Алапат тасқыннан соң балдырғанның әжесімен сағына қауышқан сәті бейнеленген видео әлеуметтік желілерде кең таралып кетті. Жүрек елжіретер көріністің Жанкелдин ауданы Көлқамыс ауылында түсірілгенін анықтадық. Бейнежазба кейіпкері Роза Бектұрғанова есімді зейнеткерге хабарласып, оқиғаның қалай болғанын сұрап-білдік.
Бұл оқиға біз ойлағаннан әлдеқайда қызықтырақ болып шықты. Роза апамыз Даяна есімді бүлдіршіннің туған әжесі емес екен.
«Көлқамыста бірге тұратын қайын сіңілімнің жалғыз ұлы бар. Сол Әулиекөл жағының қызына үйленген. Ал Даяна әлгі келіншекпен еріп келген бала еді. Қайын сіңілімнің қарауында өз балалары, немерелері болғандықтан, жас отбасы «әже, біз қырға кетіп, мал бағамыз, қызымыз сіздің қолыңызда қалып оқысыншы, көмектесіңізші» дегесін, былтыр сәуір айында алып қалғанмын. Әлгі бала көп ұзамай бізге үйренісіп кетті», – деп бастады әңгімесін Роза апамыз.
Осылайша, жұбайы және мүмкіндігі шектеулі қызы үшеуі тұрып жатқан шаңырақ астына тағы бір жан қосылыпты. Жаз бойы бауырларында болған кішкентай Даяна қыс кезінде ата-анасы қырдан көшіп келсе де «әжесінің» үйінен кетпепті.
«Өзі қазір 2-сыныпта оқиды. «Барып келе ғой» деп әр сенбі-жексенбі сайын ғана ата-анасына жіберіп тұрдым. Шыны керек, ол да бізге, біз де оған әбден бауыр басып қалдық, – дейді апамыз. – Сөйтіп жүргенімізде төтенше жағдай, алапат тасқын бәрімізді есеңгіретіп тастағанын көрмейсіз бе? Анасы Торғайдағы интернатқа көшірілетін болған соң «өзің бас-көз бол, мен ауылда қаламын» деп соңына ертіп жібердім. Олардың да емізулі тағы бір сәбиі бар. Бірақ бұлай істемеске амал болмады».
Топан-тасқын Көлқамыстағы үй-жайдың бәрін құрсауына алған күн 27 наурыз болатын. Түні бойы ауылдағы әйелдер мен балалар әуелі Көкалатқа, одан ары аудан орталығына жіберілген. Өйткені Көкалаттың өзі қауіппен бетпе-бет келіп тұрған-тын. Ал бұл кісі шалымен бірге Көлқамыста мал-мүлікті қорғауға қалып, жұрт соңынан қауіпсіз жерге келесі күні ғана барған.
«Көкалаттағы ініміздің үйінде жата тұрдық. Су беті қайтты-ау дегенде, 2 сәуір күні ауылымызға қайтып бардық. Азаматтар қайықпен өткізіп жіберді. Содан бері осындамыз. Ал қауіп әбден сейілгенде Интернатта жатқан көлқамыстықтарды да тегіс тікұшақпен әкеле бастады. Даяна солармен бірге келді. Жарығым, анау жаққа үйрене алмаған ғой. Бейтаныс, ығы-жығы адамдардың ортасы емес пе. Бізді сағынған шығар – тікұшақтан түскен бетте бізді көре сала құшақ жая жүгірді. Өзіміздің де жүрегіміз елжіреп, ботақанды аяп-аялап, бауырға басып қауыштық. Өзіміздің баламыз болып кетті ғой», – дейді тебіренген әже.
Бұл кісілердің үйі су астында қалған. Тұруға жарамсыз. Әзірге көрші қайнысының үйін паналап отыр. Бірақ қырға көшіп кеткен қайын сіңлісінен екі бөлмелі үй қалыпты. Соған кіріп алмақ. Судан аман қалған дүние-мүліктері ауылдағы медпункт гаражында жинаулы тұр екен. Өздері жаңа қонысқа қамданып жатыр.
«Бастысы, бас аман, шүкір, жақсымыз. Қысылтаяң кезде бәрі жан-жақтан көмектесті ғой. Тегін таратылған азық-түліктен де үлесімізді алдық. Үкіметтен де барынша көмек көрсетілетінін естіп отырмыз. Өтемақы алуға өтінішімізді беріп қойдық. Жақында комиссия мүшелері келіп, үй-жайды, жиһаз-мүлікті, барлық шығынды есептеп алып кетті. Барлық қолдау-демеуге алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді Роза апай.
Айта кетейік, Роза апамыз 65 жастағы зейнеткер. Бес баланың анасы, немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже.