Суретші-қолөнерші Арлан Аңқауовтың ерекше қолөнер бұйымдары көпшілікке жақсы таныс. Оның «Arlan Design» студиясы балаларды тәрбиелеп, баулиды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында шебердің «Бабалар ізімен» атты көрмесі ашылып, бұл жолы тек өзінің ғана емес, шәкірттерінің де жұмыстары қойылды.
Көрменің көктем мерекесі Наурыз қарсаңында ашылуы да тегіннен емес. Суретші-қолөнерші көп жылдардан бері ұлттық тақырыпта табиғи өнімдермен жұмыс істеп жүр. Автор халықтың қолданбалы өнерінің дәстүрлерін ұстана отырып, ұлтымыздың алуан түрлі көркем мұрасын өз шығармашылығына енгізе білген. Суретшінің ерекшелігі өз туындыларына шикізатты қолданады. Негізгі материал – қойдың жүні. Жұмысқа материал ретінде қой жүнін таңдау бекер емес. Шебердің анасы да ісмер. Балдырған Аңқауова – кілемші. Ол кісінің қолынан шыққан кілемдерде ос қой жүнінен тоқылған. Сондықтан болар Арлан Аңқауов осы материалды таңдап алып, шығармашылығының символды ретінде таңдап алған, әрі бұл тың технологияны өзі ойлап тауып, патенттеп алған.
Көрмеге қойылған жұмыстардан ұлттық болмыстың лебі еседі. Көрермен оның туынжыларынан гүлді шөптердің хош иісі аңқыған жазғы кең даланы, жабайы, жылдам жүгіретін немесе жайбарақат жайылып жүрген жануарларды, көшпелі өмірдің жарқын нышаны саналатын даладағы тұрғын жай – киіз үйлерді, туған халқының бүкіл болмысын ашатын тағы басқа да дүниелерді көре білді.
Ағайынды Аңқауовтардың бәрі шебер десе де болады. Олар 2011 жылы «Arlan Design» авторлық дизайн студиясын ашып, шығармашылық жұмыстарымен ұлттық үйлестіктегі заманауи интерьерлерді әзірлеуге пайдалана бастады. Оның сыртында Арлан ағаларымен бірге галерея мен қолданбалы өнер студиясын ашқан. Мұнда шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулиды. Оның шәкірттері суретші жасаған авторлық технология бойынша картиналарды орындауда көркем шеберлікті үйренеді. Көрмеде шәкірттердің жұмыстары да қатар-қатар қойылды.
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.