“Қостанай таңы” газетінің ұжымын демеушілер марапаттады

“Қостанай таңы” газетінің ұжымын демеушілер марапаттады

Биыл “Қостанай таңы” газетінің құрылған күнімен тұспа-тұс келетін ұжымның кәсіби мерекесі ерекше форматта өрбіді.

Газет ұжымы мен ардагерлері, ҚМДБ облыстық өкілдігі мүшелері, журналистер арасында өткізілген байқаудың демеушілері мен комиссия алқасы, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры, «Ауыл» партиясы, «Әйелдер күштері альянсы» және өңірлік БАҚ өкілдері дөңгелек үстел басында жиналды.

Жиынға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали қарт басылымның қазіргі тынысына ерекше баға беріп өтті.

“Ғасырдан астам тарихы бар басылым, Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, халықтың тілі, құлағы һәм көзі болып, бірге жасап келе жатыр. Басылым заман ағымына байланысты қағаз түрінде ғана емес, электрондық нұсқасы көшке ілесіп, халық ақпарат көзін уақытында алатындай үздік дәрежеге жетті. Бұл кешегі аға буын өкілдің салып кеткен жолы мен бүгінгі жас журналистердің орасан еңбегінің нәтижесі”, – деді Ринат Мұхаметқали.

“Қостанай таңы” газетінің ұжымына арналған облыс әкімінің Алғыс хаты балысымның директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызына  табыс етілді.

Абыз ақсақал, қарт майдангер, мәдениет қайраткері, «Қостанай таңы» газетінің ардагер журналисі, ғасыр жасаған ардақты Қасымхан ата Алдабергенов жиналған қауымға ақ батасын берді. Басылым туралы пікірін айтты.

“Кеңес кезінде басылымға деген талап басқа болатын. Материалдар белгілі бір мөлшермен қасаң басталып, қасаң сөздермен аяқталатын. Қазір қарап отырсақ, газет беттерінде еркіндік пайда болды. Қойылатын тақырыптарына қарап отырып та тәнті боламын. Қазір ұжымдағы жас буын шетінен жақсы мамандар. Бұл біздің егемен ел болғанымыздың арқасы. Журналист осылай еркін көсілуімен қатар, үнемі ізденісте болуы қажет. Ол үшін адамның миы бірыңғай қозғалысты талап етеді”, – деді ардагер.

«Қостанай таңы» газетін көп жыл басқарып, басылымның көшін өрге сүйреген, дамып-жетілуіне еңбек сіңірген құрметті азаматтар да жиынның төрінен табылды.

Олар – Қазақстанның құрметті журналистері, қабырғалы қаламгерлер, ұлт руханиятының жанашырлары Жайберген Болатов пен Жанұзақ Аязбеков.

Қарт басылымның ардагерлері Дамир Әбіш пен Ермекбай Хасенов ой-пікірлері мен естеліктерін ортаға салды.

«Қостанай таңы» газетінің үздік мамандарына атаулы сыйлықтар табыс етілді. Бұл марапаттар өңір баспасөзінде жарқын із қалдырған, қаламгерлігімен елге танылған белгілі тұлғалардың атында.

“Жиынымызға «Қазақ журналистикасының қоғамдағы беделі, ұлт баспасөзіне деген сұраныс деңгейі, оны арттыру жолдары» деген тақырыптың қойылуы бекер емес. Өңір баспасөзінің қарашаңырағына айналған, ғасырлық тарихы бар «Қостанай таңы» газеті қашаннан-ақ ұлт руханиятының, тіл мен ділдің шырақшысы болып келеді”, – деді «Қостанай таңы» газеті редакциясы» ЖШС Директор-Бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы құттықтауында.

«Қостанай таңы» газетінің негізін қалаушы көрнекті тұлғалар – Бейімбет Майлин мен Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлықтарды «Тобыл» футбол клубы тағайындады. Бұл сыйлықтарды клубтың баспасөз хатшысы Қасқырбай Боранбайұлы табыс етті. Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлықтың иегері – «Қостанай таңы» сайтының редакторы, «ТүзеТілді» жобасының авторы Жандос Жүсіпбеков. Жандос Балғынбекұлы – белгілі ақын, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бейімбет Майлин атындағы сыйлық биыл Айбек Жүзбайға бұйырып отыр. Ол редакцияда өзін әртүрлі қырынан көрсеткен маман: фотограф, корректор, ал бүгінде сайт тілшісі. Айбек Ғалымұлы, әсіресе, төтенше жағдай кезінде табанды еңбегімен көзге түсті.

Биыл ақын, аудармашы, журналист Ғаббас Жұмабаев атындағы қор да үлес қосты. Қаламгер 1924 жылы 5 мамырда Қостанай облысы Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Оның өмірі «Қостанай таңымен» де байланысты. 1947-1955 жылдары облыстық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, әскери міндетіне адалдық танытқан жауынгер. Биыл майдангер ақынның туғанына 100 жыл толуына орай, ұрпақтары Ғаббас Жұмабаев атындағы сыйлықты редакцияның екі қызметкеріне тағайындап отырған жайы бар. Марапатты иелеріне соғыс ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Қасымхан ата Алдабергенұлы мен қаламгердің немере інісі Балтабай Қабжанұлы Жұмабаевтың жұбайы табыс етті. Ғаббас Жұмабаев атындағы сыйлық бас редактордың орынбасары Аслан Қанғожинге берілді. Аслан Жақсылықұлы журналистика саласында 17 жыл қызмет етіп келеді. «Қостанай таңы» газетінде 2022 жылы ұйымдастырылған жазба айтыстың жеңімпазы.

Ғаббас Жұмабаев атындағы екінші сыйлық газеттің тілшісі Айтолқын Айқадамоваға табысталды. Айтолқын Көкенәкиқызы қарашаңырақта жиырма жылдан артық жұмыс істеп келеді.

Былтыр бастамамызға алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген «Қазақстан әйелдерінің күштері альянсы» Қостанай облысы өкілдігі биыл да сыйлық тағайындап отыр. Белсенді бірлестік өкілдері биылғы сыйлықты қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш журналист Нәзипа Құлжанованың атымен атапты. Марапатт иелеріне Қазақстан әйелдер күштері альянсы Қостанай облысы өкілдігінің мүшесі Келбет Бірмағанбетқызы Мырзабекова сыйлықтарын табыс етті. Нәзипа Құлжанова атындағы сыйлық газеттің шеф редакторы Қарлығаш Оспановаға берілді. Қарлығаш Маратқызы да осы басылымда жиырма жылдан артық қызмет етіп келеді. Ахаң атындағы оқу орнын тәмәмдаған соң, еңбек жолын «Қостанай таңынан» бастаған. Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тобыл-Торғай аймағында қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген жерлесіміз Еренғайып Әбдіхалықов ағамыз – журналистика саласының да майталманы атанған тұлға. «Сыр сандық», «Ақжол», «Батпаққара», «Шұғыла» газеттерінде редактор болып, Аманкелді ауданында құрылған «Қазақ тілі» қоғамын да басқарған еді. Өмір жолының осы кезеңдерінде ол өзін нағыз кәсіби маман ғана емес, ұлт руханиятының жанашыры ретінде де көрсете білді. Мінекей, бүгін осынау қайраткердің ұрпақтары арнаулы сыйлықтар тағайындап отыр. Марапат иелеріне сыйлықтарды Әбдіхалықовтар әулетінің атынан Еренғайып ағамыздың немересі Ибраһим Нұрлыбекұлы табыстады. Еренғайып Әбдіхалықов атындағы алғашқы сыйлық 50 мың теңге иегері – газеттің тілшісі Сералы Мырзабай. Сералы Раманұлы басылымның құқық саласы бойынша түрлі тақырыпты жан-жақты қамтып жазып жүрген журналист. Қостанай, Рудный қалаларымен, Жітіқара ауданымен тығыз байланыс орнатып, ақпараттандыру жұмысын белсенді жүргізеді.

Еренғайып Әбдіхалықов атындағы келесі сыйлық – 75 мың теңге иесі газеттің тілшісі Шұға Қоңқабай. Ол газетте жиырма жылдан астам жұмыс істейді. Бүгінде отбасы құндылығын насихаттауға арналған «Әйел әлемі» атты жобасын іске асырып келеді. Қамысты, Ұзынкөл аудандары мен Лисаков қаласына қатысты ақпараттың бәрі басылым бетінде Шұға Аңсағанқызының қолтаңбасымен жарқырап шығып жүр.

Еренғайып Әбдіхалықов атындағы басты сыйлық – 100 мың теңге. Бұл сыйлыққа «Қостанай таңының» Арқалықтағы меншікті тілшісі Мұрат Жүнісұлы лайық деп танылды. Мұрат Жүнісұлы журналистика саласында отыз жылдан артық тер төгіп келеді. Арқалықтың жылт еткен жаңалығын қалт жібермей жазып жүрген қаламы жүйрік журналист. Ол, әсіресе, төтенше жағдай – су тасқыны кезінде өте белсенді жұмыс істеді.

«Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағайындаған жүлде газеттің желілік инженері Денис Власенкоға табыс етілді. Денис Николаевич компьютер орталығындағы барлық жұмысқа жауапты маман. 2008 жылдың желтоқсан айынан бастап «Қостанай таңында» желілік инженер болып қызмет етіп келеді.

«Қостанай таңының» тұңғыш нөмірі 1922 жылдың 25 маусымында басылып шыққан. Газет алғашқыда «Ауыл» деп аталған. Сондықтан, бұл іс-шараға «Ауыл» партиясының үлес қосуында үлкен символдық мән бар. Партияның облыстық филиалы басшысы Нұркелген Әбдірашұлы биылғы іс-шараны қолдауға ниет білдірген алғашқылардың бірі. Сыйлық қорына берілген қаржы қызметкерлерді ынталандыруға және іс-шараны гүлмен көркемдеуге жұмсалып отыр. Олай болса, «Ауыл» партиясы тағайындаған сыйлықпен «Қостанай таңы» газетінің фототілшісі Бағдат Ахметбеков марапатталды. Бағдат Төлебайұлы мектепте мұғалім, телеарнада оператор болып та жұмыс істеген. Бүгінде облыстық газетте фототілші. Ол, сондай-ақ облыстық мешіттің медиа саласын дамытуды қатар алып жүрген кәнігі маман.

Келесі сыйлық газеттің екінші фотографы Бердіболат Ғабдуллинге табысталды. «Қостанай таңындағы» еңбек жолын корректор болып бастаған. Қазіргі таңда Бердіболат Сағындықұлының суреттерін өңірдегі көптеген басылымнан, интернеттегі ақпарат көздерінен көре аласыздар.

Көктемгі тасқын кезінде елге шынайы жанашырлық танытқан азаматтар көп. Солардың басын біріктірген ұйымдарың қатарында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры да бар. Табиғат апаттан зардап шеккен халыққа көмек үшін миллион теңгеден артық қаржы жинап, керек-жарағын алып беруге еңбек сіңірді. Қор тағайындаған жүлде ұжымдағы екі қызметкерге берілді. Тасқын кезінде белсенді жұмыс істеген қызметкерлердің бірі – газеттің Аманкелді ауданындағы меншікті тілшісі Айбек Таңатбаев. Ол туған елінде еріктілер штабын құрып, елді жедел ақпараттандырып отырды. Тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты, басылымның әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы кері байланыс орнатып, оны газет бетінде, сайтында жарыққа шығарды.

Газетте жұмыс істейтін тағы бір жас әрі талапты маман – Нұрсұлу Алмат. Оған да қоғамдық қордың жүлдесі табысталды. Нұрсұлу Ахаң атындағы университеттің түлегі. Сондай-ақ, жақсы оқып, ерекше көрінген ол осы басылымда талай жыл еңбек еткен Байтұрсын Ілияс атындағы стипендия иегері атанған.

Сондай-ақ басылым мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен бірқатар әріптесімізге Алғыс хат табыс етілді. Алғашқы Алғыс хат иесі – Алма Атымтаева. Құрметті әріптесіміз қарашаңырақта ұзақ жыл еңбек етіп келеді. Бүгінде менеджер қызметінде. Келесі Алғыс хат иегері – Балжан Медебаева. Басылымда 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәнігі маман. Балжан Сейітқанқызы да бүгінде менеджер болып қызмет атқарады. Басылымды фотомен және видеомен қамсыздандырып, газеттің әлеуметтік желідегі желкенін құлатпай жүрген Бейбіт Нұрмұхановқа да Алғыс хат берілді.

Бейбіт Мейрамұлы мобилографияны меңгерген жас маман. Кез келген басылымның жауапты мамандарының бірі – корректор. Кейінгі жылдары осы міндетті атқарып жүрген маман Жансая Сәбитбекке де Алғыс хат табыс етілді.

Газет мамандарының қатары жас қызметкерлермен де толығып келеді. Жаңа толқын өкілдерінің бірі – Диана Батырбек. Жас та болса қаламы қалыптасып қалған тілшіміз болашағынан зор үміт күттіреді.

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсіргендер – Бағдат АХМЕТБЕКОВ, Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу