Еліміз дінаралық және этносаралық татулықтың айқын көрінісін танытып, әлем дінбасыларының басын қосып келеді. Сондай-ақ, рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуде Қазақастан маңызды рөл атқаратынын танытты.
Оған дәлел – Елордада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде қабылданған декларация. Тұжырымдаманың маңызы жөнінде ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Қылмыстық-атқару жүйесінің экстремистік идеологияға қарсы тұру бойынша мамандарды даярлау орталығының бастысы, полиция подполковнигі Мырзабек Тұйғанов өз ойын айтты.
– Мырзабек Сардарбекұлы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің тұжырымдамасы – Қазақстан халқының бейбітсүйгіштігінің көрінісі деген пікірге не алып-қосарыңыз бар?
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бейбітсүйгіштік пен көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып келеді. Бұл қағида әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде де айтылды. Қазіргі таңда съезд негізгі құжаттары бар толыққанды жаһандық құрылымға айналды. Оның ішінде, 2023-2033 жылдарға арналған “Әділетті және қауіпсіз әлем үшін діни көшбасшылар” атты даму тұжырымдамасы ерекше орын алады. Алғаш 2003 жылы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары үстел басына жиналып, қазақ даласының тарихи діни және этникалық көптүрлілігін мойындады. Қазақстан осы дәстүрді жалғастырып, барлық діндер және халықтармен диалог орнатуға ұмтылып келеді. Ел ішінде 18 конфессия мен мыңнан астам діни ұйым бірлік пен келісімде өмір сүріп жатыр.
– Ең алдымен ашықтық қажет тәрізді. Әлемдегі жағдай күрделеніп барады. Осы тұрғыдан алғанда жиынның маңызына тоқталсаңыз.
– Дұрыс айтасыз, әлемдегі қазіргі жағдай өте күрделі. Екі немесе одан да көп субъектілер арасындағы қарым-қатынасты орнату қиынға соғуда. Ал мұндай жағдайда тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте маңызды. Диалог алаңдары тұрақты түрде құрылып, әртүрлі мәселе тиімді шешілуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, конфессияаралық диалогтың орны ерекше. Ол мәдениет және өркениетпен байланысты. Діни көшбасшылар діндарлардың ғана емес, өздеріне сенетін халықтың да айнасы. Кейбір дәстүрлі қоғамда діни көшбасшылардың қоғам өміріне әсері ресми билік институттарынан да асып түсуі мүмкін. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өте маңызды рөл атқарады. Тұжырымдаманың 1.5 тармағына көз жүгіртсек, «Конфессияаралық диалог ашықтық, төзімділік, өзара құрмет, теңдік принциптеріне негізделуі тиіс және барлық діндердің бейбіт қатар өмір сүруі мен жемісті ынтымақтастығының жолын ұсынуы керек. Бұл басқа диалог түрлеріне, соның ішінде саяси және әлеуметтік диалогқа үлгі болуы қажет», – делінген. Осылайша, съезге қатысушылар конфессияаралық диалог принциптерінің кез келген диалог түріне жарамды екенін растайды. Съездің қорытындысы бойынша қабылданған «Конфессияаралық диалог принциптерін» талдау әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары әрбір діннің диалогқа ұмтылуын олардың ішкі мәні ретінде мойындайтынын көрсетеді. Бұл қазіргі жағдайларда маңызды болып отыр. Съезд өзінің жиырма жылдан астам тарихында конфессияаралық диалогтың бүкіл әлемнің болашағы үшін маңыздылығын көрсетті. Геосаяси жағдай мен жағымсыз үрдістерді ескере отырып, алдағы онжылдықта съездтің миссиясы – әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасында өзара түсіністік пен құрметті нығайту, сондай-ақ әділетті, қауіпсіз және жарқын болашақты құруға жәрдемдесу үшін рухани дипломатия әлеуетін іске асыру қажет. Съездтің шынайы діни сипатын көрсететін маңызды механизмдерінің бірі – рухани дипломатия деп айтар едім.
– Қазақстанның алдағы жүріс бағдары қандай болмақ? Нендей жоспарлар міндеттелді?
– Тұжырымдама съездің миссиясын бүгінгі жағдайға нақты әсер ету ретінде айқындайды. Сондай-ақ, съезд декларациясын Қазақстанда және халықаралық деңгейде іске асыру және ілгерілету жөніндегі Жол картасын бекітеді. Рухани дипломатия негізінде әртүрлі қауымдастықтар мен ұйымдар өзара әрекеттесу аясын кеңейту үшін волонтерлік жұмыс бағыты, жас діни көшбасшылар форумы, съездің ізгі ниет елшілері құрылуда. Осылайша, Қазақстан діндер, халықтар мен мемлекеттер арасындағы диалог қағидаттарына негізделген жаһандық маңызды бастамаларды әзірлеу және іске асырушы орталық болып қала бермек. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің тұжырымдамасы қақтығыстардың алдын алуға, тұрақты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға бағытталған сындарлы конфессияаралық өзара әрекеттесудің миссиясын орындайды. Съезд тұжырымдама – бұл рухани дипломатия негізінде теріс әлеуметтік үрдістерді шешудің заманауи көзқарасы және бейбіт өмір сүрудің жаңа идеяларын әзірлеу құжаты. Сонымен қатар, Қазақстанның бейбітсүйгіштік саясатының, сондай-ақ қазақ халқының бірілгі мен төзімділігінің айқын көрінісі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жанболсын НОҒАЕВ
Суретті ұсынған кейіпкер