Адамзат тіршілігі табиғатқа қашанда тәуелді. Қыста қар мол болсын деп тілейміз. Көктемде су жақсы тасыса екен, барлық аймаққа жайылса екен деп тілеп отырамыз. Жаз жаңбырлы болса екен, егініміз, шөбіміз бітік шықса екен деп алладан жалбарынып сұраймыз.
Жылдың төрт мезгілі әр жылда әртүрлі болып келеді. Кейбір жылдары қатты, кейбір жылдары жұмсақ болады.
Өткен жылдың жазы қуаңшылықпен басталды. Сол кезде егін, бақша егетін, кәсіп қылатын азаматтар біраз қиналды. Тасаттық беріп, жауынның жаууын тіледік. Күзде жаңбыр көбейіп кетіп, егін жинауға кедергісін келтірді. Халық күзде жауынның мол болуын тілейді. Себебі, ылғал мол түссе жерге тоң көп жиналады. Бұл көктемгі егіннің жақсы шығуына бірден бір қажеттілік.Күзде мол жауған жаңбыр бүкіл ойпаттың бәрін суға толтырды. Кейін қатты аяз болып жер қатты. Қалың қар түсті. Ол еріп жердің бетін көк айна көк мұз қылды.
Ертеде малшылар көктем туысымен малын қырға шығарып, су тасқыны кезінде шығын бола бермейтін. Тасқын су да араларына он-онбес күн уақыт салып, алдымен қардың суы, одан кейін қызыл су, содан соң барып тасқын су келетін. Биыл соның бәрі қабатасып кетіп, топан суға айналды. Ағыны қатты су тоң болып жатқан жердің бетімен сынаптай сырғып, жолындағысының бәрін сындырып, бүлдіріп, қиратып кетті. Жердің тоңы қалың болғасын су сіңіп үлгірмеді. Күтпеген жерден жойқын су келіп, халық қорғанып үлгіре алмай қалды.
Апатты жағдай барша халыққа салмақ түсірді. Дегенмен, мемлекет бұл салада бірталай жұмыстар істеп жатыр. Ел азаматтары қамқорлық жасап, қолдан келгенше көмектерін беруде.
Бұл су тасқынында біраз халықтың жиған – терген, мал – мүлік, қарашаңырақ үйі суға кетті. «Апат айтып келмейді» деген. Ағайынға айтарымыз, қайырлы шығын болсын. Бұл шығынның арты жақсылыққа, аманшылыққа, береке – бірлікке әкелсін.
«Бір қиындықтың мың жақсылығы бар» деген. Халқымыз аман болсын. Тасқын суды апат деп қабылдау жөн емес. Судың мол болуы ырыс-береке. Бей-берекет ағып жатқан суды қолайлы арналарға бұрып, тоғандар салып, игілікке пайдалану керек. Суы тапшы елдердің суды сақтау, тиімді пайдалану жолдарын үйренейік. Өткеннен сабақ алып, келешек жарқын күндердің мол болуына бір кісідей жұмылайық, ағайын.
Шөптібай Байділдин,
Арқалық қаласының құрметті азаматы.