Лисаков қаласында Наурыз мерекесі қарсаңында әншілер бақ сынап, думанды кеш өткізді. Бұл жоба «Сахналық жекпе-жек» деп аталады. Өнерпаздар жергілікті композиторлардың әндерін дәріптеп, орындаушылық шеберліктері мен шығармашылық белсенділіктерін арттырды. Үміткерлер – аға буын әншілер. Байқауға облыс көлемінен үміт артып келгендер көп болды.
Алтынсарин, Аманкелді, Науырзым, Федоров, Қамысты, Әулиекөл, Денисов және Меңдіқара аудандарынан, сондай-ақ Рудный, Арқалық және Лисаков қалаларынан барлығы 12 қатысушы келіп, жеребе бойынша сахнаға шықты. Байқау үш кезең бойынша өтіп, таланттылар сынға түсті. Байқауды облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды, жоба жетекшісі әрі авторы, орталық қызметкері – Мұрат Нағашыбай.
–Наурыз мерекесі қарсаңында әншілер бақ сынап, сахна төріне шықты. Мұндай байқау жылда дәстүрлі түрде өтеді. Барлық үміткерлер жақсы дайындалып келген. Байқаудың басты шарты жергілікті сазгерлердің әндерін орындау болатын. Осы талапты барлық қатысушылар ескерген, – дейді орталықтың қызметкері Гүлнар Молдашева.
Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды Науырзым ауданының әншісі Сәулет Мырзатаев, 2 орынды федоровтық Сапура Әлібекова және 3 орыннан Арқалық қаласынан келген Жеңіс Жұмағалиев пен Рудныйдан келген Әсел Тасмағанбетова иеленді. Қалибек Деріпсалдин атындағы арнайы жүлде қамыстылық Досбол Қашқымбаевқа бұйырды. Барлық қатысушылар қатысқаны үшін дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.