіп, әр адамның дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануына негіз болсын. Өзінен кейінгілерге өлмейтін сөз, өшпейтін өнеге қалдырған ұлы Абайдың ғибраты ғасырдан ғасырға жалғаса берсін.
Айбек ЖҮЗБАЙ