Сауалдарымызға Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Ерлан Қалмақов жауап берді. Бұл айдарға сіз де үн қосып, сұрақ жолдай аласыз. Whatsapp: +7 771 213 7202.
– Өңірде дін саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Конфессияаралық келісім және толеранттықты нығайту үшін тұрақты негізде диалог алаңын өткізу дәстүрге айналған. Оның барысында діни бірлестіктердің жетекшілері рухани келісім, бейбітшілік, толеранттықты нығайту, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау және мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің өзара әрекеттестігін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланып отырады. Мысалы, 2024 жылғы наурызда Меңдіқара ауданында ислам және православиелік діни конфессиялар көшбасшыларының көшпелі кездесуі өткізілді. Маусым айында Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесінің қатысуымен өңірдегі діни конфессиялар жетекшілерімен диалог алаңы өтті. Шілдеде ел Президенті бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының аясында өңірдің діни ұйымдары жетекшілері мен өкілдерінің қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды. Діни бірлестіктер өкілдері мұндай іс-шаралар халықты, ортақ үйіміздің тұрғындарын тәртіп пен тазалық үшін жауапкершілікке, экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеудің маңызды элементі екенін атап өтті.
Жергілікті деңгейдегі дін саласындағы мемлекеттік саясат «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуда. Қостанай облысындағы діни жағдай тұрақты.
– Деструктивті діни ағымдар қызметінен зардап шеккен азаматтарға және олардың жақындарына көмек көрсету жұмыстары жүргізіле ме? Жүргізілсе қайда, қандай мекемелерге немесе орталықтарға хабарласуға болады?
– Өңірде деструктивті діни ағымдар идеологиясынан оңалту және алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Басқармаға қарасты «Діни проблемаларды зерттеу орталығы» мекемесінің мамандары тәуекел топтарда деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру үшін бәрін түсіндіріп, психологиялық және заңнамалық кеңестер де береді.
Деструктивті діни ағымдар қызметінен зардап шеккен азаматтар Дін істері жөніндегі басқарманың және Орталықтың сенім телефондары арқылы тиісті кеңестер немесе қандай да бір көмек алуға болады. Сенім телефондары: 8 (7142) 39-23-74, 8 (7142) 53-05-44.
Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыс орталығында «Қостанай облысының психологтар қауымдастығы» ҚБ жанында «Деструктивті діни ағымдар қызметінен зардап шеккендерге көмек орталығы» қызмет атқарады. Онда стационарлық-консультациялық бөлім жұмыс атқарады, көмек орталығына жүгінген тұлғаларға уақтылы және сапалы консультациялық, психологиялық, заң көмектері көрсетіледі. Жат пиғылды діни ағымдардың қызметінен зардап шеккен азаматтардың өтініштері де есепке алынады. Орталықтың «Стоп-секта» ресми сайты жұмыс істеп тұр. Мекенжайы: Қостанай қаласы, 1 Май көшесі, 151 «а» үй, 3-кабинет; сенім телефондары: 8 701-066-3131, 8 771-429-4221.
– Бас бостандығынан айырылған азаматтарды тәрбиелеу жұмысы жалғасып жатыр ма? Ол үшін қандай істер атқарылды?
– Облыстың түзеу мекемелеріне теологтар мен ҚМДБ-ның имамдары жүйелі түрде барып тұрады. Радикалды көзқарастағы бас бостандығынан айырылған азаматтарға теологтар бекітілген, әр жазасын өтеушімен жеке жұмыс жүргізіледі.
Түзеу мекемелеріндегі оңалту жұмыстары барысында облыстық ҚАЖД бірлесіп жазасын өтеушілер арасында қазақстандық қоғам құндылықтарын сіңіру, ұлттық бірегейлікті нығайту және арттыру (идеологиялық оңалту) үшін оқу орындарының ҚХА өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын профилактикалық оңалту жұмыстарына тарту ұйымдастырылған. Сондай-ақ облыстың түзеу мекемелерінің кітапхана қоры ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті ұсынған діни әдебиеттермен толығып жатыр.
Қазақстандық қоғам құндылықтарын сіңіру, дінаралық келісімді нығайту мен діндар азаматтардың толеранттылық пен патриотизм сезімдерін тәрбиелеу мақсатымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен жобалар шеңберінде жазасын өтеушілер арасында мәдени және спорттық-бұқаралық іс-шаралар да өткізіліп тұрады.
– Өңірде дін саласындағы маман тапшылығы бар ма? Кадр даярлау қалай жүзеге асырылады?
– Жоғары білімді мамандар даярлау тапсырыс аясында дін саласы бойынша «исламтанушы» және «дінтанушы» мамандықтары бойынша жергілікті бюджеттен грант бөлу қарастырылған.
2024-2025 оқу жылына жоғарғы оқу орындарында исламтанушы және дінтанушы мамандарын даярлауға облыстық әкімдіктен 2 грант бөлінген. Грант оқуды тәмамдағанша облыстық әкімдік тарапынан төленеді. Биылғы грант иегерлері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алатын болады.
– Шетелдің діни оқу орындарында білім алу мәселесі қалай реттеледі, жалпы шетелде діни білім алуға бола ма?
– Жоғары діни білім беретін отандық діни оқу орындары жеткілікті. Бүгінде елімізде 14 діни оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде: ислам бағыты бойынша – 12.
Шетелде ұсынылмайтын оқу орындарында рухани білім алу кезеңінде оқушыларға деструктивті идеологияның әсер етудің жағымсыз салдары мен ықтимал тәуекелдері бар. Қазақстан азаматтарының шетелде рухани білім алу процесін ретке келтіру үшін өзінің теологиялық бағыты бойынша Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде қолданылатын дәстүрлі дінге барынша жақындатылған және ұсынылатын шетелдік теологиялық оқу орындарының тізбесі қалыптастырылған. Осы тізімде көрсетілген шетелдік теологиялық оқу орындарында рухани білім алу ұсынылады.
Аслан ҚАНҒОЖИН