Бүгін — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні! Қостанайда сала мамандарына құрмет көрсетуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Бұл мереке 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді. Сол уақыттан бері елдің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып жүрген сала қызметкерлері мен өнерпаздарды ардақтау үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. Бүгін де облыс орталығындағы “Жастар сарайында” айшықты мереке ерекше сән-салтанатымен өтті. Ән әуелеп, күй күмбірлеген көркем кеште мереке иелерін облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхамедқалиев құттықтады.
“Сан ғасырдан келе жатқан халық өнері мен мәдениетін сабақтап, өрге сүйреп келе жатқан өздеріңізсіздер. Ұлылар туған өңірдің мерейін асқақтатып жүрген қаншама дарынды мамандарымыз бар. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз мол. Алда да алар асуларымыз зор. Оның бәріне бірге жетеміз деп сенемін!” — деді Ринат Зәкиұлы.
Бұдан соң марапаттау рәсіміне кезек берілді. Облыстың әр түкпірінен жиналған сала қызметкерлеріне жемісті еңбектері үшін құрмет көрсетіліп, сахна төрінде сый-сияпат жасалды. Мереке иелеріне төсбелгілер, алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді.
Жиылған көпшілік мәдениет сарайының кіреберісіне құрылған этноауылды аралап, көркем көрмені тамашалады. Мұнда ұлттық бұйымдардың саудасы қызып, қызығушылық білдірген жұрт әшекей бұйымдарды сатып алып жатты.Көрермен қауым мерекелік іс-шарадан көңілді тарқасты.
Толығырақ газетің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ