Тобыл қаласында азаматтарды қабылдау күні өтті

Тобыл қаласында азаматтарды қабылдау күні өтті

Бүгін Тобыл қаласында Қостанай ауданы әкімі Жансұлтан Тәукенов бастаған билік өкілдері «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін» өткізді. «Астана» спорт кешеніндегі іс-шараға ауданға қарасты барлық елді мекеннің тұрғындары жеке мәселелерімен, арыз-шағым, ұсыныстарымен жүгініп жатыр.

Азаматтарды қабылдау науқаны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Спорт залына жағалай қойылған жиырмадан астам үстелге, аудандағы барлық мемлекеттік орган жетекшілеріне тұрғындар электронды кезек арқылы жүгініп жатыр. Бәріне тиісті сала мамандары қызмет көрсетіп, көкейдегі сауалдарына жауап беруде.

«Қабылдаудың бұл форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін» өткізу оңтайлы шешім болды. Аудан тұрғындарына бұл жөнінде алдын ала хабарланды. Дәл осындай іс-шараны ай сайын өткізуді жоспарға алып отырмыз», – дейді аудан әкімі Ж.Тәукенов.

Халық қойып жатқан сұрақтар сан-алуан – тұрғын үй, тұрмыстық, әлеуметтік мұқтаждық, кәсіпке қолдау сұрау, жол, ауыз су… Әрқайсысына тиісті салаға қатысты толыққанды мәлімет берілуде. Сауалына жауап іздеп келіп, көңілі көншімей кетіп жатқан азаматтар да бар. Мәселен, Раулия Жанашбаева есімді әйел аудан әкімінің өзімен бетпе-бет кездесіп, көзіне жас ала отырып мұңын шақты. Ол қайтыс болған сіңлісінің тұл жетім болып қалған ұлының үйсіз-күйсіз жүргені жанына бататынын айтты. Сонау 2011 жылы үй кезегіне тұрған, бірақ кезектің орнынан жылжитын түрі көрінбейді.

«Сіңілімнің баласы он жасында жетім қалып, ержеткенше мен бағып-қағып өсірдім. Қазір Қостанайда жұмыс істеп жүр. Тапқан-таянғанын пәтерге төлеп күнелтіп жүр. Тұл жетімге зейнетке шыққан мен де еш көмектесе алмаймын. Денсаулығым ештеңеге жарамайды. Осыдан 12 жыл бұрын үй кезегіне 103-ші болып тіркелген еді. Алдымызда әлі 98 адам бар. Бұны қалай түсінуге болады? Себебі неде? Осы кезге дейін үй салынбай жатыр ма? Бұл мәселе ендігіде қалай шешілмек?» – деді әйел.

Ол бұған дейін де әкімдікке талай мәрте жүгінгенін,хат түрінде ғана жауап алып келгенін айтып отыр.

«2019 жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйлер салынды. Бүгінде біздің ауданда коммуналдық , жалдамалы тұрғын үйлер құрылысы жүріп жатқан жоқ. Қазір пайдалануға беріліп жатқан бұндай санаттағы баспаналар жоқ. 2018 жылдан бері «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарында инженерлік желілер тартылып жатыр. Осы аудандарда үйлер бой түзегесін кезекте тұрған азаматтарға тиісті шарттары бойынша беріле бастайды. Сондықтан сіздерге соны күтуге тура келеді», – деп жауап берді.

Сағат 10:00-16:00 аралығындағы мәліметке сүйенсек, қабылдауға ұзын саны 54 адам келген. Аудан әкіміне кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы үй беру мәселесі бойынша 17 адам жүгінген. Аудан әкімінің орынбасары Т.Болатов жер учаскесін алу өтінішімен келген 3 азаматты қабылдады. Орынбасар А.Костюков иесіз иттерді аулау жөнінде 7 адамның шағымын тыңдаған. Орынбасар К.Қасқабаев 3 тұрғынның әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі сұрақтарына жауап берді. Қабылдау кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу