Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 79 жыл. Ел басына түскен сол бір ауыр жылдар мен қасіретке толы күндер тарих бетінде ұмытылмастай жазылып қалды.
Осынау даталы күнге орай сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібекұлы Жәнібеков бүгінде 100 жасқа толып отыр.
“Біз ол соғысты көргеніміз жоқ. Бірақ, сол сұрапыл жылдар – Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кітаптардан оқып, кинофильмдер көріп, көзі тірі майдангерлердің әңгімелерін, естеліктерін тыңдап өстік. Біздер үшін ортамызда аман-сау жүрген санаулы майдангерлеріміздің әрқайсысының орны ерекше. Екі ғасырдың тірі куәсі Шәңгерей ағаға, Ардагерлер ұйымының атынан құттықтау хат жібердік”, – деп дөңгелек үстелді ашқан «Ардагерлер ұйымы» облыстық филиалының төрағасы Батырбек Ахметов Шәңгерей Жәнібековтің өмір жолымен таныстырды.
Шәңгерей Жәнібекұлы 1924 жылы 15 маусымда қазіргі Қостанай облысы Денисов ауданының Жауғашты ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, буыны қатпай, еңбекке тым ерте араласады. Қайтпас қайраты, мойымас жігері, табанды еңбекқорлығымен сауатын ашып, білімін жетілдіріп, көзге де ерте түсіп, зор сенімге бөленгендігін, жастайынан еңбекқор, ізденімпаз, сергек те сезімтал, қайратты да қажырлы жас болғанын өмір жолындағы деректерден аңғарамыз.
Ол соғысқа шақырту қағазы келген кезде, бозбала шақ, небәрі 18 жаста еді. 1942 жылы медициналық техникумды үздік бітірген жас маманды көп ұзамай әскери бөлімде үшінші дивизияның әскери фельдшері әрі сол топтың комсомол жетекшісі етіп тағайындайды.
Кейіннен 1943 жылдың жазында Тула облысындағы ұрыс қимылдарына қатысады. Белгород пен Украинаның оң жағалауындағы бірқатар қалаларын және Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан. Корсунь-Шевченковский қаласында болып, жорық жолдарын басып өткен. Батыр атамыздың одан кейінгі жауынгерлік жолы Молдова жерінде жалғасты.
Жалындаған жастық оқ пен оттың ортасында өтті. Жау жүрек жауынгер көп ұзамай Украина майданының алға жылжып келе жатқан бөлімшесімен бірге КСРО-ның мемлекеттік шекарасына өтті. Жаудың тізе бүккені туралы хабарды ол Австрия мен Чехословакия шекарасында естіген. Қанды көйлек достарымен бірге Жеңіс күнін қарсы алып, елге аман-сау оралған жауынгер.
Майдангер қарт II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және өзге де наградалармен марапатталды.
Бейбіт өмірде ерен еңбектің үлгісін көрсете білген Шәңгерей атамыз 1947 жылы әскерден босап, Отанына оралды.
«Ардагерлер ұйымы» облыстық филиалының мүшесі Төлеген Шоланов Шәңгерей Жәнібекұлының Қостанай облысы, Рудный мен Қостанай қалаларында жасаған қызметтеріне тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
“Елге келген соң қызметтік жолын Қостанай аудандық Денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, кейіннен осы ауданда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып жемісті еңбек етті. Қолынан бәрі келетін азамат көп ұзамай өз ортасының мақтанышына айналды. Көптің алғысын арқалап жүріп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды”, – деп атап өтті Төлеген Шоланов.
Өз тұсында Шәңгерей Жәнібекұлының тікелей қатысуымен мәдениетті дамыту, халыққа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт саласындағы көптеген мәселелер шешілді.
«Ардагерлер ұйымы» Қостанай қалалық филиалы төрайымының орынбасары, «Ардагерлер ұйымы» облыстық филиалының мүшесі Раушан Байсарина
Шәңгерей Жәнібекұлының өте әділ адам болғаны жайлы айтты. Жан ұясымен кезінде араласып тұрған.
“Майдангер қарт зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шетелдегі қазақтармен мәдени байланыстарды дамытумен айналысатын «Қазақстан» республикалық қоғамдық қорын басқарды. Сол кезде жанұясымен араласып тұрдық. Өте жақсы адамдар. Өткен ғасырдың от пен оғын көрген қарт майдангер жаңа ғасырдың шуағына бөленіп, немере-шөберелерінің қызығына, қуанышына кенеліп, әр күніне, арайлап атқан таңына шүкірлік етуден жалыққан емес. Сол кездері соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2001 жылдың наурызына дейін осы Кеңес Президиумының мүшесі болды. Бір дәуірдің көзін көрген Шәңгерей Жәнібекұлының өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, тағылым мен тәрбие деуге әбден лайық”, – деді Раушан Байсарина.
Еске сала кетейік, «О пройденном пути и попутчиках» атты еңбектің авторы, сондай-ақ қазақ елінің рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға қосқан зор үлесі үшін «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.