Қауіп аймағындағы көшелерге мемлекеттік қызметшілер де қолғабыс жасауға барды

Қауіп аймағындағы көшелерге мемлекеттік қызметшілер де қолғабыс жасауға барды

Тобыл жағалауында орналасқан тұрғын үйлерді су басу қаупінен қорғау шараларына мемлекеттік қызметшілер де қол көмегін көрсетті.
Олар Пионерский, Красный кузнец көшелерінің жағалауға жақын тұстарын құм салынған қапшықтармен бөгеп жатыр.

«Әріптестеріміз бірігіп, үй-жайларына су қауіп төндіруі мүмкін тұрғындарға көмектесуді жөн көрді. 200-ден астам мемлекеттік қызметші қолдарына күрек алып, белсенді іске кірісті. Бұл маңайда қауіппен бетпе-бет келіп тұрған тоқсанға жақын үй бар», – дейді облыстық Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Диас Қапышев.

Мәселен, Пионерский көшесіндегі 33-үйдің қора-қопсысына су жақындап қалған.

Светлана Аколупина осы мекенжайда он сегіз жыл тұрып келеді. Ол мұндай қатердің төнгенін бұрын-соңды көрмегенін айтады.

«Ауылдан осы жерге қоныс аударғалы бұл маңайға су жайылғанын көрген жоқпыз. Үй сыртына мынадай көлемдегі көлшік ешқашан жиналып көрмеген. Біз ол жерге жылда картоп егетінбіз. Биыл қалай болары белгісіз. Бүгін маған әкімдіктен арнайы хабарласқанда ерекше қуанып қалдым. Жастар жанын салып көмектерін тигізіп жатыр», – дейді Светлана Аколупина.

 

Облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұқабаева бастаған топ Красный Кузнец көшесіндегі үйлерге қол ұшын беріп жатыр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Біріншіден, біз мына апаттан осы үйлерді сақтап қалуымыз қажет. Мына жерде сол үшін әр саладан азаматтар атсалысып жатыр. Жігіттердің ептілігінің арқасында осы қауіптен аман-есен шығамыз», – дейді Марат Кенжебекұлы.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу